Жексенбі, 18 қараша 2012 0:34
Көңілім сенген соңғы жылдарғы бір шындық – Мұзтаудың қадіріне біздің қазақ әлі күнге жете қоймапты. Сүтпен еніп, сүйекке сіңген ежелгі енжарлау мінезіміз бұл ретте де өз әсерін тигізген сияқты… Ел жақтағы “менмін” деген азаматтардың қайсыбірінен Мұзтау туралы сұрай қалсаң: “е, көріп жүрміз ғойдан” әріге аспаған.
Жексенбі, 18 қараша 2012 0:34
Көңілім сенген соңғы жылдарғы бір шындық – Мұзтаудың қадіріне біздің қазақ әлі күнге жете қоймапты. Сүтпен еніп, сүйекке сіңген ежелгі енжарлау мінезіміз бұл ретте де өз әсерін тигізген сияқты… Ел жақтағы “менмін” деген азаматтардың қайсыбірінен Мұзтау туралы сұрай қалсаң: “е, көріп жүрміз ғойдан” әріге аспаған.
–Жайлауда малда жүргенде анадайда жарқырап жататын,–десті елдің ақсақал үлкендері.
–Бірде жылқы іздеп Қапшалға дейін барып қайтқам,–деп бөсті жылқышы бір құрдасым.
–Басына дейсің бе?.. Қызық екен… Көк мұз, ақ қарда атамның басы қалғандай не қылам мен ол Мұзтаудан!–деп келесі бірі шамданып теріс айналып кетті.
Сөйтіп елдегі ағайыннан Мұзтау жайында жақсы сөз, жарытымды дерек ала алмағанбыз.
Менің ауылдастарымның әлгі айтқан “көріп жүрмізі”–кемінде Мұзтаудан жүз шақырымдағы аралық. Ал Мұзтауға ең таяп барған жылқышы құрдасымның Қапшалынан әрмен әлі он бес шақырым жер бар-ды.
Осыдан ұққаным – күншіліктен көз салып, айшылықтан малданып жүргендері болмаса, біздің ағайын арнайы іздеп Мұзтауға ғұмыры бармапты ғой.
Ала жаздай Мұзтауға шұбырған шамбалашылар, рерихшілерді былай қойшы, қара жаяу қаптаған туристердің ішінен қара көзді емге таппайсың. Тек өткен жылы өткізілген “Мұзтау–2002” фестиваліне екі альпинист қазақ жігіті қатысыпты деген сөз бар. Басқасында, ұлы таудың басына шықпақ түгіл, етегіне барып қайтқан қазақты кездестіре де, ести де алмадық.
Қазақтардың Мұзтауға деген көзқарасын XІX ғасырдың соңында орыстың әйгілі саяхатшы-ғалымы В.Сапожников та жазып қалдырған екен. “Высокие снежные горы (Белуха) служат у калмыков предметом священного почитания, –деп жазады ғалым. – Никто из них под страхом смерти не смеет восходить на них. Обаяние Белухи на киргизов (казахов) еще больше: “Нам и смотреть близко на нее нельзя”, – говорил мне один старик из аула в вершине Черной Берели”.
Мұндағы айтып отырған қариясы – қазіргі біздің Берел ауылының бір тұрғыны болса керек.
Өзге жұртты білмеймін, Мұзтау біздің бала күнгі аңсарымыздың бірі болатын. Әйгілі таудың әйдік келбетін, шіркін-ай, жақыннан барып бір көрсе, тынысын сезіп, көк мұзын сипап қызықтаса дегендей арман бала қиялымызды талай тербеген… Бірде жайлаудағы біздің қостың қасына қызылды-жасылды киінген жеті адамның түнеп шыққаны есімде. Апам оларға қымыз берді, ет асты, жолдарына бір торсық айран арқалатып жіберді. Арада алты күннен соң әлгі топ алты адам боп кейін қайтты. Біреуі мұздың жарығына құлап қаза болыпты, құтқарушылар келіп оны қалаға алып кетіпті. Мұзтау қатерлі жер, ол жақта өлім-жітімсіз болмайды деген лақапқа әлгі оқиғадан соң біздің де бала көңіліміз сене бастаған. “Мұзтау қатерлі, Мұзтау қиямет” деген сөздерді одан кейін де талай естідік. Осылайша Мұзтау бейнесі біздің санамызда сұмдық қиындықпен, тіпті өліммен қабаттаса елестейтін болды.
Бәрібір ұлы тау өзіне қызықтыруын қоймаған.
Алдыңғы жылы Алтайдың адам баспас әлде бір биігінде иесіз қалған ескі ауыл –Көккөлге шыққан сапарымызда әйел, бала-шағасымен шұбырған шамбалашыларды көріп ойға қалғамыз. “Мынанша халық бесіктегі баласымен қоса жаяу–жалпылы Мұзтауға шұбап бара жатқанда, соқталдай еркектер бізге не жоқ, осы біздер неден тайсақтап, неден жасқанып жүрміз”, –дегендей ой келген.
Көкейдегі осы ойымызды іске асырудың реті биылғы жазға тиген еді.
Өскемендегі альпинистік-туристік фирмамен келісіп, Алтай десе ішкен асын жерге қоятын баяғы азаматтар қаңтардан бастап өзімізді рухани дайындау, дене шынықтыру тұрғысынан шынығу әрекеттеріне кірісіп кеттік. “Баяғы азаматтар” деп қатарынан бірнеше жыл Алтайға барып жүрген достарды айтып отырмын. Олар: полиграфист Ахметқали Өтеғалиев, баспагерлер – Тұрлығазы Дуанбеков, Елемес Иманғалиев, Қайырды Назырбаев, журналистер Олег Рябченко мен Сауытбек Абдрахманов еді. Алайда, соңғы сәттерде осы достарымыздың кейбіреуі жұмыстың ыңғайы, отбасының жағдайына байланысты түрлі себептермен сапарға шыға алмай қалысты. Бірақ мұз жастанып, қар төсеніп боранды биіктерде жүрген кездерімізде қалада қалып қойған әлгіндей достарымызды өзімізбен бірге санадық. Өйткені, баршамыз боп ала қыстай дайындалған, көптен мақсат еткен бұл сапар бәрімізге ортақ арман-мүдде болатын.
