• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Желтоқсан, 2018

Алтын жұлдызды ұстаз

1411 рет
көрсетілді

Әйел тағдыры, қоғамдағы орны туралы көп айтылады. Әйелдер бұрын естіп-білмеген маман­дық­тар­ды меңгеруде. Алайда әйелге тәрбиеші, ұстаз болу табиғатынан бұйырған сияқты. Әр ана нәрес­те­сінің алғашқы ұстазы. Білім ұясы – мектебімізді ұлтымыздың алтын бесігі десек, оның бапты болуы­на саналы ғұмырын арнайтын негізінен әйелдер қауымы. Сондықтан 2008 жылы ең жо­ғары «Қазақстан­ның Еңбек Ері» атағы тағайын­далғанда, ал­ғаш­қы ие­гері әйел әрі ұстаз бол­уы бекер емес. Ұла­ғатты ұстаз Аягүл Миразова­ның Елбасы қолынан Алтын Жұлдыз алуын білім саласындағы әйелдер қа­уы­­мына көрсетілген құрмет деп қабыл­дадым. Қуаныш­ты сәтте «Аягүлдің кеудесінде «Алтын жұлдыз» жар­қы­ра­ған күн – бүкіл ұстаздар­дың жұл­дызы жанған күн» дегенім есімде. Шынында, Нұрсұлтан Әбішұлының: «Аягүл Миразоваға беріл­ген бұл жоға­ры награданы елі­міз­дің барша ұстаз­дар қауымы­­ның қызметіне мем­ле­кет­тің көрсе­тіп отырған құр­ме­ті деп білесіздер» деген сөзі ел­де­гі ұстаздар­дың ең­се­сін көтерді. Елбасының қазақ мекте­бі­нің абыройын асқақтатқан, «қазақ мектеп­терінде бі­лім сапасы төмен» деген қара баға­ның жалғандығын дәлел­деп, бала сана­сы­на тіл, тарих, туған жер сияқты баға жетпес рухани құнды­лық­тарды, ғасыр­­лар бойы ұлттық тәрбие­нің қағи­да­лары болып қалып­тас­қан кісілік, адамгершілік, үлкенді сый­лау, әдеп­­тен аттамау, ата жолы, ана тәрбиесі де­ген бек­зат қа­зы­на­мызды бере білуінде екенін іс жү­зінде көрсете алған, яғни қазақ мекте­бінің қоғамда әділ бағасын алуына бүкіл өмірін арнаған Аягүл Миразо­ва­ның елдегі ең жоғары марапатқа ие бо­луы – ұлттық мақтаныш әрі мәртебе. 

Аягүл Төреқызы Жамбыл облы­­­сы­­ның Жуалы ауданы­ның Берік­қара ауылын­да 1948 жылы 15 желтоқ­санда дү­ние­ге келді. Бұл әр қазақтың көңілі­нің тө­рін­де тұратын Б.Момышұлы мен Ш.Мұртаза сынды ұлыларды бер­ген кие­­лі мекен. Аягүл олардың өмірі мен өсие­­тін естіп-біліп, оқып өсті. Өзі сол өңірге бел­гі­лі текті әулеттің ұр­па­ғы. Түп атасы Әулиеата өңіріне бел­­гі­­лі Балта ақын. Бергі аталары Билі­­көл өңіріне сөзі жүрген, отаршы­лар­дан халқының мүддесін қорғау­­дағы қайсар мінезіне сүйсінген жұрты «көкжал болыс» атап кеткен Толым­бек би, ал оның баласы Мираз атасы ел арасында өте сыйлы болыпты. Сол кездің өзінде мүмкіндігінше сауатын ашу­ға әре­кет­тенген. Ақын ата­сы­н­ың өлең­дерін және халықтың ауыз әдебие­тін жақсы білген екен. Өз ортасында бұл кісіні «ауа-райы­ның есеп­ші­сі» деп атап кеткен. Ол кісі қазақы пайым­мен табиғат сырын түсініп, жорамал жасайтын жұлдызшы болыпты. Отырғызған ағаштары мен бау-бақшасы «Мираз атаның емені» деп кейінге дейін сақталыпты. Аягүлдің ата-анасы туралы да замандастарынан жақсы естеліктер қалды. Олардың айтуынша, берекелі, қонақжай, бір-біріне сый­лас­тығы жоғары адамдар екен. Қазақ тек­ті­лік деген ұғымға өте мән берген ғой. Қазақта «Отбасына қарап бала өседі, қара­ғайға қарап тал өседі» деген сөз бар. Бұл халық­тық педагогиканың қоры­на ұлт­тық ұс­та­ны­мы болып кірген. Ата мен әженің, әке мен шеше­нің отбасындағы өнегесі бала­ла­ры үшін өмірлік та­ғы­лым болып қа­лып­тас­а­тыны Аягүл Төреқызының бүкіл болмы­сынан байқа­лады. Осындай бақ қо­нып, ырыс дары­ған от­басында тәрбие­лен­ген жеті баланың бәрі ата-бабасынан келе жатқан дәстүрді сақтап, елінің әлеуетін жақсартуға, қуатын арт­тыру мақсатында еңбек етуде. Олар туған мекенінен қол үзбеген. Он­ың дәлелі – әке ақылымен мешіт салуы, өздері білім алған мектебін күр­делі жөндеуден өткізуі, бабалар ру­хына арнап монумент тұрғызуы, Ұлы Отан соғысының ардагері, оқ пен оттың астында жүріп жеңісті жа­қын­да­ту­ға үлес қосқан әке рухына мереке қар­саң­ын­да футбол, волейбол сияқты спорт түрлерінен дәстүрлі турнир өт­кізіп, ауыл жастарымен кездесіп тұр­уы. Осы дәстүрді кейін балалары да жалғас­тыр­уы мүмкін. 

Аягүл барлық пәнді үздік бағамен оқыды. Дәрі­гер болуды армандаған екен. Алай­да әкесінің және сүйікті ұстазы Сайлаухан Сләмханұлының кеңесімен Тараз пединститутына түсіп, матема­тика пәнінің мұғалімі болып шығады. Бүкіл өмірін бала тәрбие­сі­не арнаған Сләмхан мырза Аягүлдің бойындағы жақсы қасиеттерін, әсіресе оның оқушылар комитетін басқарып, тіпті бастауыш сыныптарда мұғалімге көмекші болып жүретінін байқап, жас қыздың көңілін адамзат тарихындағы ең қасиетті, ең қажетті мамандыққа сәтімен бұрыпты. Бір кездегі шәкірті еңбек жолын өз мектебінен баста­ған кезде бала жа­нын түсі­не­тін ұстаз: «Балалар­ға кешірім­­шіл, мейрімі күн көзіндей, балалар айнала үйіріліп қасынан шықпайтын», дейді. Аягүл ұстаз болуға жаралғандай. Қоғамдағы ең киелі мекеме – мектеп есігін ашқан сәттен өмірлік ұстанымын: «Ұстаз бақыты – шәкіртіңмен бірге қуана білу» деп белгіледі.

Бүгін­де Аягүл Төреқызы «Қазақ­стан­ның Еңбек Ері», «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ор­ден­­де­рі­нің иегері, «ҚазКСР Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызмет­кері», «Білім беру ісінің құр­мет­­ті қызметкері», Ы.Алтынсарин атындағы және «Дарын» медаль­де­рі­нің иегері. Қазақстан педагогикалық ғы­лым­дар ака­демия­сының және Қазақ­­стан гуманитар­лық ғы­лым­дар акаде­мия­­сының мүшесі. Семей қаласы Қазақ инновация­лық гуманитарлық заң уни­верситетінің құрметті профес­соры, Жамбыл облысының, Жуалы ауданы­ның және Алматы қаласының «Құр­мет­ті азаматы». Ұлағатты ұстаз 7, 8, 9 сыныптарға арналған гео­мет­рия оқулықтары мен есептер жи­нақ­­тарының және көптеген ди­дак­­­ти­­калық материалдардың, 300-ге жуық публицистикалық-педа­го­ги­ка­лық мақалалардың авторы, өнер­тап­қыш­тық патент иесі. Ол осы жетістіктерге қа­лай келді? 

Аягүл Төреқызы 1977-1990 жылдары Алматы­да­ғы №86 және №136 мектеп­­тер­де математика пәні­нің мұға­лі­мі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. 1991 жылдың тамыз айында жаңадан құрылған №159 қазақ мектебіне директор болып келді. Бұл Желтоқсан оқиғасынан кейін халық санасындағы үлкен серпілістің әсерінен қазақ тілінде білім беретін мектепке сұраныстың өте жоғары кезі еді. Мектеп Алматыдағы ең алғашқы қазақ мектебі, кейін орыстілді мектеп-интернат болған ескі ғима­рат­та, оның өзінде ел арасында танымал азамат­тар­дың араласуымен еш дайындықсыз аш­ыл­ды. Үлкен бастаманың қиын­шы­лы­ғы бөлек әңгіме. Бүгінде мұнда оқу-тәрбие жұмысын сапалы ұйым­дастыру үшін барлық жағдай бар. Жанынан қосымша жаңа оқу ғи­ма­ра­ты және спорт кешені салынды, арнайы техника­лық құралдармен жаб­дық­тал­ған пән­дік кабинеттер, кітапхана, спорт залы, бассейн, акт залы, асхана бар, жо­ғары талғаммен безендірілген. Осының бәрі Аягүл Төреқызының ұйым­дас­ты­ру қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. 

Біз осы мектептің тыныс-тіршілігін көріп жүр­дік. Оқу министрлігі және Ы.Алтынсарин атын­дағы бі­лім академиясы көрші ғимаратта орналасқан бола­тын. Аягүл Төреқызы бірінші күн­нен өз міндетін орындауға үлкен жігермен кірісті. Жаңа құрылған мектеп­тің алдына қойған мақсаты: «Білім­нің білік­ті­лігін, тәрбиенің тәлі­­мін бере оты­рып, ұлттық үлгі­ден әлемдік білім кеңіс­тігіне шығу». Мектеп ұжымы тола­ғай табысқа жет­ті. Мем­лекетіміздің басты мерекесінің жә­не мек­теп­­тің 10 жылдығында «Рес­публика­лық таңдаулы мектеп» байқауының бас жүлдесін, одан кейін бірнеше рет «Республикалық ең үздік бі­лім ұясы», «Ең үздік педаго­гика­лық ұжым» болды. Ал 2018 жылы қала бойынша өткен «Ең үздік педагогикалық ұж­ым» байқа­у­ын­да тағы да бас жүлдеге ие болып, қа­ла әкімі тағай­ын­даған 22 млн 600 мың теңгенің гран­­тын жеңіп алды. Ширек ғасыр тари­хын­да 171 «Алтын белгі», 178 «Ерекше аттестат» иегері шықты. 123 түлегі «Болашақ» бағдарламасымен оқы­ды. 173 халықаралық ғылыми жоба жеңімпазы, 49 халықаралық және рес­публикалық олим­пиада жеңім­­­пазы болды. Бітірушілердің бәрі дер­лік жоғары оқу орындарына түсті. 2014-2016 жылдары республикада ең жоғары 125 балл жинаған Әсия Марат, Аружан Мейірханова, Рәмзия Оспанова осы мектептің түлектері. 

Аягүл Төреқызының та­быс­та­ры­ның бірі – білікті, ізденімпаз, еңбекқор, педагогикалық мәдениеті жоғары ұстаздар ұжы­мын қалыптастыруы. Бұл мектептің ұстаздары жыл бойы түрлі конкурстарға қатысады. Негізгі бапкер – Аягүл Төреқызы, кәсіби дайындықты ерекше назар­да ұстайды. Сондықтан мектепте 2 – Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, 2 – «Ер­ен еңбегі» медалі­нің иегері, 10 – Ал­тын­са­рин медалінің иегері, 12 – Білім бе­ру ісінің қайраткері, 26 – Білім беру үздігі, 3 – жыл мұғалімі, 3 үздік педагог еңбек етуде. Ұстаздар­дың көбі жоғары санатты, әр бесіншісі – бірінші санатты, 11 ұстаз – екін­ші санатты, республикада озат тәжіри­бе­сі таратылғандар – 43, ғылым магис­тр­лері – 5, қазір магистратурада оқи­тындар – 6. Мұндағы ұстаздар шәкірт­тер­ді білім нәрімен су­сын­датып қой­май, ұлттық педагогикалық ғылым мен білімнің дамуына іргелі үлес қос­ты. Көп жылдар Ы.Алтынсарин атын­дағы білім академиясының тәжіри­бе­лік-эксперименттік алаңы болды. Естеріңізде болса, 1996 жылы Үкімет қаулысымен алғашқы төл оқулықтар шығаруды қолға алдық. Оған дейін қазақ тілі мен әдебиетінен басқасы орталықта шыққан оқулықтардың аудармасы болатын. Алғашқы оқу стандарты мен оқу жоспарларын сол кезде жасадық та, осы мектептің ба­за­­сында тексер­дік. Белгілі ға­лым­­­дар­­­мен бірге осы мек­теп­тің тәжіри­бе­­лі ұстаздары авторлық топтарда оқулықтар мен оқу құ­рал­дарын дайындауға белсенді түрде араласты. Сол үрдіс әлі жалғасуда. Жүзге жуық маман­дардың әр үшіншісі оқулық, оқу бағдарламалары, дидактика­лық, әдіс­те­ме­лік, электронды құралдардың авторы. Осының өзі Аягүл Төреқызының тәлімгерлік қырының көрсеткіші! 

Аягүл Төреқызы күн сайын оқушы­­­ла­­рын қарсы алып, көңілсіз­деу келген бала­­ның жағдайын сұрап, басынан си­пап сөзге тартады. Үлкендер сезе бермес, бірақ бала үшін ата-ананың, ұстаздың мейірімін сезіну өте маңызды. Бала қиналғанда өзінің көңіл күйін осындай кісілермен бөліседі. Яғни, баламен бірге қуану, қиын сәтте көмектесе білудің жөні бөлек. Бірде 1-сынып оқытушысының әңгімесін естігенім бар. Сабақ үстінде оқушысы басқа­ларға маза бермеген соң ұстазы: «Ер­сайын, құрбыларыңа тиісе берсең, Аягүл апайға айтамын» деген ғой. Сон­да оқушы: «Иә, Аягүл апай – менің досым» депті. Әттең, әр оқытушы бала сеніміне осылай ие болса ғой. 

Аягүл Төреқызының ұзақ жылдар мектеп директоры қызметінде алдынан өткен шәкірттері бүгінде әртүрлі мамандық иелері. Бәрі де ел Тәуел­сіз­ді­­гі­­нің нығаюына еңбек ету­де. Мекте­бі­нің, ұстаз­да­ры­ның мақта­­ны­шы­на айнал­ған азаматтар қан­шама! Мәсе­лен, 10 жасы­нан симфониялық оркестрге музыка жазған, бүгінде «Қазақтың Моцарты» атанған, дүние жүзінің жоғары деңгейдегі музыка мамандары ерекше дарын иесі деп таныған, ірі байқау­лардың жеңімпазы, Елбасының «Ең дарынды өнер­паз» кубогының иесі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «Дарын» сыйлығының лауреаты, 13 жасында консерватория студенті, 17 жасында ма­гистрант, 18 жасында магистрлік диссертация қорғап, Италияның Рим қаласындағы Санта-Чечилия академиясының докторантурасы­на қабыл­данған, бірнеше тілді еркін меңгер­ген Рахат-би Төлегенұлы Әбдісағин – Аягүлдің шәкірті. Ал­мат Иген­баев мектепті 15 жасында «Алтын белгіге» бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­­вер­­си­т­етіне тү­сіп, халық­аралық құқық маман­­дығын меңгерді, мем­ле­кеттік қызметте тәжірибе жи­нақ­тап, «Болашақ» бағдар­ла­масымен Лондон университетінде магистратураны бітірген. Қазір Халық­­аралық Астана қаржы орталығының сотында заңгер. Ал балалар жазушысы Зәуре Төреханова былтыр «Ең үздік балалар әдебиеті» номинациясының жеңімпазы атанды. Ұлыбританияның Лондон қаласындағы экономика және саясат ғы­­лым­­дары мектебінің студенті Рүстем Кенже­беков сүйікті ұстазы туралы: «Біздер үшін апайы­­мыз­дың жиі ай­та­тын «Айналайын» сөзі ұстаздық мейі­рім­­нің ажырамас бөлігі сияқты. Аягүл Төреқызының жүре­­гінде шәкірттері мен №159 гимназия ерекше орын алады. Халқымызда кие деген қасиетті ұғым бар емес пе?! Сөзсіз, бүгінде Аягүл Төреқызы гимна­­зия қарашаңырағының киесі де, иесі де болып отыр» депті.

Ерекше қасиеттерінің бірі, адамға жанашырлық білдіріп, көмекте­суге дайын тұратыны. Мәселен, ата-анасынан ерте айрылып, өмірдің қиыншылығын көрген, кішкен­тай ұлын жетектеп Алматыға келген жас маман Шолпан Қисымбетованың тағдыры. Қол үшін берер ешкімі жоқ. Бар байлығы – қыздар педагогика­лық институтында музыка мамандығын меңгер­ген. Сонымен бір кісілердің кеңесімен Аягүлге барады. Аягүл әңгімесін мұқият тыңдап: «Домбы­ра аспабында ойнай аласың ба?» деп сұрай­ды. Шолпан төрде тұрған домбыраны алып, Абай­дың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап береді. Риза болған Аягүл ханым: «Айналайын-ай, ән айт­саң, өзің бір жайнап кетеді екенсің», деп бірден жұмыс­қа қабылдапты. Бүгінде Шолпан директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, композитор, музыка пәні­нің мұғалімі. Кейін Аягүлдің ұсынысымен, сол кездегі қалалық оқу басқармасының басшысы Гүлмира Естайбекқызының қолдауымен Шолпан баспаналы болды. Айтпақшы, қазір әр сыныпта домбырашылар ансамблі, ал мектептің ұлт аспаптар оркестрі бар.

Білім сала­сында ең күрделі буын – мектеп. Аягүл Төреқызы дүние­жүзілік тәжірибеде бар дәстүрлі басқа­рудан көш­бас­шылық деңгейге көтерілген тұлға. Яғни, мұндай басшының шығармашылық зертха­на­сымен та­нысу жас мамандарға қажет-ақ. Кейіпкеріміз Алматы қаласы мектеп директорлары кеңесі­нің төрағасы ретінде де бұл міндетін абыроймен ат­қа­рып жүр. «Еңбек Ері» атағын алып, «Алтын жұл­дызды» кеудесіне тақ­қа­нына да он жыл болып­ты. Содан бері еш өзгеріп, тоқмейілсіп көрген емес. Керісінше, жылдан-жылға қайраткерлік қы­ры айқындала түсті. Ол қоғамда болып жатқан оқи­ға­ларға, елдің, әсіресе, Алматы қаласының саяси-әлеу­меттік өміріне ара­ласып, үн қосып отыра­ды. Адамдық қасиеті, таза­лығы, әділдігі, қара­пайым­ды­лығы, баладай мәз болып қуанып, дана қарт­тай ақылын айтып, қа­мық­қанды жұбатып жүре­тін елгезектігі оның мінез­ге бай екенін көрсе­теді. Ол республиканың күллі мұғалімдер қауы­мына өнегесімен үлгі, тәжіри­­бе­сімен тәлім, тер­ең білімі­мен тағылым көрсе­­тіп келеді. Сонау мектеп қабырға­сында бала­­лық ша­ғын бірге өткіз­ген Жеңіскүл құрбы­сымен қарым-қатынасына кіш­кен­тай да кірбің түспеген. Жеңіскүл де математика пәнінің мұғалімі, ақын. Өзі­нің 120 өлеңін тек Аягүлге арнап, «Біз Аягүл екеуміз» деген кітап шығарған. «Аягүл Төре­қызы мен үшін бітпес жыр, сарқылмас асыл қазына», дейді. Жуырда:

«Айтамын сені ән қылып, Санамда бейнең жаңғырып, Жырыма қосып жазамын, Достығымызды мәңгілік», деп, «Мен сені сағынуға жаралғанмын» деген кітабын да Аягүлге арнапты. Қазақтың «Дос есебі көңілде» деген сөзі екеуіне арналғандай. 

Аягүл Төреқызының ұстаздық өмірінің өте мазмұнды, жемісті болуына қашанда үлкен қолдау жа­сап жүрген отағасы Жұмабай Байнатов мырза. Өзі де осы уа­қытқа дейін жоғары оқу орындарында қан­ша­­­ма студент жастардың белгілі бір маман­дық ие­сі болуы­на аянбай еңбек еткен техни­ка ғылым­да­ры­­ның докто­ры, профессор, «Қазақстанның еңбек сіңір­ген өнертапқышы», «Құрмет» орденінің иегері. Бүгінде балалары Өркен, Айнұр мен Балнұрдан неме­ре сүйіп отырған бақыт­­ты ата-ана. Аягүл Төреқызын мерейлі жасымен құт­тықтай отырып, ізгілікті еңбегінің игілікті қайта­ры­мы өзі айтқандай шә­кірт­терінің қуаны­шы, ата-аналардың алғысы болсын деп тілеймін. 

Шәмша БЕРКІМБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері