• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2012

“Бордода” ойнаған Байтөреев

422 рет
көрсетілді

“Бордода” ойнаған Байтөреев

Дүйсенбі, 8 қазан 2012 0:20

Азия мен Еуропа сынды қос құрлықты аузына қаратқан танымал волейболшы Бақытжан Байтөреев жайында осыдан үш-төрт жыл бұрын “Егемен Қазақстанның” бетінде құлаш-құлаш мақалалар жарық көрген болатын. Сол мақаланың бірінде біз ұзақ жылдар бойы халықаралық аренада ел намысын қорғаған жалғыз қазақ волейболшысы, Азияның теңдессізі атанып, Франция мен Ресейдің бетке ұстар клубтарында өнер көрсеткен қандасымыз үлкен спорттан кеткеннен кейін жұмыс таппай қиналып жүргенін ашына айтқан едік. Кейіннен бұл тақырыпқа қайта оралған жоқпыз. Осылайша сұңғақ бойлы (бойы 202 см! – ред.) жігіт жөнінде әңгімелер бірте-бірте саябырси бастады.

Дүйсенбі, 8 қазан 2012 0:20

Азия мен Еуропа сынды қос құрлықты аузына қаратқан танымал волейболшы Бақытжан Байтөреев жайында осыдан үш-төрт жыл бұрын “Егемен Қазақстанның” бетінде құлаш-құлаш мақалалар жарық көрген болатын. Сол мақаланың бірінде біз ұзақ жылдар бойы халықаралық аренада ел намысын қорғаған жалғыз қазақ волейболшысы, Азияның теңдессізі атанып, Франция мен Ресейдің бетке ұстар клубтарында өнер көрсеткен қандасымыз үлкен спорттан кеткеннен кейін жұмыс таппай қиналып жүргенін ашына айтқан едік. Кейіннен бұл тақырыпқа қайта оралған жоқпыз. Осылайша сұңғақ бойлы (бойы 202 см! – ред.) жігіт жөнінде әңгімелер бірте-бірте саябырси бастады.

Әйтсе де шынайы жанкүйерлер Қазақстан волейболының бағына туған Байтөреевтей саңлақтарын ұмытпапты. Әсіресе, соңғы уақытта оның жағдайын білейік, қайда жүр екен деп редакцияға телефон шолушылар көбейіп кетті. Көпшіліктің осы тілегін орындайық деп біз Бақытжанның анасы Рахима апаймен хабарластық. Ол кісі: “Балам қазір “Бордода” ойнап жүр. Бұйыртса күзге дейін келіп қалуға тиіс”, – деп жауап қайырды. Содан Бақытжанның жолын тостық. Бірер ай өте майталман волейболшы Алматыға ат басын тіреді. Сәті түсіп тұрғанда онымен біраз тілдесіп қалғанды жөн санадық.

“Ата-анам жанашырым болды,

ал волейболға баулыған қарындасым”

–       Бақытжан, сенің аузың­нан: “Волейболға деген құштар­лық маған ана сүтімен дарыған”, – деген сөзді жиі естиміз. Біздің ойымызша осы бір ауыз сөз арқылы сен өмірден ерте озған әкеңнің орнын жоқтатпай, қарын­да­сың екеуіңді мәпелеп өсірген анаңа деген зор сүйіспеншілігіңді білдіргің келгені ғой?

–       Әр адам бала­сы­ның анасына деген се­зімі ерекше ғой. Тіптен ертеректе ата-бабалары­мыздың өздері: “Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да алдындағы парызыңды өтей алмай­сың”, – деп айтты емес пе. Бірақ бұл сөзімнің астарында үлкен ақиқат бар. Анам Рахима Ата­бе­кова кезінде әжеп­тәуір волейболшы бол­ған. Студенттік шағында қала­лық, респуб­ликалық жарыстарда өнер көрсетті. 1964 жылы Қа­зақстан құрама командасына үміткер болды. Алайда, тұрмыс­қа шыққаннан кейін сүйікті ісінен қол үзіп кетті. Бәлкім, анамның бойындағы қасиеттер маған дарыған болар.

–       Әкеңнің үлкен спортқа қатысы болған жоқ па?

–       Ол кісі де спортты шын­дап қумаған адам. Бірақ спорт десе іш­кен асын жерге қоятын нағыз жанкүйер еді. Өзі Қазақ дене шы­нықтыру институтында анатомия пәнінен сабақ берді. Менің осы өнерге деген құштар­лығымды оятайын деп талай жарыстарға жетектеп апарды. Біздің үй футбол, волейбол, бас­кетбол допта­рына толы болатын. Ол аз десеңіз хоккейшілердің имек таяғы, каскасы, боксшы­лардың қолғабы, құмға толы қап, турник, кір тастарына дейін әперді. Ал менің аңсарым ең әуелі баскетболға ауды…

–       Сонда қалай?..

–       Иә, жеті жасымнан бас­тап баскетболмен шұғылдандым. Алайда кезекті бір ойында сауса­ғымды сындырып алып, бірнеше жыл спорттан қол үзіп кеттім. Ал бесінші сыныпта оқып жүргенде қарындасым Гүлжан өзімен бірге волейбол үйірмесіне ертіп апарды. Сөйтіп, мен білікті бапкер Ербол Молдажановтың шәкірті болып шыға келдім.

–       Жас кезінде спортпен айна­лыспаған, ең болмағанда бір-екі рет жаттығып көрмеген адам жоқ шығар, сірә. Бірақ сан қырлы, соқпағы көп бұл өнерге адалдық танытатындар сирек. Ал сен үшін сол сынақтардан сүрін­бей өтіп, тырнақалды табыс­тарға қол жеткізу қаншалықты қиын болды?

–       Оның рас. Мен жаттық­қан үйірмеге көптеген жастар келіп-кетіп жатты. Олардың ара­сында таланттылар да, талап­тылар да болды. Алайда солар­дың көбі қиындыққа шыдамады. Менің де үздіксіз жаттығулардан жалыққан кездерім болды. Ондай сәттерде қасымнан жана­шыр болған ата-анам, қарында­сым табылып, үнемі ақыл-кеңес­терін айтып отырды. Со­лар­дың үмітін ақтағым келді. Жа­нашыр адамдардың арқасын­да алғашқы жеңістерім де көп күттірмеді. Айналдырған үш жыл­дың ішінде республика­мыз­дың ең белді клубы Алматының “Дорожнигінің” қосалқы құра­мына қабылдандым. 1985 жылы 17 жасымда Қазақстан құрама­сының туы астында өнер көр­сет­тім. Араға тағы үш жыл салып, КСРО халықтары спарта­киа­дасының қола жүлдесі омы­рауымда жарқырады. Осылайша менің спорттық карьерамда өрлеу кезеңі басталды.

–       Дәл сол тұста аса та­лантты қазақ волейболшысының жұлдызы жарқырай жанып келе жатқанын жұрт жылы қабыл­дап, сені Октябрь мен Жәнібек сынды асылдардың сынығы деп ерекше мақтан тұтқан деседі. Жан­күйерлердің сол ыстық ықы­ласын өзің де сезінген боларсың…

–       Маған ондай сенімнің артылуы сексенінші жылдардан бастап, тоқсаныншы жылдардың бел ортасына дейін дүбірлі додаларда ел намысын қорғап жүрген жалғыз қазақ волейбол­шысы болғандықтан шығар. Халықтың сенімін ақтау үшін мен де аянған емеспін. Әйгілі “Буревестниктің” сапында өнер көрсеткен ағаларымыздың даңқты жолын жалғастыру үшін барымызды салдық. Ұлы бапкер Октябрь Жарылқапов арманда­ған белестерге жете алмаға­нымызбен тоқсаныншы жыл­дар­дың басында Қазақстан волейболының шоқтығы биік болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

–       Қазіргі кездегі сәтсіз­діктің барлығын да мамандар қаражаттың аздығынан деп түсіндіреді. Республика волейбо­лының тұғыры биік болған тоқсаныншы жылдардың басын­да да шекеміздің шылқып тұрға­ны шамалы еді ғой…

–       Бұл екі кезеңді салысты­руға болмайды. Ол кезде “До­рож­никтің” сапында КСРО чем­пионаттарына қатысып, шебер­ліктерін әбден шыңдаған сайып­қырандар өнер көрсетті. Ел біріншілігі үздіксіз өтіп тұрды. Ізбасарларды даярлау жүйелі түрде жүрді. Соның нәтижесінде 1991 жылы Алматының “Доро­жнигі” “Азамат” деген атауға ие болып, КСРО кубогын олжала­ды. Кейіннен Одақ тарағаннан соң да жеңісті дәстүр жалғасын тауып, талай халықаралық жарыс­тарда абыройымыз асты. Әсіресе, 1993 жылғы маусым­дағы табысымыз аса қомақты болды. Сәуір айында Азияның ең мықты клубтарының қаты­суымен өткен біріншілікте “Азамат” алтыннан алқа тақса, қыркүйекте Қазақстан құрамасы құрлық чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Өкінішке қарай, содан бергі тоғыз жыл ішінде осы нәтижелерімізді қайталай алмай-ақ қойдық.

“Әуелде Парижге ғашық болдым. Алайда Алматыма ештеңе жетпейді екен”

–       1993 жылғы маусымда се­­нің де жұлдызың оңыңнан туып, Азияның теңдессіз ойын­шысы атандың. Бұрын-соңды бірде-бір қазақстандық волейбол­шы осындай атаққа қол жеткіз­ген емес. Содан кейін-ақ шетел­дің мамандары сенің қыр соңың­нан қалмай қойды емес пе…

–       Жалғыз маған емес, сол жылы Азияда оза шапқан әріптестерімнің бірқатарына Еуропаның белді клубтары “құда түсе” бастады. Мен ойлана-тол­ға­на келе Францияға аттанғанды жөн көрдім. Алғашқы жылы Париждің “ПУК” клубында өнер көрсеттім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Айтулы команда өз тарихында тұңғыш рет чемпио­наттың қола жүлдесіне қол жет­кізіп, кубок жолындағы бәсекеде финалға дейін жетті. 1994-95 жыл­ғы маусымда Париждің “Па­ри Сен Жерменіне” ауыс­тым. Бұл жолы да кубоктық сайыс­та күміс медальді қанағат тұттық.

–       Содан кейін Ресейге жолың түсті…

–       Иә, 1995-1998 жылдар аралығында Ресей біріншілігінде ойнадым. Әуелі Нижневартов­скінің “Самотлор” клубының жейдесін кидім. Кейінгі екі жылда әйгілі бапкер Вячеслав Платонов тізгінін ұстаған Санкт-Петербургтің “Автомо­билисінде” шеберлігімді шың­дадым.

–       Франция мен Ресей бірін­шіліктерінде тамаша ойын өрнегімен танылған Байтөреевті көптеген қырағы мамандар өз командаларынан көргілері келгені жасырын емес. Алайда сен алып-ұшып елге оралдың. Неліктен?

–       Сағыныштан десем, сенесің бе? Мен алғаш Фран­цияға табан тірегенімде кере­мет­тей әсерге бөлендім. Марсель, Бордо, Лион секілді қалаларда өмір бойы тұрсам ғой деп ар­ман­дадым. Ал Парижге тіптен ға­шық болдым. Алайда біраз уа­қыт өте елімді, жерімді сағын­дым. Бес жыл бойы жырақта жүріп, өзімнің әсем Алматыма ештеңе жетпейтініне көзім жетті.

–       Шетелдің белді клубтары саған барлық жағдай жасаймыз, мол қаражат төлейміз деп уәде етті емес пе? Оның үстіне өркениетті мемлекетте өмір сүру әркімнің бір арманы ғой…

–       Әрине, бәрімізде қал­тамыздың қалың болғанын қалаймыз. Бірақ бұл дүниеде ақшадан да асыл заттар бар екенін ұмытпаған жөн. Мәсе­лен, Отан, отбасы, махаббат… мен үшін бұлар бос ұғым емес.

“Шаршағаннан соң волей­болдан қол үздім, сағынғаннан кейін қайта оралдым”

–       Бақытжан, өзіңмен соң­ғы рет жолыққанда: “Үлкен спортты қойдым. Енді өзге салада қызмет істегім келеді”, – деп ағыңнан жарылған едің. Шынын айтсақ, өнеріңе талай жыл тамсана қол соқ­қан жа­на­шыр жанкүйерлерің сенің спорт­пен қош айтыс­қа­ның­ды қа­ламады. Осындай шұғыл ше­шімге келуіңе не себеп болды?

– Шаршағандық бо­лар. Күніне екі мезгіл жаттығып ақ тер-көк терге малшыну, уақытымен ұйықтап, уақы­тымен ояну, үнемі бабыңды сақтау үшін талай қызықтан бас тарту, темірдей тәртіпке бағыну оңай шаруа емес. Көретініміз тек жаттығу за­лы, киім ауыстыратын бөл­ме, қонақ үй. Күнде сол, жылда сол. Бірқалыпты күйбең тіршілік мені қатты жалықтырды. Содан өз ма­мандығым бойынша қызмет істеуге әрекет еттім. Қолым­да Алматы автомобиль жол­дары институтының дипло­мы бар. Оны азсынып, ҚР Прези­денті жанындағы Қа­зақ халық­аралық экономи­калық инсти­тутын тәмәм­дап, экономист-бухгалтер мамандығын алдым. Енді өзімді спорттан өзге салада сынап көргім келді.

–       Бұл ретте жо­лың ауыр болды-ау. Ке­зінде “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде: “Азия­да теңдесі жоқ ойыншы өз Отанында жұмыс таппай сарсаңға түсіп жүр” деп жазған еді…

–       Иә, жұмыс тап­пай қатты қиналған кез­дерім болды. Кеше ғана арқамнан қаққан көп азаматтар спортпен қош айтысқаннан кейін қол ұшын беруге жарамады. Екі жылға жуық сенделіп жүріп, әйтеуір “СТ-Ме­диа” деп аталатын жар­нама агенттігіне қызмет­ке орналастым.

–       Бір күні баспасөз бе­тін­де: “Байтөреев Бор­дода жүр”, – деген ша­ғын ғана мақала жылт ете қалды…

–       Шыны керек, жар­намалық агенттікте тапқан табысым өз ба­сыма жеткені­мен артым­да отбасым бар. Бә­ріміздің қажеттілігі­міз­ді өтеуге жалақым жеткілік­сіз болды. Содан бір күні Франция­да ой­нап жүр­ген досым Виктор Ко­зик: “Сенің жұмыссыз жүрге­ніңді естіген француздар бізге кел­сін деп ниет білдіріп жа­тыр”, – деп хабарласты. Ойлап қарасам сол кезде жасым 33-ке таяп қа­лыпты. Ал спортшының спорттық кезеңі қысқа келеді. Енді не болса да айызым қанғанша ойнап, өзім­нің жеке тұрмыстық жағ­­дайым­ды аз да болса түзеп алу­ға бекініп, Францияға аттанып кеттім.

–       Екі жыл үзілістен кейін қайта бабыңа ену қиынға соққан жоқ па?

–       Жоқ. Керісінше екі жыл­ғы үзіліс маған зор пайда әкелді. Волейболды сағынып қалыппын. Күш-қуатым қайта қалпына келгендей. Өзімді дәл жиырма бестегі жалынды жастай сезініп, керемет бір құл­шыныс пайда болды. Со­нымен қоса Алматыда жүрген­де аптасына екі-үш рет Зей­нолла Жаппарұлы мен Жәні­бек Сауранбаев тізгінін ұстаған “Алмалы” деп аталатын арда­гер волейболшылар тобымен жаттығу жасадым. Соның да әсері болса керек, ойыным бірден үйлесіп кетті.

–       Сол Францияда алдымен екі-үш жыл ойнадың ғой. Араға бес жыл салып аталмыш елге қайта оралғанда, өзіңмен қа­тар ойнаған волейболшыларды кезіктіре алдың ба?

–       Кей кезде жолығып қала­мыз. Бірақ менімен қатар ойнағандардың көбі спортпен әлдеқашан қош айтысып үл­герген. Ал қазіргі әріптесте­рім­нің кейбіреуі мені әлі ұмыт­папты. Олар: “Баха, біз сізді жақ­сы білеміз, кезінде сіз “Па­ри Сен Жерменнің” сапында атой салып жүргеніңізде біздер әлі бала едік. Сыртыңыздан қа­рап сүйсінетінбіз” деп естеріне алады. Расында да уа­қыт зымырап өтіп бара жатыр. Қазір менімен бір клубта ой­нап жүргендер жиырма бестегі жалынды жастар. Ал мен жиырма бесімде Францияға алғаш табан тіреген тұста олар 15-16 жастағы бозбалалар еді…

–       Сол жалынды жастармен иық тіресіп ойнау ардагер ойыншыға қиын емес пе?

–       Мен бұл жаққа француздар: “Қазақстаннан жай бір ортақ қол ойын­шы келіпті”, – деп мұрын­дары­н шүйіріп қарамасын деп, бі­лек­ті сыбанып келдім. Әзірге ойы­ным жаман емес. Өзім де, әріптес­терім де, бапкерлерім де риза.

–       Былтыр сен “Бордода” тәп-тәуір ойын көрсетіп, жарыс қоры­тын­дысы бойынша алғашқы жиыр­ма мықтының бірі болдың. Алайда биыл өзге команданың жейдесін киіп отырсың. Неге?

–       PRО-А лигасында өнер көр­сет­кен “Бордо” 2000-2001 жылғы мау­сымды сегізінші орынмен аяқ­тады. Бұған дейін аталмыш команда осындай биікке көтерілмеген екен. Бірақ ойда-жоқта клуб өзін “банкрот” деп жариялап, бәріміз жан-жаққа тарап кеттік. Келесі маусымды “Брив” командасында өткіздім. Енді биылғы жылдан бастап әуесқойлар лигасындағы САБС-Воллей клубында ойнаймын. Сонымен қатар балаларды жаттықтыратын боламын.

“Ұлттық командада ел на­мы­сын қорғаймын деп құл­шынып тұр­ған патриот­тардың ойнағаны жөн”.

–       Қазақстан волейболшылары таяуда тұңғыш рет әлем біріншілігіне қатысты. Сенің ойыңша жерлес­теріміздің табысты өнер көрсетуге мүмкіндігі болды ма?

–       Мынадай ірі додада осал командалар болмайды. Ал біз тіптен мықты топқа түстік. Югославия – Олимпиада чемпиондары, Испания – Еуропаның бетке ұстарлары, ал Жапония Азияда алдына жан сал­май жүрген команда. Айтулы құра­­ма­ларда төтеп берудің өзі оңай емес. Ол үш кездесудің ең болма­ғанда біреуінде жеңіске жетсек біздер үшін зор табыс болар еді. Өкінішке орай, ол мақсатты да орындай алмадық.

