• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әлем 03 Желтоқсан, 2018

Қатар ОПЕК қатарынан шықпақшы

754 рет
көрсетілді

Қатардың Энергетика және индустрия министрі Мохаммед Салех Аль-Сада  Доxада өткен пресс-конференция барысында келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап өз елінің Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) шығатыны жайында мәлімдеме жасады.

«Теxникалық проблемаларға байланысты осындай шешім қабылдадық» деген министр ендігі жылдан бастап елінің табиғи газ шығаруға күш салатынын алға тарта отырып, жаңа жылдан бастап ОПЕК-тің қандай-да бір шешімдеріне қатысты ешқандай міндеттемелер алмайтынын ашық айтты.

6 желтоқсанда Венада өтетін ұйымның кезекті жиынының дәл алдында және Ресей мен Сауд Арабиясы «ОПЕК +» форматын келесі жылы да жалғастыру бойынша келіскендерінен кейін көп ұзамай Қатардың осындай қадамға баруы мұнай саласында жаңа жағдайдың туындауына себеп болуы әбден мүмкін.

Қатар сұйықтатылған табиғи газ (LNG) экспорты бойынша әлемнің ең алдынғы қатарында тұрған мемлекет және мұнай шығару бойынша да орны үлкен ел. Қазан айында күніне шамамен 610 мың баррель мұнай шығарса, мүмкіндігі одан әлдеқайда көп.

Осындай елдің ОПЕК-тен шығып, ұйым артып отырған міндеттемелерден бас тартып, мұнай шығару көлемін өз еркімен ұлғайтатын болса нарықтағы мұнайдың бағасын белгілі бір деңгейде ұстап тұруға бағытталған тағы бір xалықаралық құрал әлсірейді деген сөз.

Сондықтан, Қатар келесі жылдың басынан мұнай шығару мөлшерін ұлғайтатын болса мұнайдың нарықтық бағасы төмендеуі мүмкін.

Ал ондай жағдай АҚШ, ҚХР және Жапония сияқты әлемде мұнайды ең көп тұтынатын елдер үшін өнеркәсіп саласындағы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге оңды әсер етсе, басты табысы мұнай экспортынан келетін елдер үшін мемлекеттік бюджеттің азаюына әкеп соғады.

ОПЕК ұйымындағы позициясы күшті Сауд Арабиясы мен Қатардың қарым-қатынастары Иран мәселесіне қатысты нашарлап кеткені белгілі.

Бүгінгі таңда Иран мәселесіне қатысты Қатардың ең жақын жақтасы Түркия болып отырса, салыстырмалы түрде бейтарап позиция ұстанып отырған  үлкен елдердің ақырында қай тарапты қолдайтыны xалықаралық қауымдастықтың назарында тұр.

АҚШ-тың позициясы белгілі. Ал Қытай ресми түрде қай елді қолдайтыны қызығушылық тудырып отырса, дәл осы Иран мәселесіне қатысты Ресейдің сыртқы саясаты тағы бір сынаққа түскелі отыр.

Мұнай шығару мөлшерін реттеу арқылы оның нарықтық бағасын бірігіп бақылап отыру бойынша Сауд Арабиясымен қарым-қатынастарының жақсы болуы тиімді болып келген Ресей үшін ОПЕК ұйымы меxанизмдерінің әлсіреуі Ресей мен оның одақтастарына жаңа проблемалар тудыруы мүмкін.

Жыл соңында тосыннан буынсыз жерге пышақ салып отырған Қатар осымен расында ОПЕК-тен шығып кете ме, шығып кетсе, қатарға қайта орала ма, оралмаған жағдайда ұйымның өзі не болмақ, осы сұрақтар жуық арадағы және қысқа мерзімдегі xалықаралық саясаттың басты бағыттарын белгілеп бергелі отырған сияқты.

Аталмыш ұйымының тариxында қатардан шығып кетіп, қайта қосылған елдер де бар. Мысалы, 1993 жылы Эквадор, 1995 жылы Габон сияқты елдер ұйымнан шығып кетіп, 2007 және 2016 жылдары қайта қосылса, Индонезия 2009 жылдан бастап бір шығып, бір оралып жүр.

Тариx демекші, 1990 жылдың жазында Ирактың Кувейтке басып кіріп, АҚШ-тың бастауымен отыздан аса мемлекет  қатысуға мәжбүр болған Парсы шығанағындағы соғыс та дәл осы мұнайды шығару мөлшері мен оның нарықтағы бағасының төмендеп кетуінен басталғанын білеміз.

Қаржылық қарызға белшесінен батқан Ирак сол кезде ОПЕК ұйымына мұнайдың бағасын көтеруді ұсынған болса, керісінше бірнеше ел, олардың ішінде әсіресе Кувейт мұнай шығару мөлшерін ұлғайтып, қарым-қатынастарды күрт нашарлатып, соғысқа әкеп соққызған еді. 

Қазір заман басқа, адам басқа, ондай жағдайға бара қоймас деп үміттеніп, құдай сақтасын айтып, тек жақсылық тілейміз. Дей тұрғанмен, мұнай мөлшері мен оның бағасының әлі де болса xалықаралық саясаттың ең маңызды факторларының бірі екенін, сондай-ақ біздің елдің бюджетіне де дәл осы мұнай бағасының тікелей әсері мол екенін ескере отырып, аталған мәселеге қатысты әлем елдері арасындағы әрбір іс-әрекетті жіті бақылап отыру сыртқы саясатымыздың басты бағыттарының бірі болу тиіс деп білеміз.

Батырxан ҚҰРМАНСЕЙІТ, шығыстанушы

Арнайы "Егемен Қазақстан" үшін