• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2018

Әйтеке би кенті Қазалы орталығымен біріктіріледі

1158 рет
көрсетілді

Әйтеке би кенті мен Қазалы ауданы орталығын он бір гектар жер бөліп жатыр. Облыс әкімі Қ.Көшербаев аудан орталығын ірілендіру мақсатында екеуін біріктіруге шешім қабылдады.

Іс сапар барысында ауданда биіктігі 20 метр болатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орнатылған Мемлекеттік Рәміздер аллеясы ашылды.

Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде Әйтеке би ескерткіші ашылды. Ескерткіштің ашылуына арнайы Өзбекстан Республикасының Науаи облысындағы Әйтеке би кесенесінен топырақ әкелінді.

- Республика көлемінде Әйтеке биді есте қалдыру бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Оның атында аудан, көшелер, ауыл бар. Осы ауданның орталығы да – Әйтеке бидің есімімен аталады. Өткен жылы бабамыздың еңселі ескерткішін орнату туралы шешім қабылдаған едік. Бүгін міне, Әйтеке бидің ескерткіші де өз тұғырына қонды. Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Патриотизм ең алдымен туған жерге, өз ауылына, қаласына, өңіріне және кіші отанына деген сүйіспеншіліктен бастау алады» деген болатын. Ал, қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, ілгері дамыту ұлтымыздың ұлы адамдарының үлгі-өнегесін ұрпаққа дәріптеу арқылы жүзеге аспақ. Олай болса, Әйтеке бидей ұлыларды ұлықтау - бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы, - деді облыс әкімі.

Осында 24 кәсіпкерлік нысан салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қазалы қаласының автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Бұдан басқа, 600 орындық мәдениет үйі мен мекемелер құрылысы жүргізілуде. 250 орындық 12 екі қабатты тұрғынүй құрылысы жобасы дайындалды және жабық базар салуға жер учаскесі бөлінді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы