Гумилев – 100
Лев Николаевич Гумилев – еуразиялық кеңістіктегі халықтар тарихын жүйелі түрде зерттеген XX ғасырдың көрнекті ғалымы. Оның мұралары тарихи, философиялық, этностық және саяси ойдың перспективалық бағыты ретіндегі еуразиятанудың терең негіздемесіне айналған. Қазақстан үшін оның Еуразия халықтарының бірлігі контексіндегі түркілер мен славяндардың өзара қарым-қатынасы, түркі-моңғол әлемінің тарихын тану мәселесі бойынша жұмыс істегені аса маңызды.
Гумилев – 100
Лев Николаевич Гумилев – еуразиялық кеңістіктегі халықтар тарихын жүйелі түрде зерттеген XX ғасырдың көрнекті ғалымы. Оның мұралары тарихи, философиялық, этностық және саяси ойдың перспективалық бағыты ретіндегі еуразиятанудың терең негіздемесіне айналған. Қазақстан үшін оның Еуразия халықтарының бірлігі контексіндегі түркілер мен славяндардың өзара қарым-қатынасы, түркі-моңғол әлемінің тарихын тану мәселесі бойынша жұмыс істегені аса маңызды.
Өз заманында Лев Гумилев кім болды? Тұлға ретінде, ғалым ретінде қалай танылды? Оның XX ғасыр тарихнамасында алатын орны қандай? Бұл сауалдарға жауап іздеу 90-жылдардан басталды. Пікірлер, ойлар әр түрлі. Және солай болуы заңды да. Себебі, ғалымның нағыз еңбегін бағалау енді басталды емес пе? Бір нәрсе анық. Ол – оның Еуропа идеясының ізашары екендігі. Осы ретте соңғы 10-15 жылда орын алған сан түрлі пікірлер ағымының барлығын қайта қарастырып, Л.Н.Гумилевтің өмірі мен еңбектерінің мән- маңызын, оның отандық және әлемдік тарихтағы орнын анықтауды қолға алу қажет.
Лев Гумилев өмірінде оның тағдыр талайын айқындаған бірнеше кезең болған: ЛМУ-де тарих факультетінің студенті болған 30-жылдар, Түркі қағанатының тарихы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, тұтқынға түскен 40-жылдардың орта шені, түрмеден шығып, алғашқы монографиясы жарық көріп, жалпы тарих бойынша докторлық диссертация қорғаған 50-жылдардың екінші жартысы және 60-жылдардың басы.
Лев Гумилевтің ғылымдағы орнын қалай анықтауға болады? Әрине, оның шығармашылығы көпқырлы, бірақ бұл оның ғылыми тұлға ретіндегі өзіндік ерекшелігін анықтауға тосқауыл бола алмайды. 1968 жылы Л.Н.Гумилевтің ірі генетик ғалым Н.В.Тимофеев-Ресовскиймен өзара тиімді деп ойлаған байланысында Лев Николаевич өзі туралы: «Әйткенмен, мен кәсіби тарихшымын», деген. Оның осы сөзін негізге алатын болсақ, қателеспейміз деп ойлаймыз.
Иә, Лев Гумилев – тарихшы. Оның ежелгі түркілер тарихына арналған кандидаттық және докторлық диссертацияларын саралайтын болсақ, ғалымның тарихшы-шығыстанушылық ізденісімен бетпе-бет келесіз. Сондай-ақ, Лев Николаевичті түрколог ретінде тануға болады, алайда, бұл мамандық түркі халықтарының тілі мен әдебиетін зерттейтін филологиялық, лингвистикалық бағыт болып табылмады. Бұл оның ғылыми қызығушылығымен мүлдем сәйкеспейді. Лев Гумилевтің шығармашылығын жинақтай келгенде, біз оның белгілі бір шығыс тілінің, аймағының немесе кезеңінің шеңберіне сыймайтын шын мәніндегі еуразиялық масштабтағы ғалым екендігін мойындауымыз керек. Себебі, ол энциклопедист, жалпы тарихтың білгірі.
Лев Гумилевтің 40-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың бірінші жартысындағы еңбектері мен диссертациясы арқылы Батысты емес, Шығысты зерттеуші ғалым екендігіне көз жеткізе аламыз. Яғни, ол тарихшы ретінде ленинградтық шығыстану мектебінің аты аталмай қалмайтын көрнекті өкілі. Ал Петербургтегі Шығыстану институтының сайтындағы жүздеген танымал және аса танымал емес, ресейлік шығыстанушылар, ғылым докторлары мен кандидаттарының тізімінде Лев Гумилевтің болмауын түсіну тіпті де мүмкін емес. Тіпті, оның есімі «шығыстанушы емес» ғалымдардың бөлімінде де жоқ болуы назар аудартпай қоймайды. Мұны қалай түсінуге болады? Ол Еуразияның дала халықтарының, алдымен, саяси, одан кейін этностық тарихын зерттеу арқылы дәстүрлі филологиялық немесе әлеуметтік экономикалық шығыстану ғылымының шеңберінен шығып кетті. Ол кез келген ғалымның бағына бұйыра бермейтін еуразиялық тарих деңгейіне, әлем тарихының концептуалды деңгейіне көтерілді.
Әрине, бір ғана кішкене тақырыптың айналасынан шыға алмайтын көптеген шығыстанушылар – түркологтар, моңғолтанушылар, қытайтанушылар сияқты Лев Гумилевтің де өз өмірінің соңына дейін «Түркі қағанаты» тақырыбының көлемінде ғана жұмыс істеуіне болатын еді, бірақ ол өзінің зерттеуін кең ауқымда қарастыруды мақсат тұтты. Бәлкім, әріптестері оны осы үшін де «жақтырмай, қырын қарады ма?» деген ой келеді. Себебі, ол тарихшылар мен филологтардың өз өмірлерінің ондаған жылдарын арнайтын әдеттегі салалық, тақырыптық және проблемалық мамандықтар шеңберінен батыл шыға алатын болған.
Лев Гумилевтің тарихшы ретіндегі тағы бір ерекшелігі – оның бір жағынан ғұндардың, түркілердің, хазар мен моңғолдардың тарихын зерттеуімен қатар, екінші жағынан өзінің жеке этнология нұсқасын, оның ішінде, этногенез теориясын жасауы.
1956 жылы түрмеден босатылғаннан кейін 44 жастағы тарих ғылымының кандидаты Лев Гумилев Ленинградқа оралып, өзінің «Ғұндар тарихы» еңбегін аяқтауға белсене кірісіп кетеді. Бұл уақытта ол Мемлекеттік Эрмитаждың ғылыми кітапханасына ғылыми қызметкер болып қабылданады да, онда 1962 жылға дейін қызмет атқарады. 1960 жылы шығыс әдебиеті баспасынан оның «Ғұндар. Көне дәуірдегі Орталық Азия» атты алғашқы кітабы жарық көреді. Кітап қызу пікірталас туғызады. Бір айта кетерлігі, Л.Гумилевтің оппоненттері ретінде түркі халықтары тарихының мамандары немесе лингвист-түркологтар емес, қытайтанушылар Л.И.Думан, К.В.Васильев пен Қиыр Шығыс археологиясы жөніндегі маман М.В.Воробьев болды. Бірақ, бәрінен де қатты сын айтқан ЛМУ-дің Шығыстану факультетін енді ғана бітірген К.В.Васильевтің рецензиясы еді. Ол Лев Гумилевтен 22 жас кіші болатын. Шығыстану институтының ленингардық бөлімшесінде 1960 жылдан бастап қана жұмыс істеген ол, кандидаттық диссертациясын 1966 жылы қорғағанын ескерсек, аталған рецензияның арнайы ұйымдастырылғаны туралы болжам жасауға болады. Ал Лев Гумилевке айтылған басты сын – оның қытай жазбаларының түпнұсқасын емес, Н.Я.Бичурин жасаған аударманы пайдаланғаны, яғни, қытай тілін білмегенін көрсетуі болды. Бұл тәрізді «академиялық» пікірлер оның мұрасы төңірегінде күні бүгінге дейін айтылып келеді. Алайда, олардың барлығына өз кезінде С.И.Руденко былайша жауап береді: «Тарихшы өз зерттеулерінде міндетті түрде басқа тілдердегі ақпарат көздерін түпнұсқада пайдалану керек деген пікірмен келісуге болмайды. Егер олай болса, аудармалардың қанша қажеті бар?» Шынында да, ақпарат көздерінің аудармалары не үшін жарық көреді? Сонда олардың студенттердің семинарларына ғана қажеті бар ма? Бәрімізге белгілі, аударма дегеніміз – ақпарат көзінің шынайы түрде ғылыми айналымға енуі емес пе?
Сонымен, Лев Гумилевтің «Ғұндар» кітабы тудырған пікірталас тарихи зерттеудің әдістері мен түрлері туралы пікірталасқа айналды. Яғни, бұл тарихшылар мен филологтар арасында айтарлықтай бәсеке тудырған пікірталас еді. Әйтсе де, 1950-жылдардың аяғы мен 1960-жылдардың алғашқы жартысында лингвист-түркологтар арасында Л.Н.Гумилев сияқты терең ойлайтын, «Ғұндар» немесе «Көне түркілер» дилогиясына пара-пар келетін жалпылама зерттеуді жазып шығатын ғалымның болуы екіталай еді. Себебі, ол осы еңбектері арқылы түбі бір түркінің түп-тамырын түгендеп, түркітану ғылымына соны соқпақ сала білген еуразияшылдық идеясының авторы болатын.
Лев Гумилев тап болған 60 және одан кейінгі жылдардағы барлық күрделі ғылыми және ғылым айналасындағы жағдайлардан ғылыми трагедия көлеңкесін көруге болады. Әрине, біз оның Дюрер рыцары тәрізді ештеңеге қарамай, барлық қиындықты жеңіп, өзі белгілеген жолмен жүргендігін баса айта аламыз. Бірақ, мұның барлығының бағасы қаншалықты еді? Бүгінгі таңда, Лев Гумилевтің мұрасын түсінуде біз оның ғылымның дамуына қосқан үлесінің қомақтылығы өзінің көпқырлылығымен таңғалдыратынына көз жеткізіп отырмыз. Ю.К.Ефремов көрсеткеніндей: «Сыншылар Гумилевті бүрге аулаған тышқандай қазбалап, негізгіні көре алмай отыр, ал ол әлемді қыранның көзімен жоғарыдан бақылау керектігін үйретіп жүр».
Шындығында, Еуразия халықтары мен мемлекеттерінің панорамасын тек қыранның көзімен ғана көруге болады. Сол себепті, Л.Н.Гумилев мұрасынан 1960-1980 жылдары өзінің еуразияшылдығын жарнамалаған, сөйтіп, еуразияшылық идеясының ғылыми негіздемесіне қомақты үлес қосқан еуразияшыл-ғалымның көзқарасын тануға болады. Біздің пікірімізше, Лев Гумилев еңбектері оны тек шығыстанушы-тарихшы деп емес, нақты еуразиятанушы-тарихшы ретінде бағалауымызға мүмкіндік береді. Яғни, оның мұрасы тарихи, олай болса, олардан қоғамдық-саяси ойлаудың тиімді бағыты ретінде терең негізделген еуразиятанушылық ұстанымды тани аламыз.
А.Ахматованың поэтикалық ойымен айтсақ, «оның төбесінде ажал жұлдыздары самсап тұрған» 30-жылдар мен 50-жылдардың басындағы жағдайлардың ешқайсысына қарамай, өз ойларын жүзеге асырған. Л.Н. Гумилевтің ерлігі оның бұл кезеңнен абыройлы өтіп, өзінің шығармашылық әлеуетін 60-жылдар мен 90-жылдардың басында жүзеге асырғанынан да айқын көрінеді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың елордадағы жетекші оқу ордаларының біріне еуразияшыл-ғалым атын беруі – жалпыеуразиялық кеңістіктегі зерттеушінің ғылымдағы орнын нықтай түседі. Ал бұл бізге, яғни ЕҰУ оқытушылары мен қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктері хақ. Әрине, Л.Н.Гумилев – XX ғасырдың көрнекті тарихшысы, әлемге танымал түркітанушы-ғалым ретінде қорғауға, я болмаса, асыра мақтауға мұқтаж емес. Біздің міндетіміз – оның мұрасына үстірт қарамай, еңбектерінің мазмұны мен өзектілігін ашуға, терең зерттеуге лайықты үн қосу.
Перизат БАЛҒЫНБЕКОВА,
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы.
Эльмира ЕШТАЕВА,
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы.
Суреттерде: Л.Н.Гумилев; болашақ ғалым әкесі Н.Гумилев пен анасы А.Ахматованың ортасында.