Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға Канн кинофестивалінің лауреаты, жерлесіміз Самал Есләмова арнайы қатысты.
«Тәуелсіздік - қастерлі ұғым! Біздің еліміз үшін егемендіктің құны ерекше қымбат. Тәуелсіздік - ата – бабамыздың арманы, сан ғасырлар бойғы халқымыздың көрген қиындығының, азабының өтеуі. Бүгінгі ұрпаққа кең байтақ даламыз, айдын көлдеріміз, көк ормандарымыз, асқар тауларымыз мирас болды. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін көтеруге, еліміздің тыныштығын сақтап, зор үлес қосқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл күн – ұрпақтардың ұлы арманы орындалған ордалы тойы, мерейлі де мәртебелі мерекесі. Тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты. Тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік қай халық үшін де дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар болып саналады. Мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтардың маңдайына жазылды», деді атақты киноактриса құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиында жерлесіміздің Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болып, жоғары марапатты Елбасының қолынан алғаны ерекше атап өтілді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстанның атағын төрткүл дүниеге танытқан Самалға гүл шоғын табыс етті.
Қазақстандық жұлдыздары мен облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуыменөткен мерекелік концертте Самал Есләмова белгілі спортшы Маргарита Мукашевамен қосылып Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамылжыта шырқады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы