Тұңғыш Президент күні қарсаңында мерекеге орай «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің күні өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – халыққа Елбасы «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың әлеуметтік саясатының мәнін, оның еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, қоғамдағы халықтар бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған ерен еңбегін насихаттау.
Мерекелік іс-шараға «Нұр Отан» партиясының ардагерлері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы музейінің қызметкерлері, қоғамдық қабылдау бөлмесінде консультативті көмекті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, банк кеңесшілері және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің болашақ саясаткерлері мен әлеуметтанушы студенттері қатысты.
Іс-шараны партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Б.Темірова ашып, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының негізгі ережелері, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы, азматтардың өтініштерін қарау, оң шешілген мәселелер қатарын арттыру тетіктері туралы кеңінен айтып берді.
Сонымен қатар Тұңғыш Президент – Елбасының кітапханасының қызметкерлері қоғамдық қабылдау бөлмесінің ғимаратында көшпелі көрме ұйымдастырды. Қонақтар алдында аталған мекеме директорының орынбасары Г.Ақтаева Елбасының өмір жолынан сыр шертетін тарихи деректер жөнінде айтып өтті.
Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Ж.Мәлібекұлы өз сөзінде мемлекеттік рәміздерге байланысты байқауға 600-ге жуық туындының авторлары қатысқанын және өзінің еңбегі көпшіліктің және Елбасының көңілінен шыққанын тебірене айтты. Партия ардагері, Елбасының бұрынғы кеңесшісі Қ.Тақуов Н.Назарбаевтың тәуелсіздікті нығайту жолындағы тарихи бастамалары турасында естелігімен бөлісті.
Бұдан кейін қоғамдық қабылдау бөлмесінде үнемі консультативті көмек көрсететін үздік мемлекеттік органдар, банк кеңесшілері және заңгерлер марапатталды. Оларға партия хатшысының Алғыс хаттары мен Елбасының өмірі мен қызметі туралы жинақтар табысталды.
Асқар ҚҰМАРБАЙ,
«Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты