Көкшетау қаласы Жаңа жылды қарсы алуға қызу дайындалуда. Мұз қалашықта түрлі бейнелермен бірге әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің мұздан жасалған мүсіні көпшілік көзайымына айналды.
Мереке қарсаңында мұздан жасалған композицияның алдыңғы бөлігінде микрофон ұстаған Димаштың мүсіні мен қанаттарын жайған аққулар бейнеленген. Композиция авторы – көкшетаулық мүсінші Манарбек Бұрмағанов. Əншінің шығармашылығынан, əсіресе оның Ресейде орындаған «Қалжыраған аққулардың сезімі» əнінен шабыт алған мүсінші өз құрметін осылай білдіргісі келген.
Орталық алаңда жасанды алып шырша орнатылып, мұздан ертегілер қалашығы тұрғызылуда. Балалардың ғана емес, ересектердің де назарын аударып, еріксіз таңдай қаққызатын мөлдір мұздан жасалған жануарлар мен ертегі кейіпкерлерінің бейнесін жасау міндетін Суретшілер одағының мүшелері, кəсіби қылқалам шеберлері Виталий Глухов, Юрий Федоров жəне Владимир Новгородцев қолға алыпты. Олардың қолдарынан шыққан аңдар мен ертегі кейіпкерлерінің бейнесі көз тартады. Күннің суықтығына қарамай, өз жұмыстарына беріле кіріскен суретшілер мұзға жан бітіріп, көркем бейнелерді жасауда.
– Жаңа жыл түні мұнда адамдар көп келеді. Балаларды ғана емес, ересектерді де ертегілер əлеміне еліктіріп тартатын бейнелер жасау арқылы жұртшылыққа қуаныш сыйласақ дейміз, – дейді суретші Виталий Глухов.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
КӨКШЕТАУ