–       Кезінде спорттан қол үзіп қалғаныңда да бапкерлер сені жауапты бір жарыс қарсаңында ұлттық команданың туы астына жиі шақырды. Таяуда еліміздегі бетке ұстар мамандардың бірі: “Мен бүгінгі таңдағы Қазақстан құрамасын Бай­тө­ре­евсіз көзге елестете алмаймын”, – деп жария етті. Осындай сенім саған тегіннен-тегін артылмаса керек…

–       Әрине білікті мамандардың ау­зы­нан осындай мақтау сөз есту кімге болса да қуаныш қой. Бірақ волейболдың ко­мандалық ойын екенін естен шы­ғар­маған жөн. Қанша мықты болсаң да жалғыздың аты жалғыз. Әріп­тес­те­рімнің көмегінсіз осындай табыс­тар­дың бірде-біреуіне қолым жетпес еді.

–       Жуырда баспасөз бетінен шетелде өнер көрсететін легионер­лердің біразы іріктеу сынында ел құрамасында ойнағаны үшін едәуір мөлшерде ақша талап еткенге ұқсайды. Сенің осы мәселеге байланысты көзқарасың қандай?

–       Мәселенің анық-қанығын білмеген соң пәлендей бірдеңе айту қиын. Ал меніңше ұлттық коман­да­ға жеке басының жағдайын күйт­те­ген ойыншылар емес, ел намы­сын қорғаймын деп құлшынып тұр­ған патриоттардың ойнағаны жөн.

–       Үнемі жаттығуға барып, жарыстан-жарысқа қатысып жүрген спортшының бос уақыты да болмайтын шығар. Дегенмен де қолың қалт еткенде нендей іспен шұғылданасың?

–       Кітап оқығанды ұнатамын. Әсіресе Федор Достоевскийдің ро­мандары мен Фридрих Ницшенің пәлсәпалық дүниелері жаны­ма жақын. Таяуда Стефан Цвейгтің 9 томдық шығармаларын са­тып алғанмын. Қазір соны оқып жа­тыр­мын. Сондай-ақ музыка тың­да­ғанды жақсы көремін. Алматыдағы пәтерімде өзім жиған жүз­ден астам компакт-диск бар. Онда Моцарт, Бетховен, Шопен­нің клас­сикалық шығармаларынан бастап, поп, рок музыкаға дей­ін жиналған. Шетелде жүргенімде еліме деген сағынышымды Құр­ман­ғазының күйімен басамын. Биыл Ислам діні жөнінде біраз дерек көздерін ақтарып, анамыз екеуміз Құранның аудармасын оқып шықтық. Соның төрт сүресін жаттап та алдым.

Волейбол әлеміндегі жарық жұлдызбен біздің әңгімеміз осылай өрбіді. Ел спорты десе қашанда елеңдеп тұратын Байтөреев бүгінгі Қазақстан волейболының жағдайы жанына қатты бататынын жасырма­ды. Расында да күні кеше ғана қо­лы­мызға су құюға жарамаған талай команда қазір әлемдік аренада атой салып жүр. Ал жерлестеріміз соңғы жеті-сегіз жыл көлемінде ауыз тол­ты­рып айтарлықтай бірде-бір та­бысқа жете алған жоқ. Бар белесіміз – биылғы әлем біріншілігіне жол­дама алумен шектеледі. Міне, дәл осындай қиын кезеңде Қазақстан волейболын тығырықтан шығару үшін шетелден бейтаныс бап­кер­лерді шақыртқанша Байтөреевтей ел спортына еңбегі сіңген саңлақтың мол тәжірибесін неге пайдаланбасқа? Ондай құрметке кейіпкеріміз әбден лайық. Ол біріншіден – волейболдың отымен кіріп, күлімен шыққан ойыншы. Екіншіден – Еуропа мен Азияның алаңдарында шеберлігін әбден шыңдаған саңлақ. Үшіншіден – ол ұлтжанды, ұлтын сүйетін азамат. Міне, әр спорт саласында тізгінді осындай ұлтжанды мамандар ұстағанда ғана іс өрге басады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,“Егемен Қазақстан”.

30 қазан 2002 жыл.