Бүгін Тұңғыш Президент күні мерекесінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов, орынбасары Райфа Сафиоллинова Өскемендегі Ана мен бала орталығына арнайы келіп, мейрамда дүниеге сәби әкелген аналарды құттықтап, сыйлықтар тапсырды.
Бүгін осы орталықта 18 сәби өмір есігін ашыпты. Соның үшеуі егіз екен. Жалпы, облыс бойынша бүгін 30-ға жуық нәрестенің кіндігі кесіліпті (түске дейінгі деректер). Әкімдік қызметкерлері сәбилі болған әрбір ананы палатасына кіріп құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, төсек, автокресло, арба секілді қажетті дүниелерді салтанатты түрде табыс етті.
Палаталарды аралау барысында екі ана ырымдап, жаңа туған нәрестелеріне Нұрсұлтан деп ат қойғанын жеткізді. «Бүгін ерекше күн. Барша облыс тұрғындарын айтулы күнмен құттықтаймын. Мына ғажапты көрмейсіздер ме, Тұңғыш Президент күнінде Ана мен бала орталығында үш егіз бала дүниеге келді. Жалпы, күн сайын өңірімізде 60-қа жуық сәби өмір есігін ашады. Жылына 22 мыңнан астам бала кіндігін кестіреді. Соңғы үш жылда облыста балалар емханаларын жабдықтауға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 4,7 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Семей қаласы мен Аягөз мен Алтай аудандарындағы перзентханаларды үшінші деңгейге көтердік. 50-ге жуық бала дәрігері шет елде оқып келді. Келесі жылы осынша дәрігерлерді тағы да оқуға жібереміз», - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