«Союз МС-11» басқарылатын кемесі бар «Союз-ФГ» зымыран тасығышы монтаждау-сынақ корпусынан шығарылып, Байқоңыр ғарыш айлағының №1 «Гагарин старты» ұшу алаңына орнатылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.
«Союз МС-11» басқарылатын ғарыш кемесін алып ұшатын «Союз-ФГ» зымыран тасығышы 2018 жылғы 3 желтоқсанда, Астана уақытымен 17:31-де ұшырылады. Старттан бірнеше сағат бұрын басталатын тікелей эфирден экипаждың дайындығын және ғарыш кемесінің ұшырылу сәтін көруге болады.
ХҒС-58/59 экспедициясы негізгі экипажының құрамында ғарышкерлер - Олег Кононенко, Давид Сен-Жак және Энн Макклейн бар. Олардың дублёрлары - Александр Скворцов, Лука Пармитано және Эндрю Морган.
Бүгін, 2 желтоқсан күні Байқоңырда Мемлекеттік комиссияның отырысы болып, онда экипаждың құрамы бекітіледі, кейін ғарышкерлер ұшу алдындағы баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап береді. Баспасөз мәслихатын Роскосмос сайтынан және «ВКонтакте» желісінен тікелей эфирден көруге болады.