Биыл Қарағанды спортының қарашаңырағы – Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайы іргетасының қаланғанына 60 жыл толды. Бүгінгі күнде іші-сырты түгел жөндеуден өткен бұл ғимараттың екінші тынысы ашылып, Арқа спортының дамуына бұрынғыдан да зор үлес қосып келеді.
Таяуда осы спорт сарайында Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының спорттық жетістіктер мұражайы ашылды. Ғимараттың екінші қабатындағы жаңа музейге олимпиялық бес шығыршықтың түсіне сәйкес келетін бес стенд орналастырылған. Ал стенд сөрелеріне Қарағанды спортының даңқын шығарған чемпиондардың, әйгілі спортшылардың медальдары мен кубоктары және басқа да жүлделері, жеке заттары қойылған. Олардың арасынан, тіпті 1956 жылғы марапаттар да орын алыпты.
– Қарағанды спортының тарихы мен дәстүрі өте бай. Сондықтан, бұл мұражайдың ашылуын өткенге деген зор құрмет ретінде қабылдадым. Жастар аға буын өкілдерінің спорттағы жеңістері мен жетістіктерін осы музей арқылы танып өссе, мұның өзі ұрпақ тәрбиесін дамытуға қосылған маңызды шаруаның бірі деп санаймын, – дейді спорт ардагері, әйгілі бапкер Диханбай Биткөзов.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында спорттың 96 түрін дамыту жолға қойылған. Мұражайға экспонат таңдағанда комиссия мүшелері осы спорт түрлерінің барлығын да назардан тыс қалдырмауға тырысқан екен. Мысалы, бұл жерде Олимпиада чемпионы Василий Жировтың былғары қолғабы, атақты боксшы Серік Елеуовтің, жеңіл атлет Сергей Засимовичтің мүсіншелері, футболшы Андрей Финонченконың спорттық жейдесі және басқа да спорт саңлақтарына тиесілі экспонаттық заттар бар.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды