Тұңғыш Президент күні мерекесі Шығыс Қазақстанда әртүрлі шаралармен жоғары деңгейде атап өтілді. Облыс орталығындағы мерекелік шаралар легі 28 қараша күні аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өңір мектептерінің оқушыларына арнап Елбасының тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы рөлі туралы оқыған дәрісінен басталды. Облыс әкімі Өскемендегі №46 орта мектепте қала мектептерінің 10-11 сыныптағы 350 оқушысына және онлайн режімде аудан-қалалардағы 1800 оқушыға дәріс оқып, жас буынға Назарбаев феномені туралы ойымен бөлісті. «Есімде ерекше сақталғаны – Қытайға сапар. Шекараны делимитациялау құжаттарына қол қою керек болды. Біздің делегацияны Қытай басшысы Цзян Цзэминь қабылдады. Сол кезде қытайлық көшбасшының айтқаны әлі есімде. Ол: «Қытай елі тарихта ешбір елмен шекарасын шегендеген емес, бұл – біздің ұстанған ішкі-сыртқы саясатымызға қайшы әрекет. Бірақ мен қалыптасқан дәстүрді бұза отырып, Сіздің жеке басыңызға деген зор құрмет пен ілтипаттың белгісі ретінде екі ел арасындағы шекараны белгілейтін осы құжатқа қол қоямын. Қытай тарабының Қазақстанға қатысты ешқандай жер талабы жоқ!» деп келте қайырды. Бұл Қазақ елі үшін үлкен жеңіс болатын! Елбасының кемеңгерлігі – барлық жауапкершілікті өз мойнына ала білуінде», деді Д.Ахметов.
Сондай-ақ осы күні облыста бірқатар әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді және өңірдегі атымтай азаматтар марапатталды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы