Қазақстанда коньки мен велосипед спортының кәсіби дамуына және спорт ғылымының өркендеуіне көп үлес қосқан майталман маман, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Май Ундей Хван туралы сыр.
Қазақ спортының алтын бастауында тұрған майталман маманның бірі әрі бірегейі Май Ундей Хван десек, қателеспейміз. Ол кісі Қазақстан бойынша «КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына бірінші болып қол жеткізді. Сонау 1958 жылы 28 жастағы маман КСРО спортшыларының жыл бойы үздіксіз жаттығу жүйесін жасауға және халықаралық дәрежедегі спортшылар дайындауға, сонымен бірге Қазақстанда жаңа коньки орталығын құруға белсене атсалысқаны үшін осындай мәртебелі атаққа ие болды.
Қазақстанда коньки мен велосипед спортының кәсіби дамуына және спорт ғылымының өркендеуіне көп үлес қосқан майталман маман, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Май Ундей Хван туралы сыр.
Қазақ спортының алтын бастауында тұрған майталман маманның бірі әрі бірегейі Май Ундей Хван десек, қателеспейміз. Ол кісі Қазақстан бойынша «КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына бірінші болып қол жеткізді. Сонау 1958 жылы 28 жастағы маман КСРО спортшыларының жыл бойы үздіксіз жаттығу жүйесін жасауға және халықаралық дәрежедегі спортшылар дайындауға, сонымен бірге Қазақстанда жаңа коньки орталығын құруға белсене атсалысқаны үшін осындай мәртебелі атаққа ие болды. Май Хванның атақ-даңқын бір ғана сөйлемге сыйғызып отырмыз. Иә, айтуға жеңіл. Бірақ ол осы биікке жету үшін не көрмеді десеңізші.
…Май Ундей Хван Қазақстанға жеті жасында анасымен, бауырларымен бірге Қиыр Шығыстан жер ауып келді. Әкесі «халық жауы» деген жаламен ұсталып кеткен. Биробиджаннан шыққан мал вагонды пойыз Ақмоланың Шортандысына бір ай дегенде жетті. Аш-жалаңаш адамдарды топырлатып пойыздан түсіре бастады. Мидай жазық дала. Бұлар қайда барып пана таппақ? Бар екен мейірімді жандар. Ұшы-қиыры жоқ байтақ даланы қазақ деген өзінің аузындағыны өзгеге жырып беретін, қонақ десе, жалғыз атын сойып тастайтын дархан халық мекендейді екен. Кішкентай Май қазақтың «нан» деген сөзін ең алғаш осы жерде естіді. Хвандар біраз уақыт осы жерді мекендеп, бірнеше корей отбасыларымен бірге Ақмоланың шетіндегі әскери баракқа көшті. Қамаудан оралған әкесі ұзақ уақыт жұмыссыз жүрді. Әскери барактың бір шетінде үсіген картоп үйіліп жататын. Майдың анасы сол үсіген картопты кәдеге жаратады. Күн ұзақ келі түйіп, тары ақтайды. Тамақ таңдап, шалқаятын жағдай жоқ. Өзек жалғасаң болғаны. Балалар жақын жердегі элеватордан торғай аулайды. Аналары торғай етін картоппен араластырып, қуырып береді.
Сарыарқаның қысы ұзақ. Баспананы жылыту үшін отын керек. Кішкентай Май өзге балалардан қалыспай Ақмола-Қарағанды темір жолының бойындағы составтарды аңдиды. Ескі вагондардан әр жерге түсіп қалған көмірді шелек ұстаған балалар таласып-тармасып жинап алады. Содан белдері қайысып, үйлеріне әрең жетеді.
1943 жылы 13 жасар Май досы екеуі Кеңес өкіметінің басшысы Иосиф Сталиннің атына өздерін майданға алу туралы хат жазады. Бірнеше айдан кейін Кремльден хат келеді. Онда бұлардың әлі жас екені, осындай патриот балалардың Отанға өте қажеттігі, уақыты келгенде бұлардың елге пайдасы тиетіні жазылып, хат соңына кеңсе қызметкерінің қолы қойылыпты. Осыған орай жергілікті басшылар екі баланы әңгімеге шақырады.
Өжет балалар мұнымен тоқтамайды. 1944 жылы Май Хван мен бірнеше жасөспірім майданға барамыз деп, үйлерінен қашып шығады. Бірақ олар Ақмола қаласынан едәуір қашықта – қазіргі Бұланды ауданында қолға түсіп, үйлеріне қайтарылады. Міне, құрметті оқырман, қиын заман, тар жол, тайғақ кешу кезеңде осындай батыл әрі жігерлі балалар аз болған жоқ. Олар балалықтың не екенін білмеді. Ересектермен бірге еңбек етті, үлкендер әрең шыдайтын бейнетке иықтарын тосты, аш-жалаңаш жүрсе де мойымады. Сөйтіп жүріп, шар-болаттай шыңдалды.
