Алматыда қазақтың аяулы ақын қызы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсыноваға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Ақынның жарқын бейнесін көз алдымызға әкелетін мәрмәр тақта Шевшенко мен Зенков көшелерінің қиылысындағы тіршілігінде өзі тұрған үйінің қабырғасынан орын алған.
Фариза ақын «Өлең сені аялап өтем» дейтін жыр әлеміндегі әйгілі концепциясын Алматыда жүріп өрнектеді. Сондықтан да өршіл ақынды Алматымен байланыстыратын дүние көп-ақ. Қала әкімдігінің тікелей қолдауымен қойылған осынау мемориалды тақтаны – бүгінгі ұрпақтың аға буынға көрсеткен құрметі деп түсінген жөн. Көзі тірісінде-ақ халқының махаббатына бөленіп, поэзия падишасы атанған аяулы ақынның сезімге толы сәулелі жырлары ойлы оқырманын жыр бесігінде тербетіп келеді. Мұны ақ қар көк мұзға қарамай ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына келген қарақұрым халықтың ыстық ықыласынан-ақ аңғардық. Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ашып берген салтанатты рәсімде ақынның отты жырлары оқылып, қаламдас інілерінің жылы естеліктері айтылды.
– Бесігін Атыраудың ақ толқындары тербеген Фариза Оңғарсынова Алматыға келіп өзінің өнермен, өлеңмен табысқан, халықтың ғұмырбаянына кірген жаңа өмірін бастады. Алматы аңыздарды жаратқан Алаштың арғы-бергі тарихындағы ұлыларының тұсауын кескен қала. Оңғарсынованың атын аңызға айналдырған дастандары, ардақты туындыларының барлығы дерлік ару Алматыда кіндігін кесті. Бұл қала оның бүкіл жастық-шағына, абыройын асқақтатқан сырлы сәттерге куә. Бір кездері бәріміз үшін асау жырдың алтын төріндей көрінген, ақынға сая болған бұл үйдің орны бөлек. Фариза, өлең қыздар поэзиясы немесе ерлер поэзиясы деп бөлінбейтінін, мұнда тек ұлы дарындардың даңғылы болатынын дәлелдеп кеткен жан. Ұрпаққа мұра болатын бұл игі істі бүкіл қазақ жырына жасалған құрмет деп есептеймін, – дейді Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