Сөйтіп, таң атпай желіп жүгіруге кірістік, демалыс күндері көп жаяу жүрдік, велосипед тептік, шама-шарқымызша аяқты шыңдайтын басқа да жаттығулар жасап бақтық.
Жеме-жемге келгенде бұл тірлігіміздің бәрі түк емес екен, баланың ойыны секілді адыра қалды.
Мұзтау жолы біз ойлағандай емес, аса қауіпті әрі қиын сапар боп шықты.
* * *
Алдымен аудан орталығынан екі жүз шақырымның үстіндегі Қаракөлге дейін (картада Язевая көлі деп белгіленген) “вездеход” автокөліктерімен жеттік. Көл жағасындағы жоталы жазаң түбекке Катонқарағай ұлттық табиғи паркі туристер үшін қонақ үй кешенін салып жатыр екен. Қарағайдан қиған көрікті үйлердің бірнешеуі бой көтеріп қалыпты.
– Заман ығына қарай бейімделіп жатқан жайымыз бар, – деді осындағы орманшы досымыз Игорь Месяцев. – Мұзтауға ағылған туристердің тең жарымы Қазақстан арқылы өтеді. Оларға жақсы сервис дайындау – ел мен жерді насихаттаудың бір парасы деп отырмыз.
Осы Қаракөлдің жағасында бір түнеп, ертеңінде салт аттармен ертелетіп Мұзтауға сапар шектік.
Біз үшін осы бір қайырлы сапардың керек-жарағын қамдап, жөн-жосығын жасап, елдегі қажет шараларды үйлестірген табиғи парктің директоры Ерен Жұмағұлов болатын. Ерекең жылмиған жүйрік, тайпалған жорға емес, ұзын жолға шыдамды, қия-жартасқа мығым мықты аттарды дайындатып қойыпты.
Тоғыз ат, сегіз кісіміз. Сегіздің екеуі – альпинист-нұсқаушы, сосын бір атқосшымыз бар. Палаткалар, төсек-қаптар, альпинистік әбзелдер, басқа да керек-жарақ артқан бір атты жетекке алдық. Басқамызда да теңделген қоржын-сомалар, олардың іші бірнеше күндік азық-түлікке, жылы киімдерге, бәтеңке-байпақтарға толы.
Содан тоқтаусыз суыт жүріп кеттік. Атам қазақ айтпақшы, аласа-биігі бар жерменен, ашығы-тұйығы бар жолменен тоқтаусыз тартып келеміз. Таулы-қиялы ұзақ сапарда кей тұста жолдың сорабын жоғалтып, шыр айналып адасып та қаламыз. Соңынан қазақтың кезіндегі небір көрікті қоныстарын, үкілі жайлауларын басып өттік. “Кезіндегі” дейтінім– Қаракөлден шыға бере, арада он шақырым өтпей жатып Ресейдің территориясына кіріп кеткенбіз… Атам заманнан бері сызылып қойған жолдың жөні солай екен.
Біраздан соң оңды-солды жығылған ағаш, сидиған сида, қарақат пен көкбояудың ұйысқан бұтасы жолымызды бөгеп, тайганың ішімен сырғанай ылдилап, түс әлетінде Катунь өзенінің терең шатқалына түстік.
– Біз Елеңшадыр өзенінің Қатынсуға қосылған тұсына келдік. Анау избушканы баяғыда біздің Катонның малшылары салған…
– Иен жерге үй салғандары несі?
– Бұрын иен емес болатын… Біздің малшылар ала жаздай осы арада мал бағатын, кейде тіпті қыстап та қалысатын.
– Қазір ше?
– Қазір ешкім тұрмайды… қыс айларында боранға қалған қорықшылар ғана анда-санда соғып тұрады.
Катунь өзенінің екі жақ аңғарындағы кең көсілген бұл иесіз мекенге қазір қазақтың малшыларын Ресей жағы аттап бастырмайды екен. Ал арғы беттегі ойраттар болса – анау тас қамалдай сірескен құз-жартас, Абылай аспас асулардан бері қарай өте алмайды. Осылайша Өр Алтайды жайлаған Қаратай жұртының ертегідей әдемі төр жайлауы салдырап бос қалыпты.
Орыс халқының әлімсақтан бері арман етіп, аңыз қылып іздеп өткен Беловодьесі осы Өр Алтайдың Катонқарағай өңірі екені көп жазылып жүр. Кейде біз жетпіс жыл ғұмыр кешкен Кеңес өкіметін көзсіз жамандай беретініміз бар. Алайда, сол Кеңес жарықтық болмағанда бұл аймақтың қазағы үдере көшіп, сонау Қарқаралыдан бірақ шыға жаздапты… Қазан төңкерісінің алдында Алтайдың Шабанбай алабындағы әлгі “Беловодье” аталған құйқалы пұшпағының бәрі Ақ патшаның жеке иелігіне өтіп, Кабинетные Земли Его Императорского Величества аталып кетіпті.
Байқап отырсақ, Алтай жазғанның көрмеген құқайы қалмапты… Қал-ағаңның (Қалихан Ысқақов) осы өңірді жетімдер мен жесірлер елі деуінде де бір астар жатыр. Алтайды жіліктеп бөлу алдыңғы ғасырда, атап айтқанда 1869 жылғы Шәуешек келісімінде басталады. Бұл келісім қалың қазақты ортасынан қақ бөліп, Ресей мен Қытайдың шекарасын белгілейді. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда бұл өңірдің қазағы Қытай қашып, “кірән” асып тағы ойран-асыры шығады. Ол қазақтардың көпшілігі одан әрмен Тибет өтіп, Индия көшіп, Ауғанстан арқылы түрік ағайындардан ғана пана тапқандарын бертінде білдік. Қазан төңкерісі қазақты Алтай ауғаннан сақтап қалды деп жүргенде, 1930 жылы біртұтас тайпалы ел болып отырған Катонқарағай аймағы екіге бөлініп, Қошағаштағы (қазір жеке аудан) ағайын-жұрағат Ресейге қарап кетеді. Әйтсе де, тәубешіл халықпыз ғой, ел бөлінсе де ен бөлінбесін деп жүргенде, тәуелсіздіктің алғашқы аласапыранында белгісіз себептермен баяғы Шабанбай осы Қатынсуға дейін, оған қосымша Мұзтаудың маңайы, Ақалақа, Үкөкке дейін Ресейге өтіп кетіпті.
