Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, Парламент Мәжілісінің депутаттары, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, этноағарту кешендерінің әдіскерлері және жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.
Салтанатты іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенконың құттықтау сөзімен ашылды.
– «Мың бала» жобасы 2015 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Қазақтану» жалпыұлттық жобасы аясында ұйымдастырылып келеді. Бүгінде бұл жоба әртүрлі ұлт өкілдерінің жастарына қазақ халқының дәстүрін, мәдениетін және тілін үйретуге арналған жақсы бастамаға айналды. Мемлекеттік тіл – бұл жоғары жетістіктерге ұмтылатын, табысты мансабын құратын жастарға арналған «әлеуметтік лифт», – деді ол.
Жобаға қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. 2017 жылы байқауға 252 мың бала қатысқан болса, биыл 271 мың оқушы қатысты. Үміткерлер байқау талаптарына сәйкес эссе, шығарма, диктант жазу және шешендік шеберліктерін көрсету бойынша жарысқа түсті. Марапаттау салтанатына еліміздің барлық өңірінен 48 оқушы мен оқытушы келді.
Леонид Прокопенко жоба жеңімпаздарының арасында Қазақстанның болашақ министрлері, әкімдері, журналистері, дипломаттары мен дәрігерлері бар екеніне сенім білдірді.
– Сіздердің бүгінгі жобадағы табыстарыңыз – бұл бүкіл Қазақстанның табысы. Қазақ тілі мен туған жерге деген ықыластарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді, – деді Ассамблея Төрағасының орынбасары.
Үздік эссе, бейнероликтер авторларына Қазақстан халқы Ассамблеясының марапаттары мен естелік сыйлықтары салтанатты түрде табысталды. «Асыл сөз» мектебі номинациясы бойынша – 18, «Еркін сөйле» – бейнероликтер эстафетасы» номинациясы бойынша – 13, «Тіл мектебі» номинациясы бойынша 16 жеңімпаз марапатталды.
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»