• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қаңтар, 2019

Өзімізде тапшы инсулин Өзбекстанға қалай асқан?

748 рет
көрсетілді

Ұлттық қант диабеті регистрінің мәліметінше, елімізде қант диабетіне шалдыққандардың саны 300 мыңнан асады. Олардың 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауырады. Дертке шалдыққандарды мемлекет тегін емдейді.

Яғни, кепілдендірілген тегін ме­ди­циналық көмек пакеті шең­берін­де оларға 48 түрлі дәрі мен медици­на бұйымдары беріледі. Оған шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин кіреді. Былтыр бюджеттен инсулин сатып алуға 11 млрд теңге, ал  таблеткаларға 4 млрд теңге бөлінген. Бірақ 150-ге жуық науқас препаратты алмағанын айтып, шағымданған. Таяуда осыншама науқасқа жетпей қалған қазақстандық инсулин Өзбекстанда көтерме бағадан да төмен сатылып жатыр деген хабар таралды. 

Бұл жағдайдан Денсаулық сақтау министрлігі бұрыннан хабардар болып шықты. Олар істің жай-жапсарын білу үшін өткен жылдың аяғында Сыртқы істер министрлігі арқылы көрші елдегі әріптестеріне сұрау салған көрінеді. «Өзбекстанда инсулин сатылып жатқаны туралы ақпарат келді. Соған байланысты министрлік құзыретті органдармен тексерісті бастап кетті. Былтыр жыл соңында Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігіне тиісті хат жолдап, осындай фактілер тіркелген жағдайда бізді хабардар етуді сұ­ра­дық», деді Фармация комитеті төра­ғасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.

«Инсулиндер бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынып, Қазақстанның тікелей медициналық ұйымдарына келіп түседі. Ол жерде инсулиндер рецепт ретінде жазылып, пациенттердің қолына тапсырылады. Былтыр біз бөлшек сауда желісінде бірыңғай дистрибьютор арқылы алынған осындай препараттардың сатылу жағдайларын анықтаған болатынбыз. Бұл фактілер туралы құқық қорғау органдарына да хабар бердік. Біз пациенттердің сол препаратты алғанынан немесе басқа жерге сатқанынан хабарымыз жоқ. Болмаса ол препараттар сызылып тасталып, медициналық ұйымдардан алынған. Басқа да органдар мен прокуратура істің мән-жайын анықтау үстінде», деді Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин Парламент Мәжі­лісінде тілшілерге берген жауа­бында аталған дерек бойынша прокуратура тексеру жүргізіп жатқанын жеткізді. 

Ал министрлік өкілдері ақпа­раттың анық-қанығы осы айдың соңында жарияланатынын мәлім етті.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»