Енді, мінеки, Шабанбайдай жер қайда, Бұландыдай көл қайда деп бала күнімізде әнге қосқан бал қымыздай байтақ өлке жетім жатыр. Елге құт болған өлеңді жер еді, ерге құт болған тереңді жер еді, жерге құт болған белеңді жер еді, сол Шабанбайдан айрылып отырмыз.
…Балқарағайы самсаған бір тұмсықты айнала бере қарсы алдымыздан ашылып салған жайқын дала еріксіз іш тартқызды. Жайқын дала жап-жасыл болып жайқалып жатыр. Сазды жердің ат бауырын сызған бос балдыры, сояудай боз қияғы емес, қырдың салқын сабат шымдауыт шалғыны, уыздай ұйыған ұлтанды шөбі: үп еткен самалмен қосылып үлбіреген шәлідей толқығанда көзің жасаурайды. Дариға-ай десеңші, ағаш нәсілімен, жер жасылымен сәнді деген осы да тегі.
– Бұл алқапты Мәкиле дарасы деп атайды, – деді бұл өңірді бір адамдай білетін орманшы Ағәділ Сүндетбаев. –қазақтың шыбынсыз жазын іздесеңіз – осы жерге келіңіз. Мынау жайқалған жасыл белдің бәрі — атбұршақ пен жоңышқа. Бұрынғының қазағы бұл араның шөбін малға шипа, малшыға дәрі санапты.
Алты алаштың ардақтысы, Еңбек Ері, жүрегі сара, көкірегі даңғыл шежіре қариямыз Бошай Кітапбаевтың жазбаларынан кейінірек Мәкиле жайында сөз іздеп, мынадай бір дерек тапқанбыз.
“Мәкиле – Самай руынан шыққан дәулеті тасқан, мерейі асқан атақты би болған кісі. Алтай өңірін жайлаған қазақтардың тарихы, тұрмыс-салты туралы Потанин, Радлов, Самойлович секілді орыс ғалымдарына көп мәлімет берген. Өр Найманның от ауыз, орақ тілді Таңырық ақыны:
Самайда кісі қайда Мәкиледей,
Болмаған қартайса да ақыл кедей.
Кісі еді екі асылдың қосындысы,
Соқтырған тайтұяқтан сақинедей, — деп Мәкиле биді құрметпен жырға қосқан екен”.
“Апырмай, — деп көз алдымызға елестеткен боламыз, — мынау кең аңғарды бір кездері мыңғырған жылқы, маңыраған қой, шапқылаған құлын–таймен жарысып шулаған бала-шаға көңілді думанға бөлеп, қан базардай қайнатып жатты-ау тегі. Сол шадыман береке анау өзен жиегіндегі бидің ақ төбедей отауымен, киіз үйлі ақшаңқан ауылмен қандай жарасым тауып тұрды екен!”.
Жалғыз Мәкиле дарасы емес, төмендегі Құраған, Түрген, Сақал өзендерінің аңғары, Елеңшадырдың ел көшкендей енсіз қапталы, жоғарыдағы Қапшалдың қапсағай жондары – бәрі-бәрі қазақтың жөңкіле көшіп, жазыла жайлаған жайлаулары болыпты. Үлкендерден естігеніміз – бұл аймақта малшылар малды алдымен жаз бойы биікке салады екен. Содан бозқырау түсіп, марал батпақтайтын мезгілде малды етектегі соныға жібереді. Оның себебі — тау белдеуіне қырау түсе жер тоңазып, жылқы тайғанап мерт болады деседі.
— Біздегі Аршаты ауылында қойшылар аяқтарына тақа киіп қой жаяды. Қия тауда тайып кетсең – май күреңсенің үстімен қолшанадай ағасың, – деді бізбен бірге келе жатқан серігіміз, аршатылық қорықшы Манарбек Омаров.
Қалай болғанда да осыншама құлпырған кең өңірдің адам баспас иесіз қалғаны – жерге обал көрінді де тұрды. Үлде мен бүлдеге оранып отырса да оң жақта қалып қойған ару қызды елестеткендей. Мал тұяғы тимеген соны балауса, майға бұлғағандай жылт-жылт еткен жасыл шалғын, шашақ атып шұбартқан мың сан гүлшөп, аңғарды жиектеп сарқырап аққан асау өзен… Барша сұлу ажарын ашып, мырзалығын аямай-ақ төгіп салған иесіз мекенге елжірей қарайсың, егіле үздігесің. Бәрібір, көз құрғыр тойса да, көңіл шіркін тояр емес. Аттан қарғып түсіп, аунап-аунап алғың келеді. Аттан қарғып түсіп, белуардан көк шөп кешіп, біраз жер жаяу жүрдік. Көркемдіктің әнін салған қою гүлдерді иіскеп, қымыздық теріп мәз болдық. Көкіректі айқара ашып жайлаудың кермек ауасын армансыз бір сімірдік-ай дерсің!
Жалпы “дара” сөзі жеке тұрған тауға, шың-жартастарға қатысты айтылады. Алайда, талантты ғалым ініміз Бердібек Бияров “дара” сөзінің жеке адам мекен еткен қойнауға, тау аңғарына да қатысты айтылатындығын жазады. Дәл біздің мысалда кең аңғардың түстігі де, терістігі де өркештенген найзалы шыңдар, олардың қайсыбірін дараламақсың. Яғни, Бердібектің айтқаны жөн, қазақ мынау аңғар ішіндегі даладай көсілген кең жазықты “дара” атап отыр.
Мәкиле дарасын қоршаған екі қанаттағы жайылма бетте ағаш сирек. Қыста қар көшкіні жиі түсетіні беткейдің бетін әжімдеген тарам-тарам іздерден байқалады. Жергілікті жұрт көшкін түсіп тұратын мұндай таз беттерді “шашын” деседі.
Әлдебір тұста алдымыздағы Ағәділ жапырылған қалың шөпке қамшысын шошайтып:
–Мынаны қараңдар, апамның ізі! – деді.
–Апасы несі?
–Апасы аю да.
–Біздің жақта қасқыр мен аюды өз атымен атамайды.
Бәріміз жапырылған шөпті, жоғарыдағы қара орманның қалыңына қарай кеткен баданадай ізді қызықтап шуласып қалдық.
–Мәссаған, мұнда тезегі жатыр.
–Қане?
–Тезегі неге жап-жасыл?
–Жегенің шөп болса – сен де сөйтесің.
–Өзінен бу шығады.
–Бу шықса, осы қазақтар боғыма осыншалық неге қызықты деп анау ағаштың ар жағында бізді бақылап отыр.
Қапшал – бастауын мұздықтан алып Катунға қосылып жатқан көбік шашқан долы өзен екен. Тентек сулардың қосылған тұсында жалғыз аяқ соқпағымыз таусылып, ендігі жол қия мен жартасқа, асу мен жонға бастаған. Біз сияқты бір-бір ат мінген серілер емес, Мұзтауға баратындардың дені жаяу-жалпылы жандар ғой. Тасқа жабысып, қорымды аттап-бұттаған мына тар сүрлеу – жаяудың жолы. Төменде көктемгі бурадай буырқанған өзен, жоғарыда шынар өскен шың жартас. Қорқақтың құдайшыл келетіні рас болды. Біз де алдымен Аллаға, сосын астымыздағы атқа сиынып әупірімдеп Қапшалдан өттік.
Қапшалдан аман-есен өтіп, бірер шақырым жер оздырған соң, тағы бір мүйісті айнала бергенде алдымыздан жарқ етіп мұздықтар көрінген… Талай рет фотосуреттерден таныс, ойша талай зерттеген Катунь мұздығы, Геблер мұздығы. Мұзтаудың өзі жоқ, бел ортадан мелдектеп қою тұман астында қалыпты.
– Апырмай, Мұзтауға да жеттік пе!
– Әлі жеткен жоқсың… Былай жақын көрінгенмен, анау етекке дейін әлі он шақырым жер бар. – Осы жолмен талай жүрген нұсқаушы-бастаушымыз солай деп жауап берді.
Біледі екен, біраз жүре келе жүрісіміз қиындай түсті. Шалғын шөп сиреп, таудан құлаған қорым тастар жиілеп аяқты қамады. Байқап келеміз, жақындаған сайын Мұзтау төңірегінде ілгерінді-кейінді қаза болған зерттеуші ғалымдарға, гляциолог мамандарға, альпинистер мен туристерге орнатылған ескерткіш-белгілер жиілей бастаған.
Ақыры тау етегіне дейін аттардың бара алмайтынына көзіміз жетті. Қиналсақ та қайтеміз, әлдебір қызыл құмайт төбешіктің жадағайлау ығына тоқтап, лагерь құруға кірістік.
–Мұздықтың етегіне дейін бес шақырым бар, –деді нұсқаушымыз.
–Бүгін осында тынығып, ертең таңғы алтыдан жолға шығамыз. Бір палатка, аттар мен атқосшы осы арада қалады.
Көк шалғының арасы толған тас екен. Жөнін келтіріп жерді тазалап, әр тұстан шошайтып палаткалар тіктік. От жағып шай қойып, ет астық. Сосын алау басында әңгіме-дүкен құрып түннің бір уағына дейін кәукілдесіп отырдық. Жол жүріп шаршағанның бәрі ұмыт болған. Іргедегі ұлы таудың тынысы, көңілдегі қайдағы бір қытықшыл қиял бойға қуат, жүрекке жігер бергендей. Әлсін-әлсін Мұзтау жаққа бұрылып, үміттене көз салып қоямыз. Ашылар емес, бізді жатырқай сазарады, шығыстың қыздарындай ақша бетін тұманмен жасырып көрсетпейді.
Түн ортасы ауған шамада күн салқындап, қар аралас жаңбыр басталған. Біз де палаткаларға кіріп, ұйқы қамына кірістік.
* * *
Жалпы осы сапарға дайындық кезінде Мұзтау жөнінде көптеген кітаптардан, Интернеттен біршама материалдар жинастырған болатынбыз. Солардың бәрінде кездесетін негізгі мәліметтер мынаған саяды.
Мұзтау (орысша аты–Белуха) –Алтай тауларының ең биік нүктесі (4506 м), Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан. Мұзтаудың басы мен етегі мәңгі қар, алуан түрлі мұздықтар, мұздықтардың жалпы көлемі 70 шаршы километрді қамтып жатыр. Мұзтаудың төңірегінде 162 мұздық бар.
Мұзтау–қос өркешті. Алыстан қарасаң – аттың еріне ұқсайды… Алтайдың жон арқасына аппақ күміс ерді жарқыратып ерттей салған секілді. Мұзтаудың жан-жағы көз көрім көкжиекке дейін ала шұбар шың-жартастар. Қара орманды, қапсал шатқалды таулардың ажарында Мұзтау ғана қақ күмісше жарқырап жатады.
Осы екі өркештің арасын “Седловина” деп атайды.
Ел арасына кеңінен тараған аңыздарға қарағанда – Мұзтау қасиетті тау саналады. Буддашылардың айтуынша, бұл жерде құдайлардың аспандағы гүлжазиралы мекені – Шамбала орын тепкен. Әрі Будда – Гаутаманың өзі Индияға осы жерден барған. Жер шарының энергетикалық өрісі осы Мұзтауда тоғысқан деген де сенім бар. Ол энергетикалық өріс ғарышпен байланысты, сол арқылы бұл маңайға келген адамдарға Мұзтау күш-қуат беріп, жан сарайын тазартады, денсаулығын түзейді. Осы себепті де Мұзтау – Жер-ананың кіндігі саналады.
Мұзтау ғылыми, мәдени және тәжірибелік тұрғыдан да құнды объект. Бұл жерге жылына жүздеген альпинистер, мыңдаған туристер тоғысады. Орыстың әйгілі суретші-философы Н.К.Рерихтің ізбасарлары, сондай-ақ Будда дінінің шыққан тегін іздеуші шамбалашылар легі ала жаздай толассыз шұбырып жатады.
Мұзтаудың, әсіресе, ТМД, Балтық жағалауы елдеріндегі атақ-даңқы айрықша. Бұл елдердегі туризммен шындап айналысатын жандардың баршасы Алтайға, оның жүрегі Мұзтауға бір келіп кетуді өздеріне парыз санайды.
Әлгі, “заманақыр” туады деген лақап тараған 1999 жылдың тамыз айында Мұзтауға Ресей жағынан күніне 1 мың адам барып-қайтып отырған. Қазір де Қазақстан жағынан әр жаз сайын, басқа туристерді, демалушыларды санамағанда, рерихшілердің өзі мыңдап барып, киелі тауға табынып жатады. Олардың ішінде алыс шетелден–Италиядан, Германиядан, Австриядан, Индиядан келген туристер де баршылық.
Мұзтаудың қалыптасу жасы 1,5 млн. жыл деп саналады.
Мұзтау туралы алғашқы ғылыми деректер XVІІІ ғасырда пайда бола бастайды. 1836 жылы медицина докторы Ф.Геблер Мұзтау мен оның маңайын зерттеп, шамамен таудың биіктігін анықтайды, Катунь және Берел мұздықтарын ашады. Бұл аймақтағы дәрілік-шипалық өсімдіктердің аса молдығын ғылым әлеміне алғаш әйгілеген де осы дәрігер.
Мұзтаудың басына шығу әрекеті өткен ғасырдың басында басталады. 1907 жылғы Геблердің балалары мен ізбасарларының, 1909 жылғы ағылшын Теркердің әрекеттері нәтижесіз қалады. Мұзтаудың биігіне тұңғыш көтерілгендер–ағайынды ғалым Троновтар. Бұл оқиға 1914 жылғы 26 шілдеде 15 сағат 30 минөтте деп тіркелді.
Одан кейін де Мұзтауға шығу әрекеті тоқталмаған. Бірақ олардың бәрі сәтсіздікке ұшырап отырған. Олардың ішінде альпинизммен айналысып жүрген жас ғалымдар – кейіндері есімдері әлемге әйгілі академиктер Б.Н.Делоне, Е.И.Тамм болған. Мұзтау өз басына альпинистерді екінші рет тек 1933 жылы ғана шығарады.
Содан Мұзтауға туристік жол ұзақ жылдар бойы үзіліп қалып, 1952 жылдан қайта жалғасады.
Қазір мұнда Қазақстан тарапынан туризмді дамыту мақсатында инфрақұрылымдар жасалып, түрлі шаралар іске асырылып жатыр.
– Өкініштісі сол, Мұзтау адам танымастай өзгеріп барады, бұл алаңдататын жағдай, –дейді мамандар. –Альпинистер былтыр шыққан жолдарын таба алмай жаңылып қалып жүр. Мұзтау қатты еріп жатыр. Мұзтауды құрсаулаған мұздықтар баяғыда етекте, сайдың табанында жататын. Қазір кіндікке дейін өрлеп кетті. Жаһандық климаттың өзгерісін осы Мұзтаудан айқын аңғаруға болады.
Енді Мұзтау жайындағы мына бір әдемі аңызды тыңдайық.
Қазақта “қыз емшек” деген жер аттары көп кездесетіні белгілі. Солар сияқты Мұзтау да қос өркеш… Шамбалашылар Мұзтаудың шошайған осы қос өркешін Жер-ананың емшегі деседі екен. Осы Жер-ананың қос емшегінен Дүниенің төрт бұрышына аппақ сүттей төрт өзен ағып жатыр. Олар –Катунь, Ақбұлқақ, Кучерла, Ақкем өзендері.
Қандай бейнелі теңеу десеңізші! Кучерла мен Ақкемді көрмедік, олар Мұзтаудың арғы бетінен терістікке қарай ағара ағып жатыр деседі. Ал бергі беттегі Катунь мен Ақбұлқақ өзендерінің түсі шынында да сүттей аппақ, оны бұл жақтың ел-жұртының бәрі біледі.
Жалпы Мұзтаудың биігі жылына 14 күн бойы ғана ашық тұрады екен. Оның өзі шілде мен тамыз айларына, яғни Алтай жеріндегі шөп шабу қарбаласына сәйкес келетін сияқты. Сонда шабындық басында жүрген шөпшілер ауа райын Мұзтауға қарап болжап жүреді. Мұзтаудың биігіне бұлт ілінсе болды – жаңбыр жауады. Мұзтау ашық болса – көңіл де ашық, шаруа да жайлы.
Ал енді, орыстар Белая Берель деп атап, күллі әдебиет пен карталарға жазылып кеткен Ақбұлқақ туралы да айта кетпесе болмас…
Бүгінде Ақбұлқақ атауын көп қаламгерлер қате жазып жүр. Баяғыда Ғафағаң (Қайырбеков) оны Ақбұрқақ деп өлең-жырға қосып еді. Былтырғы жыл Есенғали да (Раушанов) солай жазып жіберіпті. Енді бір қаламгерлер Ақбұлақ деп жаңылуда. Турасында, айран түсті бұл өзеннің атауы Ақбұлқақ, яғни “бұлғаушы”, “лайлаушы” сөзінен шыққан. Өйткені, аппақ Ақбұлқақтың мөп-мөлдір Бұқтырмаға қосылып, оны лайлап жатқаны айдай шындық.
* * *
ТаҢертеҢ нұсқаушылар әр адамның рюкзагын керек-жарақпен толтырып, тап-тұйнақтай ғып жолға дайындап берді. Оның ішінде каримат-төсеніш, ұйықтайтын төсек-қап, тау мен тасқа шығатын арқан-жіп, альпинистік әбзелдер, әркімнің бір қабат жылы киімі, сосын бес күндік азық-түлік. Оның үш күні шыңға шығу, бір күн түсу, бір күн – запас. Телефон жоқ, радио жоқ, иен тауда ойламаған оқиға, күтпеген қиын жағдай туып қалса қайтпекпіз.
Сөйтіп, 30 килограмнан кем емес бір-бір рюкзакты шірей арқалап, қаздай тізіліп жолға шықтық. Түні бойы жауған жаңбырдың бәрі бұта-қарағанның жапырағында іркіліп қалған ба, Мұзтаудың түбіне жеткенше үсті-басымыз малмандай су болды.
Отыз килограмм жүк алғаш көтергенде бұйымдай болмап еді, отыз метрден соң арқамызда жүк барын сездік. Бір шақырымнан соң ауырсына ыңырсыдық, бес шақырымдағы Мұзтаудың түбіне жеткенде көз алдымызда қызылды-сарылы дөңгелектер ойнап, тәлтіректеп қалдық.
Алып мұздықтың сонау биіктен ирелеңдей ағып түскен ұзын тілі жіңішкеріп барып, жұқара келіп етекке жете жығылыпты. Мұздық астындағы үйдей үңгірден фонтанша атқылап Катунь шығып жатыр. Талай өлең-жырға, роман-повестерге, кинофильмдерге желі болған орыстың ұлы өзені. Анау төменгі тұсында көл-көсір дарияға айналатын айдынды өзеннің бастау қайнары, мінеки, осы.
Мұзтаудан бастау алған Катунь Таулы Алтай жерін көктей өтіп, Объқа құяды. Төменіректе –әйгілі Сростки ауылы. Тас талауы сыртында, бар таланты бойында, қазақ тектес аңқылдақ жігіт Василий Шукшин марқұмның туып-өскен жері. Өнер әлеміндегі қайталанбас туындының бірі – “Калина красная” осы Катуннің бойында түсірілген.
Осы Катунь өзенін біздің қазақ Қатынсу деседі. Бұл Қатынсудың Катонқарағайға, яғни Қатынқарағай мен қотанқарағайға еш қатысы жоқ. Катонқарағайдың “қотан қарағай”, яғни “топ қарағай” ұғымынан шыққанын зерттеушілер дәлелдеп отыр. Ал Катунь атауына келер болсақ, бұл гидроним төркінін мамандар көне түркі тілінен іздеп табады. Көне түркі ұғымында “қадын” – “мәртебелі”, “ақсүйек әйел” деген мағынаны береді екен. Белгілі орыс саяхатшысы П.Чихачев “Путешествие в Восточный Алтай” атты кітабында Катунь атауы туралы былай деп жазады: “У некоторых тюркских народов этот термин имел более широкое значение, так как он употреблялся в смысле “владычица”. Поэтому реке и дано название “Катунь” – “царица река”.
…Жан шақырып, әйгілі Катуннің бастауында біз де төңіректі қызықтап жарым сағаттай демалдық.
Атқылап Катунь шығып жатқан мұздықтың үсті қия болса да жадағайлау көрінген. Осымен өрлейтін шығармыз деп иегімізді көтеріп едік, нұсқаушылар бастарын шайқасты: терістік жақтағы иін тірескен қорым тасты, шапшыма тікті көрсеткен.
“Тфу, сайтан алғыр, мына шағылдан неғылмақпыз!”
–Мұздықтың үсті аса қауіпті. Мүмкіндік барда мұздан қашып, жермен жүріп қалған жақсы. Біз бүгінше мұздықтардың жиегін жағалап, біраз биікке шығамыз. –Бастаушы жігіт абыржыған көңілімізге өзінше басу айтып жатыр.
…Бүйтіп “жермен жүргені” бар болсын, әлгі қорым тасты тіктің желкесіне жеткенше моншаға түскендей күй кештік. Биік тауларға шығар алдындағы осындай төбелерді Алтай қазағы “бөртек” деседі. Сол бөртегіңнің желкесіне шығып едік – арғы жағындағы шұрықтың табанында жалтырап, жүзіктей көкпеңбек көл шыға келді. Мұндай да көкпеңбек көл болады екен-ау. Жақындай бере байқадық, өзі түпсіз тұңғиық сияқты. Кішкентай көлдің осыншалық терең болғаны қалай?
– Қыста қар көшкіні, жазда анау биіктегі дәу тастар домалап, осы көлдің түбіне ұрады. Ұрған сайын көлді тереңдетіп тас та, көшкін де атқып ары асып кетеді.
Мінеки, тереңдіктің қарапайым дәлелі…
Көл жағасында дамылдап, киім ауыстырған соң бастаушымыз:
– Алда қиын участок, абай болыңыздар! – деп ескерту жасады.
Қиын участогі – бір жағынан таудан құлаған қар көшкіні үйген, келесі жағынан жүздеген жылдар бойы мұздықтар ығыстыра сыйырып тастаудың салдарынан пайда болған жал топырақ екен. Жал топырақ болғанда таудай биік, арық аттың шоқтығындай тар, өзі жыландай созылып көз жетпейтін жоғарыға кеткен. Жалдың екі жағы да жарқабақ, оның үстіне жүрер жолың тіке шапшыма өрге бастайды. Түстік жағы қорым тасты болса да әйтеуір шұбартқан шөп байқалады, құласаң да шым-топырақ көңілге медет. Ал терістік жаны жаңбыр суымен мүжіліп өзінен-өзі құлап жатыр. Аяғың мүлт кетсе болды – сырғанап анау үш жүз метр етектегі мұздықты барып сүзесің. Сосын ілініп әзер тұрған қалың тас өрістен қайтқан қойдай соңыңнан сау ете қалады.
Елестетудің өзі қорқынышты. Елестетпейін десең келе жатқан пышақтың қырындай жалғыз аяқ соқпағыңның жарымы жарылып әлгі шағылға құлап жатыр. Қырсыққанда, қызыл асық қылтылдап, шаршаған аяқ сырқырап, дегеніңе көнбей әлектейді. Арқаңдағы басыңнан аса шошайған рюкзак аттап басқан сайын сатқындықпен бұлғақ қағады. Тірсегің дірілдеп, аяғыңды қайшылап сүйретіліп келе жатқанда енді бірде желп еткізіп қырдың қасқа желі осып өтеді.
Оның үстіне біз секілді етжеңділеу пақырды жүк арқалап өрге шыққан кезде желке май шалқайтпай, бұғақ май еңкейтпей кекжитіп қинайды екен.
“Ай, осыдан…” – деген алғашқы өкініш биікке бастаған дәл осы жалдың үстінде бір қылаң берген.
“Ай, осыдан аман қайтсам, көрмегенім тау болсын!”
Сеземін, бәрінің ойында сол. Іштерінен мені сыбап келе жатқандары барын да болжап келемін.
Жүз мәрте демалып, бірнеше сағат бойы қия соқпақпен өрге тырмысып, шу аяқ, қызыл май болған кезде әлдебір үстіртке шықтық-ау құрғыр.
Үстірт дегенің үлкен жазық екен, үсті толы қорым тас, үйдей үлкені, тақтайдай тегісі, найзадай үшкірі – бәрі бар. Қызылы, жасылы, көгі мен сарысы тағы бар. Теріскейде түнерген қардан ада қара бауыр таудың жарымы осы үстіртте жатқан сияқты.
Біраз жүре байқадық, үстірттің асты алып мұздық боп шықты. Мұз жарығы әр тұстан бір көрініп қалады: үсті бір қабат қара тас, одан әрі көгерген мұз, қап-қара терең шыңырау. Жақындаған жанды жұтып қоярдай үрейлі.
Қазақтың айтулы журналисі Жанболат Аупбаев досымның бірде осы мұздықтар туралы әңгімесін қызыға тыңдағаным бар. Сонда Жанболат Хан-Тәңірі жақта мұздың жарығын қазақтар “әуіт” дейтінін айтып еді. Осы сөзді мен Өр Алтайдың қазақтарынан сұрастырып едім, білмейтін болып шықты. Мейлі әуіт болсын, жарық болсын, құрдым болсын – оның заты біреу: орасан сайда ұзыннан сұлап жатқан алып мұз көлденеңінен қақ бөлінеді. Мұздықтың өн бойында мұндай әуіт-жарықтар жүздеп, мыңдап кездеседі. Оның қайсыбірі болсын адам үшін аса қауіпті.
Бір қызығы, жоғарыдан итерген қысымның әсерінен мұздың кейбір жарықтары қайтадан бітеліп те қалады екен.
Альпинистер осыдан бірер жыл бұрынғы бір қазалы оқиғаны айтқан. Оқыста әуітке түсіп кеткен бір жігітке көмек береміз дегенше мұз жылжып кетіп, қайран азаматты тірідей көміп тастапты.
Мұздың жарығына түсіп немесе мұз құламасынан домалап, арысы мерт болып, берісі аяқ-қолын сындырып мүгедек болып қайтатындар – көбінесе нұсқаушысы жоқ, өз бетімен екі-үш адам боп келетіндер сияқты.
Шүкіршілік, қасымызда тәжірибелі нұсқаушыларымыз бар, теория жағын ойдағыдай өттік, сондықтан әлгіндей “жабайы туристерге” қарағанда жағдайымыз жақсы деп күпті көңілімізді жұбатқан боламыз.
Етектен таңғы сегізде жолға шыққан біз тасты үстіртке іліккенде түс ауып кеткен. Біз тұрған үстірт таудан құлап аққан тұтас бір мұздық болып шықты. Әріректе сіреу-сіреу мұз құламалары байқалады, одан жоғары сұрғылт тұман. Сібірлеп жаңбыр жауып тұр, ұзаққа созылатын, адамды ығыр қылар ақ жауынның нағыз өзі. Нұсқаушыларымыз тұман ашылмай мұзға шығудың қауіпті екенін ескертті. Тұманның ашылуын, жаңбырдың басылуын күтіп, түскі тамақ әзірледік. Арнайы алып шыққан примустардың біріне шай қайнатып, екіншісіне тамақ пісірдік.
Шай ішіп жайланып, көже ішіп көңілденген соң тағы да жолға шыққымыз келді. Не бел кетер, не белбеу кетер дегендей, жүректерге қайыра жігер біткен.
Турасында біз жал жағалап, тау сағалап бұған дейін қара жермен, аттап-бұттап қотыр тастың үстімен жүріп келген едік. Мұзға әлі табанымыз тие қойған жоқ болатын. Сондықтан альпинистік асай-мүсейді асынып, арқан-жібімізді тартынып, “кошка” деп аталатын ырсиған болат тістері мұз түгілі, қарш етіп тасқа кіретін тақамызды аяққа байлап, анау жалтыр мұздың үстімен жүруге асықтық. Біз қанша асыққанмен төңіректі тұмшалаған қорғасын бұлт сейілмеді, сібірлеген ұсақ жаңбыр басылмады. Сібірлеген жаңбыр үсті-басымызды тағы да малмандай су еткен. От жағып жылынар бұл маңайда тіс шұқыр ағаш жоқ, пана қылар қалқа жоқ, қарайып-қарайып қара тастардың арасында ерсілі-қарсылы жүрдік те қойдық.
Бұл төңіректе біз ғана ма десек, төменіректен қараң-құраң бір топ адам көрінді. Араларынан бөлініп екеуі бізге келіп, жөн сұрасып танысты. Ине жұтқандай арық жігіттер екен, кәсіби альпинистер. Алты кісі Барнауылдан шығыпты, Ресей жағымен келіп, Берел мұздығы арқылы арғы беттегі Ақкемге өтіп кетпек сияқты. Мынау Катунь мұздығының жолын білмей, біздің жігіттерден жөн-жапсар сұрап жатты.
– Мына көрінген мұз құламасының ортасын ала көтеріліңдер. үстіне шыққасын сол жақ жиегімен жүріңдер. Келесі мұз құламасы аса тік әрі быт-шыт жарылып жатыр, сондықтан сол жақтағы жартаспен өрлеңдер. Оның арғы жағында қар көшкіні қаупі бар жалама беткейді кесіп өтесіңдер. Абай болыңдар. Содан “Жолбарыстың тырнағы” деп аталатын мұз құламасының астынан өтіп, Берел мұздығына асар асудың астына жетесіңдер. Ал ол жердің жолын тап басып айту қиын. Күніге мұз құлап, тау айрылып жатады. “Албастының ойнағы” дейміз ол жерді. Аса қауіпті участок, байқарсыздар…
Келген жігіттер картасын ашып жіберіп, әлгі айтқанның бәріне көздері жеткен соң, риза болып, рахмет айтысып қайтып кетті.
– Әне қараңдар, анау мұздың басында бір кісі жүр, – деді Қайырды.
– Қане… Бұл тұстан кісі көрінбесе керек еді…
– Қимылдайды… Кісі жүр деймін.
– Мираж ғой… Ол жерде кісі жүрсе – үлкендігі пілдей болғаны.
– Шынымен соншалықты алыс па?
– Алыс… Ақ қар, көк мұзда жердің аралығын айырып-білу қиын.
Кешкі алты болған кезде тұман ашылар деген үміт үзілді. Осы арада палаткалар құрып, таңды күтуге ұйғардық. Қып-қызыл тастың үстіне палатка тігу де қиын шаруа екен, жатар орынды үшкір тастардан тазалап, қатарлап жалпақ тастар төсеген болдық. Қанша тегістеген болсақ та түні бойы жамбасқа батып шықты.
…Кешкі алагеуім шақта бізді таңғалдырған бір көріністің куәсі болғамыз. Анау әріректегі мұз құламасын бел ортадан тұншықтырған тұманның басы бір сәт сейіліп, тура төбемізден әлдебір жақпар тасты қарлы шыңның биігі жылт етті де жоқ болды. Біз “бұл қай шың” дегендей нұсқаушыларға қарадық.
– Мұзтау ғой! – десті олар.
Әрине, Мұзтау екенін іштей біз де сездік, бірақ неге тура төбемізден көрінді. Біздің күткеніміз – анау мұз құламасынан әрмен жайдақ басталып, қабырғалай өрлеп, қиғаштай жететін алыстағы жадағай шың сияқты еді ғой!? Мынау… қарасаң басыңдағы бөркің түсетін шапшыманың көкесі болып шыққаны ма?!
Күймедегі Қыз-Жібектей бір сәтке жалт етіп, ғайып болған Мұзтаудың заңғар айбары жүрегімізді кәдімгідей шайлықтырып тастады. Астанадан алып-ұшқан көңіл пәсейді, Мұзтау бөрікпен қағып алар оңай олжа емес екені осы арада ғана санамызға жетіп, тіксініп қалдық.
Жамбасқа тас бата берген соң түн ортасында серпіліп далаға шыққан едім. Ай сүттей жарық екен. Бізді қоршаған динозаврдың жонына ұқсас құз-жартастар көгілжім сағым астында ұйқылы-ояу манаурап жатыр. Тасырлатып құз-жартастардан жиі-жиі тас құлайды. Енді мына жақтағы кереметке қараңыз – Мұзтау шайдай ашылып, нақ төбемізде сүттей сәулеленіп тұр.
Біз ұлы таудың кіндігінде жатыр екенбіз.
– Жігіттер… Мұзтау!
Жігіттер ұйқылы-ояу бір-бірлеп палаткалардан бастарын шығарып, аспанға қарап аңтарылысып қалды.
– Мәссаған…
–Жетіқарақшыны қараңдар, тура желкесінде тұр…
– Даяр тұрған картина дерсің.
– Япырым-ай, биік-ақ екен өзі…
– Мұзтауың осы болса, мен сескенейін дедім.
Шекесіне ай сәулесі түсіп, жұлдызды аспан астарында сүттей мұнартқан Мұзтау көзді арбайды. Мұзтау баяу қозғалатын сияқты, аппақ кемедей қалықтап көк аспанда жүзіп бара жатқандай сезіміңді қытықтайды.
Осы көрініс тағы бір көркем дүниені көз алдыға әкелгендей болды. Аградағы атақты Тадж-Махал мавзолейі айлы аспан ажарында осылайша үлбірей қалықтап тұратын. Қаншалықты шебер суретші болғанымен, Василий Верещагин ғажайып күмбездің аспан мен жердің арасында жүзген нәзік бейнесін жеткізе алмады. Бірақ біз Орағаңның (Оралхан Бөкей) соңғы рет жүріп өткен жолымен сапарлап, сол ғажайыпты көріп қайтқанымыз бар. Сол сапарда былайғы жұрт көп айтатын осы бір аңыз-әңгіменің шындығына көзімізді жеткізгенбіз. Енді, мінеки, Орағаңның Мұзтауы да айлы аспан ажарында Тадж-Махалдай қалықтап керенау жүзіп барады.
Мұзтаудың маңайында өмірге келіп, Тадж-Махалдың қасында дүниеден озған қайран Орағаң-ай десеңші! Көңілді мұнарлы мұң, жүректі сазды сағыныш сыздатқандай болды.
“Армысың, әулие тау, қасиетіңе бас идік сенің!”
* * *
БарнауылдыҢ альпинистері таңғы бесте темір ілгектерін шылдырлатып, ледоруб-таяқтарын тықылдатып біздің қасымыздан өтті. Қызықтап палаткадан сығалап едік, қызылды-сарылы киінген алты кісі жіптей тізіліп жоғарыдағы мұздыққа беттеп барады екен.
Біз бір шетінде жатқан Катунь мұздығының ирелеңдеген басы көз көрім жерге дейін ашылып қалыпты. Тұманның етегі түріліп, Мұзтаудың алқымына көтеріліпті. Түндегі Мұзтаудың қос шыңы бұлт астында тағы жоғалған.
Таңертеңгілік тамақтан соң палаткаларды жығып, рюкзактарымызды арқалап, асай-мүсей әбзелдің бәрін байланып, аяққа болат тақаны мықтап тағып біз де жолға шықтық.
Кешеден бері көрер көзге насыбай атысқандай-ақ аралықтағы алғашқы мұз құламасы жеткізбей сарсаңға салған. Арманшыл көзге арқан бойы жердің тұсау бойы жақындығы болады деген осы. Құламаға дейін де мұзға өрмелеп екі сарқырамадан өттік. Осы мұз сарқырамаларының желкесінен басталатын жазықтар алыстан қарағанда жып-жылмағай сияқты, жақындап барсаң – беті бұжыр-бұжыр, сосын үлкенді-кішілі мұз жарықтарға толы. Кішігірімінен әйтеуір бір-біріңді арқанмен демеп қарғып – шоршып өтесің, ал үлкен жарықтарды айналып, таудың кемерінен оралуға мәжбүрсің. Бір жолы үш жағымыз