Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын барша қазақстандықтар сияқты отырарлықтар да зор ықыласпен қабылдады. Елбасының бұл мақаласы біз мекендеген Ұлы даланың, біздің ата-бабаларымыздың дүние жүзі өркениетінің дамуына зор үлес қосқанын, оның тарихта алатын орнының ерекше екендігін жан-жақты дәлелдеп берді.
Жалпы қазақстандықтарға ерекше ой тастаған мақалада кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі екені, ал тарих уақыт пен кеңістіктің тоғысқан кезінен басталатыны, кез келген елдің ата тарихындағы ұлы жетістіктерімен мақтануының заңдылық екендігі, онымен тек мақтанып қана қоймай, оны терең зерттеп, өздерінің түп-тамырларын білуге ұмтылуы өте орынды екендігі айтылады.
Мақалада Елбасы атқа міну мәдениеті бізден басталғанын ерекше атап өткен. Атқа мінгенде қолайлы болу үшін шалбарды да бабаларымыз ойлап тапқан. Ер-тұрман мен үзеңгіні пайдалану сол кездегі өркениет үшін төңкеріспен бірдей бағаланған. Өйткені ерде нық отырып, қос аяқты үзеңгіге тіреп садақ атқанда жебесі ұзаққа әрі нысанаға дөп тисе, қылышпен шапқанда ондаған есе қуатпен шабатын болған. Бұл, әрине қарсы келген жауына үрей туғызған. Дәуіріміздің І ғасырына дейінгі Ұлы далада біздің бабаларымыздың үстемдік құруы, осындай алып территорияны иеленіп қалуымыз да, атқа міну мәдениетін шебер меңгерген ата-бабаларымыздың ерлігі мен жанқиярлық батырлығының арқасында болса керек. Сол дәуірден ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға жалғасып келе жатқан ат үстіндегі ұлттық ойындарымыздың ұрпақтарымызды ерлікке, ептілікке, батылдыққа, ержүректілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі алар орны ерекше екені белгілі. Сондықтанда ауданымызда ұлттық ойындарды дамытуға үлкен мән берілуде. Ауданымызда ат спорты федерациясы құрылып, нәтижелі жұмыс істеуде. Соңғы жылдары көкпаршыларымыз ірі додалардан жүлделі оралып жүр.
Елбасының: «Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет», деп өлкемізге арнайы назар аударғаны бізді, яғни отырарлықтарды ерекше қуанышқа бөледі.
Елбасы атап көрсеткен осы мәселелерді тез арада шешу үшін қаражат керек екені белгілі. Егер қаржы бөлінген жағдайда Отырар ауданы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып жұмыс істеуге дайын.
Ұлы даланың әлемдік өркениетке қосқан үлесі өте зор екені даусыз. Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғаған Ұлы Жібек жолы тек қана сауда-саттықты ғана өркендеткен жоқ. Осы жол арқылы мәдениеттер тоғысып, ол ғылым мен білімнің дамуына үлкен үлес қосты. Басқаны айтпағанда, орта ғасырлық Отырарда Шығыс моншасы, еңселі де зәулім мешіт-медреселер, Александриядан кейінгі екінші кітапхана, Теңге сарайы, тағы басқа әсем ғимараттар бой көтерген. Талайлар кәріз жүйесінің не екенін білмеген сол кезеңнің өзінде Отырар қаласында орталықтанған кәріз жүйесі болғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп отыр. Ата-бабаларымыз ежелден табиғи ортаны қорғау, тазалық, экология мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырған. Мәселен, Отырар қаласы әкімшілік, сауда-саттық, мәдениет пен білім ордасы болса, оның айналасындағы Алтынтөбе, Пышақшытөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан т.б. қалалардың бәрінің атқаратын өз міндеттері болған. Алтынтөбеде мыс пен мырыш, қола, алтын, күміс өңделіп, теңгелер соғылған. Бұл теңгелер орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттықтың өркендеуіне қызмет еткен. Сондай-ақ зергерлеріміз алтын, күмістен соққан сақина, білезік, алқа, шолпы секілді әшекей бұйымдарымыз талай жат жерліктерді таңғалдырған. Бұл бұйымдарды Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінен тамашалауға болады.
Пышақшытөбе қару-жарағымен, оның сапалылығымен шартарапқа даңқы жайылған. Демек, металл өңдеудің шыңына жетіп, әлемге әйгілі қарулармен қоса, жер өңдеу ісіне пайдаланылған әртүрлі соқа, орақ, кетпен секілді бұйымдарды да ерекше әдіспен жасаған. Осындай құрал-саймандардың арқасында Отырар өлкесі оазиске айналған. Отырар қаласы Арыс өзенінің Сырдария өзеніне құйылатын сағасында орналасқандықтан, біздің дәуірдің І ғасырының өзінде мұнда сол кездегі теңдесі жоқ суландыру жүйесі жұмыс істеп, жүздеген гектар жүзімдіктер, алуан түрлі жеміс ағаштары, жайқалған бидайы мен тарысы, тіл үйірер қауыны мен қарбызы Отырардың даңқын онан әрі асқақтата түскен. Бүгінгі күнге дейін сол кездегі арық-атыздардың ізі сақталып, ирригациялық жүйелер арада сан ғасырлар өтсе де сол күйі жатыр. Демек бұл қазақтар тек қана көшпелі өмір салтын ұстанған, Ұлы далада тек көшпенділер өмір сүрді деген ұғымды теріске шығарады.
Құйрықтөбе және Жамантөбелер де өз миссияларын мінсіз атқарып, отырарлықтарды ет, сүт, тері, жүнмен қамтамасыз еткен. Мұнда мал бордақыланып, сүттен көптеген өнімдер өндіріліп, тері-жүннен киімдер дайындалған.
Бүгінде әрбір тасы мен топырағын түртсең ғасырлардан сыр шерте жөнелетін Отырар өлкесі ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін көптеген игі шаралар атқарып жатыр. Бүкіл мұсылман қауымы тәу етіп, қастер тұтатын Арыстан баб кесенесінің маңайын абаттандыру, ғасырлар сырын қойнына жасырған Отырартөбе қалажұртына алыс-жақын елдерден келетін туристерге жағдай жасау үшін инфрақұрылым жұмыстары қызу жүргізілуде. Мұнан бөлек Мәдениет және спорт министрлігімен бірге Арыстан баб пен Отырартөбе қалажұрты арасындағы ауқымды жерге «Сапар» орталығын салу қолға алынды. Аталған үш нысан да тиісті қаржы уақтылы бөлінсе, 2019 жылдың тамыз айында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, туристерге қызмет көрсете бастайды.
«Сапар» орталығын салудағы мақсат – Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау, Отырар қорық-музейінің территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау болып табылады.
Отырар қалажұртының «Сапар» орталығы – бұл мәдени туризм орталығына айналуға тиіс бірегей нысан. Отырар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновациялар орталығын жасау, Қорық-музейдің функцияларын мәдени-ағарту мен имидждік орталық деңгейіне дейін кеңейтіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасау жоспарланып отыр.
Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығы ету жөніндегі Жарлығын тарихи шешім деп қабылдаймыз. Түркі әлемінің мәдени астанасына айналған қалаға келуші туристердің саны жылдан-жылға арта түсуде. Бұл жағдайдың Отырарға да оң ықпалы бар. Себебі Түркістанға келген туристер Отырарға соқпай кетпейді.
Мемлекет басшысының мақаласында: «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді», деп атап көрсеткен. Сондай-ақ мақалада: «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», деп ұлы тұлғаларымыз жөнінде айқын да анық айтылған.
Елбасымыздың тарихымызды түгендеп, ұлыларымызды ұлықтауға бағытталған ойларын жүзеге асыру үшін Отырар ауданында орналасқан әлемнің екінші ұстазы атанған, энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны тамған Оқсыз қалажұртының маңайын абаттандыру, туристерге қолайлы жағдай жасау өте маңызды.
Сонымен қатар 2020 жылы Ұлы ұстаздың туғанына 1150 жыл толайын деп отыр. Бұл айтулы күнді жоғары деңгейде атап өту мақсатында, дайындық жұмыстарын қазіргі уақыттан бастау қажет деп ойлаймын. Әлемдегі фарабитанушы ғалымдардың шақырылуымен халықаралық конференция ұйымдастырылып, әл-Фарабидің араб тіліндегі өлеңдері қазақ тіліне аударылып, Ұлы дала еліне кеңінен танылуы керек.
Сонымен бірге Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздан бөлек отырарлық отыздан аса Фараби барын да естен шығармағанымыз абзал. Бұл бабаларымыздың ғылымның әр саласында жеткен жетістіктерін атап шығу мүмкін емес. Болашақта осы бабаларымыздың еңбектерін толық зерттеп, ғылыми айналымға қосу міндеті алдымызда тұр.
Терең тарихымызды түгендеп, келешектегі ел игілігіне айналатын осынау бағыт-бағдары айқын мақаладағы мәселелердің жүзеге асуы жолында бар күш-жігерімізді жұмсап, аянбай еңбек етуіміз керек.
Ерлан АЙТАХАНОВ,
Отырар ауданының әкімі
Түркістан облысы