• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2019

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған терең толғам

9362 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын өткеннен өнеге алып, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған терең толғам деп бағалауымыз керек. Мұнда Елбасы «Әлемнің жеті кереметі» іспетті Ұлы дала елі мен Ұлы даланы ұран еткен ұрпақтарын мақтаныш ете алатын жеті ерекше қырын қамтып отыр. Мұны жеті бөлікте қарастыруының өзі де жеті атадан бастау алатын қазақ халқының этноерекшеліктерін көрсетсе керек. Қазақтың дархан даласын ежелден мекендеген бабаларымыз дүние жүзінің материалдық һәм рухани мұрасына өшпес із қалдырды. Оның негізгі түп­қазығы көшпелі өркениет пен отыршылдық мәде­ниеттің тоғысында жасалды. Көшпенділер им­пе­риясының әлем картасына елеулі өзгерістер енгізгені, материалдық мәдениет пен рухани мұра­лардың бай қазынасын қалдырғаны тарих беттерінде сайрап жатыр. Мемлекет басшысы өз мақаласында осы тарихымызға терең ой салып, түп тамырымызды халқымыздың рухани игілігіне айналдыру және мұны өзге мемлекеттерге таныстыру үшін бүгінгі өркениет жағдайында бар­шаға түсінікті әрі олардың сұранысына ие болуын қамта­масыз ету жолында жаңғыртуға қатысты маңызды жобаларды қолға алу қажеттігін айтып отыр.

Бұл жобалар мақалада «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталады.

Мақалада «Ұлы даланың жеті қыры: атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, аң стилі, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақ­стан – алма мен қызғалдақтың Отаны», деп нақ­тылап көрсетілуінде де үлкен мән бар. Мәсе­лен, жылқы ұстау мен оны адам игілігіне пайдалану мәдениеті шеңберіндегі технологиялық жетістіктерді адамзат қоғамы мыңдаған жылдар бойы қолданып келді, оны әртүрлі мазмұнда байыта білді. Ал түркілердің, соның ішінде қазақ хал­қында фольклорлық мұралардың, сонымен қатар музыкалық өнердің мол қазынасы сақталып, бүгінгі заманға жетті. Ұлы Жібек жолын бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі жалғап отыр.

Ендігі жерде Ұлы даланың көп ғасырлық рухани һәм материалдық мұраларын заманауи технологиялар мен жаңа қалыптасып жатқан цифрлы өркениеттің сұранымына сай қайта жаңғырту бүгінгі ұрпақтың алдындағы міндет. Сондықтан Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын өзінің идеологиялық жұмысының платформасы етіп қабылдаған «нұротандықтар» бұл бағыттағы жұмыста өзінің белсенділігін көрсететін болады.

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Қызылорда облысы