Бүгін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ұжымы бұрын-соңды болмаған үрдіс бастап, жаңажылдық мерекені Медеу мұз айдынында қарсы алды. Мұндай ерекше мейрамға Банктің 600-дей қызметкері отбасы мүшелерімен бірге мұз айдынын толтырды. Осылайша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметкерлері жаңажылдық корпоративті мұз айдынында өткізді.
«Бүгін біз Медеу шатқалындағы үлкен корпоративте өткен жылға есеп беріп, үздік қызметкерлерімізді марапаттап, 2019 жылды ерекше қарсы алуға шешім қабылдадық. Мұндай корпоратив біздің банктің идеологиясымен толық үйлеседі. Шаһарымыздың керемет төрінде ұжым болып бір кісідей саф ауада коньки теуіп, спортты да насихаттап, айта-айта жүрерліктей тамаша демалысты өткеріп жүрміз. Ең бастысы, өз өмірімізді жақсартып қана қоймай, балаларымыздың алаңсыз келешегін қамтамасыз етіп, кең әрі әдемі үйлер мен пәтерлердің иесі атанамыз десек, құндылықтар жүйесін өзгерту керек. Әрі мұны ұдайы айтып отырамыз. Мәселен қазір қоғамда белең алып тұрған бір мезеттік тұтынушылық идеологияға қарсылық ретінде ұзақмерзімді жинақ мәдениетін қалыптастырып, дамыту қажет. Сондықтан осыған алдымен өзіміз үлгі болып, артық шығынсыз-ақ мереке атап өтіп, көңіл көтеруге болатынын дәлелдейік деп шешім қабылдадық», – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мейрамына тек қызметкерлер ғана емес, осы күні Медеуге коньки тебуге келген Алматы тұрғындары мен қонақтары да қатысты. Жиналған меймандар үшін мұз айдынында ««Medeo band» музыка тобы өнер көрсетті. Сондай-ақ қызықты байқаулар ұйымдастырылды. Шара соңында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Аяз Атасы» атты әсерлі флешмоб ұйымдастырылды.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – қасаң мемлекеттік құрылым деген ойды өзгерткіміз келеді. 2018 жыл бойы біз клиенттермен және жалпы қоғаммен диалог жүргізудің жаңа әрі ерекше формаларын құру бойынша жұмыс жүргіздік», – дейді Ләззат Ибрагимова.