1948 жылы Май Хван Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласына теңізші мамандығын алуға оқуға аттанады. Қалтасында ақшасы, үстінде іліп алар киімі жоқ бозбала бір ай жол азабын тартып, әрең дегенде Нева жағасына жетеді. Бірақ «халық жауының» баласы деген аты бар, теңіз оқуына құжатын тапсыра алмай, тағдырдың жазуымен спорт саласынан бір-ақ шығады. Май Хван 1949 жылы Ленинградтағы Петр Лесгафт атындағы дене шынықтыру институтына ең алғашқы толқын қатарында оқуға түседі. Бұл Кеңес өкіметі соғыстан енді ғана есін жиып, қалың ел тұрмысын әлі түзей қоймаған кез болатын.
Осыдан бір жыл бұрын совет конькишілері тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысып, әйелдер құрамасының жолы болып, ерлер құрамасы олжасыз қалған еді. Ерлер командасының сәтсіздігі өкімет басшысы Иосиф Сталиннің жанына қатты батады. Ол пойызбен елге оралған ерлер құрамасын бірден өзіне шақыртады. КСРО спорт комитетінің төрағасы Николай Романов бастаған ұлттық құрама мүшелері «біткен жеріміз осы шығар» деген оймен Кремльге жетеді. Спортшыларды қабылдаған Сталин: «Сендерге әлем чемпионатына баруға кім рұқсат берді?» деп сұрағанда Николай Романов тұрған жерінде құлап түседі. Климент Ворошилов: «Иосиф Виссарионович, рұқсат берген мен едім», деп жауапкершілікті өз мойнына алады. «Біз соғыста жеңген, ашаршылықтан жеңілмеген елміз. Бұдан кейін халықаралық жарыстарға тек жеңетіндер ғана баратын болсын!» дейді Сталин шегелей сөйлеп. Жиналғандар үнсіз бас шұлғиды. 1948 жылы желтоқсан айының соңында негізгі спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарында жеңіске жету туралы Кеңес үкіметінің арнайы қаулысы жарық көреді. Осыған орай шаңғы, коньки, жеңіл атлетика, жүзу, гимнастика тәрізді спорт түрлері екпінді даму үстінде деп танылып, Кеңес Одағы спортшыларының бұл салалар бойынша әлемде алда болуы туралы нақты міндет қойылады. Ендігі жерде спорттық оқу орындары тек спортшылар дайындаумен шектелмей, білікті мамандар әзірлеуді мықтап қолға алуға тиісті болды.
Май Ундей Хван 1953 жылы Лесгафт институтын бітіріп, коньки мен велосипед спортының маманы дипломын алды. 24 жасында коньки спортынан Бүкілодақтық жаттықтырушылар кеңесінің құрамына енді. Онда КСРО құрамасының белді жаттықтырушылары Н. Петров, К. Кудрявцев, Я. Мельников, И. Аниканов, М. Калинин тәрізді елге танымал кісілер болды. Май Хван майталман мамандарға көмектесе жүріп, спорт ғылымына терең бойлай түсті. Орайы келгенде, Бүкілодақтық жаттықтырушылар кеңесіне Қазақстан бапкерлерінен бірінші болып мүше болған Май Хван екенін айта кетуге тиіспіз.
Жоғары білімі бар жас жаттықтырушының еңбек жолы оңай басталған жоқ. Алматыға келген ол алғашқы жылдары жоқшылықтың азабын бір адамдай тартты. Қазіргі Қонаев – Әйтеке би көшелерінің қиылысындағы ескі үйдің жертөлесін жалға алған ол қолы қалт еткенде үй иесінің суын тасып, ағашын жарып беретін. Басқа да шаруаларын қабақ шытпай атқарушы еді. Себебі, жертөленің ақысы аса қымбат емес, қалтасы жұқа жас маман үшін тұрақты мекенжайдың орны бөлек.
Жас маманның ісі ілгері басуына сол кездегі Алматы дене шынықтыру институтының директоры Хамза Мұхамеджанов көп қолғабыс жасайды. Ол кісі оған ағалық ақылын айтып, институтта коньки мен велосипед кафедрасының ашылуына тікелей атсалысады. Май Хванның орынды ұсыныс-тілектерін үнемі қолдап отырады.
1954 жылдың қыркүйек айында Май Хван 8 адамнан коньки тобын, 10 адамнан велосипед тобын құрды. Алғашында велосипедшілер жазда, конькишілер қыста жаттығып жүрді. Бірте-бірте екі топты жыл бойы баптауға көшті. Қыста велосипедшілер конькишілермен бірге коньки тепсе, жазда конькишілер велосипед тепті. Дүниенің қат кезі. Кейде коньки жетпейді, кейде велосипедтің дөңгелегі табылмайды. Екі спорт түріне қажетті қосымша жаттығу құралдары мен станоктарды Май Хван жігіттердің көмегімен қолдан жасады. Ол кезде қазіргідей мұз айдыны жоқ. Конькишілер жаттығуы үшін әуелі алаңды тегістеп, мұз құюдың басы-қасында өзі жүретін.
Қос бірдей спорттың тізгінін ұстау оңай емес. Таңертең үш сағат конькишілерді жаттықтырған Май Хван түстен кейін үш сағат бойы велосипедшілермен жұмыс істеуші еді. Ол аздай аптасына бір мәрте велосипедшілерді бастап Қапшағайға барып қайтатын. Есік пен Ілеге велосипедпен талай барды. Жол тақтайдай болса, бір сәрі. Кедір-бұдыр жерде, жаңбыр мен қардың астында қаншама бейнет кешті десеңізші. Шіркін, жастық шақ! Аптасына бір рет Алматының шетінен команданы бастап Медеуге дейін жүгіріп барып, жүгіріп қайтушы еді. Барып-қайтуы – 26 шақырым. Осылай сегіз жыл тер төкті. Сегіз жылда талай белестен асты. Коньки мен велосипедтен Қазақстанның атын шығарды. Екі бірдей спорт түрінен республика құрамасының аға жаттықтырушысы болды.
Ол кезде қысқы спорт саласындағылар қыста ғана тер төгіп, жаз шыға жаттығуды доғаратын. Жазғы спорттағы мамандар да осы жүйемен жұмыс істейтін. Май Ундей Хван Қазақстан бойынша конькишілер мен велосипедшілер жаттығуын жыл бойы үзбей жалғастыруды қолға алған алғашқы маман. Хван жаттығу көлемін ғылыми деңгейде адам организмінің мүмкіндігін ескере отырып, белгілі дәрежеге көтере білді. Мысалы, 50-жылдардың ортасында конькишілер аптасына 6-8 сағат тер төксе, бір жылда олар 350 сағаттай жаттығады екен. Май Хванның ғылыми ізденісі негізінде кейін спортшылар бір жылда 500-600 сағат жаттығатын болды. 1969-1970 жылдары конькишілер бір жылда 300 күн жаттығатын деңгейге жетті. Осындай жанкешті еңбектің арқасында Май Хванның шәкірттері Кеңес Одағын мойындатып, әлемдік, құрлықтық жарыстарда алдыңғы қатардан көрінді.
Атап айтсақ, конькиден КСРО чемпионы, ірі халықаралық жарыстардың жеңімпазы Олег Шабаров, Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем рекордшысы, Кеңес Одағы чемпионаттарының жүлдегері Галина Романова, Еуропа және Кеңес Одағының чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері Капитолина Серегина, 1960 жылғы Қысқы Олимпиадаға қатысқан атақты конькиші Юрий Малышев, КСРО чемпионатының жүлдегері Виталий Никифоров, КСРО чемпионы, әлемдегі 25 үздік конькишінің қатарына енген Игорь Назаров, әлем чемпионатының жүлдегері, КСРО рекордшысы Владимир Гейдерих, КСРО чемпионы Геннадий Подковыров, Еуропа және КСРО чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері Валерий Троицкий, Кеңес Одағы чемпионаттарының жүлдегерлері Евгений Нелепа, Людмила Воронина, Нина Тетерина… Бұл спортшылардың бәрі Май Хванның шәкірттері, барлығы кезінде Кеңес Одағы құрама командасының сапында болды. Ал Борис Жилищиков, Юрий Трошин, Людмила Воронина, Валерий Троицкий секілді спортшылар коньки мен велосипед спортынан КСРО спорт шебері атағын қатар алса, конькиден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Геннадий Подковыров велосипедпен жарысуда спорт шебері дәрежесіне жетті.
Май Хванның велосипед спортына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі көп ұзамай жемісін берді. Қазақстан велосипедшілері одақтық, халықаралық жарыстарда көзге түсе бастады. М.Калинкин, О.Түсімханов, Ф.Нұрғалиев, А.Иванов, В.Жәнібеков тәрізді велошабандоздар Кеңес Одағындағы таңдаулы жүйріктердің қатарына қосылды. Михаил Калинкин бірнеше дүркін КСРО чемпионы атанса, Олег Түсімханов Кеңес Одағының чемпионы әрі КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері атанды.
Май Ундей Хван әлемге әйгілі спорт ғалымы Александр Давыдович Бернштейннің озық тәжірибелері мен ізденістерін қалт жібермей қадағалап, өзі де уақытпен санаспай жетіле түседі. Александр Бернштейн Қазақстанда спорт ғылымының негізін қалаған айтулы ғалым. Май Хван оның Қазақстандағы алғашқы шәкірттерінің бірі болғанын әлі күнге дейін мақтан тұтады. Бернштейн Қазақ дене тәрбиесі институтында физиология кафедрасын көп жыл басқарды. Ол кісі М.Хван, А.Зима, А.Иванов, Ә.Нұрмаханов, А.Макагонов секілді тұлғалардың ұстазы. Осындай білікті ғалымнан тәлім алған Май Хван 12 жыл бойы Қазақстан жаттықтырушыларының бас кеңесін басқарды. Бас кеңес ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жоспарын талқылап, таразылап, әр спорт түрінің жаттықтырушылар алқасына ақыл-кеңес беріп, жаттықтырушылар алқасының деңгейін айқындап, кемшіліктерін көрсетіп, жөн сілтеп отыратын. Бас кеңес жұмыс істеп тұрған кезде ұлттық құрамаларға білім-білігі төмен жаттықтырушылар бара алмайтын еді. Қазіргідей спорт пен ғылым егіз қозыдай жарасқан заманда Қазақстан спортына бағыт-бағдар көрсетіп, ғылыми жолға салатын жаттықтырушылардың бас кеңесі әбден керек деп ойлаймыз.
Спортқа жан-тәнімен берілген Май Ундей Хван 1965 жылы Алматыда орта биіктіктегі тау жағдайында спортшы жаттықтыру тақырыбында Бүкілодақтық тұңғыш симпозиум ұйымдастырды. 1966 жылы КСРО-дағы спорт мамандарының ішінен бірінші болып спортшылардың орта биіктіктегі тау жағдайына бейімделуі, олардың физиологиялық жағдайы туралы биология ғылымынан кандидаттық диссертация қорғады.
Май Хван бапкер әрі ғалым ретінде тындырған ісі мол адам. Ол кісінің 117 шәкірті КСРО спорт шебері дәрежесін орындаған екен. Мұндай биікке табанды, өз ісіне шын берілген білікті маман ғана жете алады. Осы бір еңбекқор, қарапайым адамның тікелей ұйтқы болуымен Қазақ елінде коньки спортынан тұтас бір жаттықтырушылық мектеп қалыптасты. Атап айтсақ, Константин Костусенко, Николай Князев, Виктор Бондаренко, Геннадий Чугайский сынды майталман жаттықтырушылар Виктор Шашерин, Сергей Рябов, Владимир Козлов, Людмила Прокашева тәрізді әлем мойындаған қазақстандық конькишілерді баптап шығарды. Ал, Май Хванның ғалым, жаттықтырушы шәкірттерін тек Қазақстаннан ғана емес, кешегі Кеңес Одағына қараған елдердің әр қиырынан кездестіруге болады.
… Май Хван жасы 80-нен асса да сергек. Әлі күнге дейін спорттық іс-шаралардың, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Ол кісі 2004 жылдан бері Мәскеуде коньки спорты ардагерлерінің жиынын ұйымдастырып келеді. Оған жыл сайын коньки спортынан Олимпиада және әлем чемпиондары, атақты жаттықтырушылар қатысады. Ардагер спортшылар жиын үстінде өзара сұхбаттасып, мәре-сәре болады. Біле білген адамға бұл дегеніңіз рухы биік, көпшіл, дархан көңілді адамның ғана қолынан келетін тірлік. Май Ундей Хван мұнымен де шектелмей, Алматыдағы спорт ардагерлерін аптасына екі рет бильярд ойнауға жинайды.
Қазақтан спортының алтын бастауында тұрған білікті маманның өмір жолы, тамаша жеңістері кейінгі ұрпаққа үлгі болумен қатар, спорттық тарихымыз үшін құнды дерек екені даусыз.
Темірхан Досмұхамбетов,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті,
КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
______________________________________
Суретте: солдан оңға қарай КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Май Хван, Петр Матущак, Темірхан Досмұхамбетов; профессор Май Ундей ХВАН.