• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Желтоқсан, 2018

Таң бозында туған жұлдыз

568 рет
көрсетілді

Әрбір суреті бір әңгімеге татитын қызылордалық әріп­тесіміз Болат Омарәлиевтің  фото­тілшілік өмірінде өзіне де қа­дірлі кадрлар жеткілікті. Байырғы көзмерген шығар­машылық қоржынынан 1985 жылы түсірілген көр­кем қазақтың суретін жарқ еткізіп шығарғанда, әлеу­мет­тік желіде кешегі қазақ вело­сипедшілерінен шыққан тұңғыш әлем және КСРО чем­­пионын бірден жыға та­ныған бүгінгі заманның адамы аз болды. Жастар жағы 1985-1990 жылдарда Кеңес Одағының 5 дүркін чемпионы болған спортшыны тіпті білмейтін болып шықты. 

Егер кез келген салада өз биігіне көтерілген ғажайып таланттар оп-оңай естен шы­ғып, ерен табыстары осылай­ша уақыттың еншісінде тәрк етілетін болса, өмірзая деген осы болар?! Өйткені 1989 жы­лы Францияда өткен әлем чемпионатында күллі әлемді мойындатқан Марат Са­ты­балдиевтің жеңістерін қай­талаған қазақ велотрекшісі бар ма? Сондықтан да бұл су­рет бүгінгі айдарымызға сұ­ранып-ақ тұр. 

Екіншіден, спортшының жерлесі, бір бойына талай қа­білет қонақтаған айтыскер ақын, композитор, эстрада әншісі Елена Әбдіқалықова бұл туралы: «Бір жылдары Қы­зылорда облыстық әкім­дігіне «Осы Марат Саты­бал­­диев деген чемпион жер­лесіміз бар. Неге елге шақы­рып, жастарға көрсетіп, кездесу өткізбейсіңдер?» дегенімде әкім­діктегілер танымаймыз деді» деп таусыла жазды... 

Айтқандай, спортшының айтуынша, анығында ол Солтүстік Қазақстан облысы, Полудинск ауданы, Гаврино ауылында дүниеге келген. Әкесі Қуанбай әскери адам екен. Анасы Зағипамен бірге сол кезде Петропавлда қызмет істеп, Мараттың үш жасында олар Қызылордаға қайта көшіп келген. 

Қай додаға салсаң топ жа­­ратын қарымы жеткілікті Қуан­бай мен Зағипаның ерек туған баласы Кеңес Одағының чемпионаттарында да алдына жүйрік салмаған. Егер 1985-1990 жылдары алып державада 286 миллион халық бар екендігін, КСРО-да сол кезеңде 10 мыңға жуық велосипедші болғанын айтсақ, онда тұңғыш Әлем чемпионы атанған қазақтың байрағы одан әрі биіктей бермек.

«...Оның әлем чемпионы атанған кезіндегі көңіл кү­йімізді тілмен жеткізу қиын. 1989 жылы тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түні ұйқыда маза болған жоқ. Таң бозынан теледидарға телміріп, радиоға құлақ түрумен болдым. Әлі есімде, таңғы сағат 7-ден 9 минут өте бере Мәскеудің орталық теледидарынан Марат бауырдың әлем чемпионы атанғанын естідім. Көз шарасына ыстық жас іркілді. Тар ғана пәтер байтақ даладай кеңіп сала берді. Қойын дәптердегі: «1989 жылы тамыздың жиыр­масыншы жұлдызында құр­дасым Марат Сатыбалдиев велосипедтің соңына түскен қазақ жастарынан бірінші болып әлем чемпионы атанды...» деген жазу әлі күнге дейін ыстық көрінеді», дейтін танымал спорт журналисі Қыдырбек Рысбектің естелігінен аттап та өте алмайсың, артық та айта алмассың. 

Әрине, мұншама табысты мемлекет атаусыз, құрметсіз қалдырған жоқ. Он бес жыл бойы жарыс жолдарында жүрді. Бірақ 1991 жылы спортты доғарған Марат Қуан­байұлы әрі-сәрі күй кеше жү­ріп, күнкөрістің қамымен тәуекелге басты, тауар тасыды. Кейін бизнестің бел баласына айналды. Қалай болғанда да байырғы спортшы  ұлттың мақтанышы болып қала береді. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