• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Үкімет 22 Желтоқсан, 2018

Түркістанда Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Маминнің қатысуымен жиын өтті

490 рет
көрсетілді

Түркістан қаласына келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған жұмысшы топ облыс орталығының даму жоспарымен танысты. Алдымен Отырар мөлтек ауданында болып, әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеріп жатқан нысандарды аралап көрді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мөлтек аудандағы 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары барысымен таныстырды.

Қыркүйек айында іргетасы қаланып, мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан 60 пәтерлі 20 тұрғын үйдің 11-і (660 пәтер) 2019 жылдың сәуір айында тапсырылады. Ал, 9 тұрғын үй (540 пәтер) келер жылдың қараша айында ел игілігіне берілмек. Кредиттік көпқабатты 6 тұрғын үйдің (336 пәтер) құрылыс жұмыстарын 2019 жылдың маусым айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, онда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 280 орындық балабақша пайдалануға беріліп, 900 орындық мектеп алдағы жылы оқу жылы қарсаңында ашылатын болады. Одан бөлек, іскерлік орталықта әкімшілік ғимараты, басқармалар және департаменттер үйлері және 5 жұлдызды «Риксос» қонақ үйінің құрылысы басталған. Облыс орталығын инфрақұрылыммен қамту жоспарымен жұмысшы топты таныстырған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев инженерлік инфрақұрылым қазіргі таңда салынып жатқан әкімшілік-іскерлік орталығының 270 гектар және рухани-мәдени орталығының 98 гектар аумағын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтып өтті.

Сондай-ақ, жұмысшы топ «Әзірет-сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығына аялдап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңынан салынатын тарихи архитектуралық жобалардың нобайымен танысты. Аталған аумақтағы 98 гектар жерге рухани және мәдени орталық салынатын болады.

Ал Түркістан қаласын дамытуға арналған жиында Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Әзірет Сұлтан кесенесінің айналасын жаңғыртуға бағытталған жобалармен таныстырды.Алқалы жиынға, сондай-ақ Қоғамдық даму министрі Д.Қалетаев, Энегетика министрінің орынбасары М.Мырзағалиев өзге де министрлік өкілдері мен ұлттық компания басшылары қатысты. Түркістан облысының Жансейіт Түймебаев алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар жөнінде таныстырса, бірқатар министрлер мен министрлік өкілдері жұмыс жоспарлары жөнінде баяндама жасады. «Астанагенплан» ЖШС-і директоры С.Жүнісов Түркістан қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталық нобайын көрсетті. Ал «BI Group» ЖШС-нің өкілі А.Зикирин әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін тұрғын үй кешені мен Ұлы дала музейі, туристік орталық, шығыс моншасы, амфитеатр, Қожа Ахмет Ясауи музейі, оқушылар сарайы, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, медиа орталық, «Астана» алаңы, орталық стадион сынды ғимараттардың жобасымен таныстырды. Жиынды қорытындылаған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин құрылыс жұмыстарын жоспардан кешіктірмей дер кезінде орындауды тапсырды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы.