«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, жоғары білім ұйымдары үшін бейне-сабақтар мен бейне-дәрістерге жариялаған «Педагогикалық идеялар панорамасы» Республикалық конкурсының қорытындысы бойынша жүлдегер ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Э.А.Суханбердиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма Төрағасы Гүлнас Ахметова, білім және ғылым саласының көрнекті қайраткерлері, білім беруді басқару органдарының, оқу орындарының, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ конкурсқа қатысқан барлық облыстар, Астана, Алматы қалалары жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.
Министр бұл конкурстың білім беру саласы үшін және педагогтардың біліктілігін арттырудағы жоғары маңыздылығына тоқталды. Қатысушылар мен жеңімпаздарға алғысын білдіріп, бірінші орын иегерлерін марапаттаса, екінші орын иегерлерін Қазақстанның еңбек Ері Аягүл Миразова марапаттады. Үшінші жүлделі орын иегерлерін «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрайымы Гүлнас Ахметова құттықтап, үлкен жеңістер биігіне жетіңіздер деген тілегін білдірді.
Қазақстанның білім беру жүйесінде осындай ауқымды конкурстық жоба тұңғыш рет өтіп отыр. Конкурс өңірлік және республикалық екі кезең бойынша өтті. Конкурстың өңірлік кезеңіне 2750 педагог қатысса, екінші республикалық кезеңіне 22 аталым бойынша ұсынылған 940 бейне-сабақтар мен бейне-дәрістердің 66-сы жүлделі орынды иеленді.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсы аясында еліміздің үздік мұғалімдерінің озық тәжірибелері таратылды. Конкурстың барлық бейне-сабақтары мен бене-дәрістері «Өрлеу» БАҰО» АҚ YouTube-тегі Білім каналында (https://www.youtube.com/channel/UCXC-idU18buI-_kCBLU16-g) жарияланды. Бүгінгі күннің өзінде тіркелушілер саны 32 мыңнан асатын «Өрлеудің» Білім каналында 1500-ден астам бейне-сабақтар, бейне-дәрістер бар және де әр күн сайын жазылушылар саны артып келеді.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