«Астана Опера» жанға жайлы «Камин жанындағы кешті» тыңдармандарымен бірге өткізбек. «Романс сиқыры» топтамасының концерті бүгін, 25 қаңтар күні театрдың Камералық залында өтеді.
Кеш бойы Айзада Капонова, Назым Сағынтай, Елена Ганжа, Ғалия Байғазинова, Батыржан Смақов, Елена Низамутдинова және тағы басқа вокалистердің, сонымен қатар Мая Бекназар (скрипка), Сергей Гонтаренко (контрабас), Жібек Сапарғалиева (флейта), Жәнібек Сапаров, Александр Геер (гитары), Раушан Бескемпірова, Әбдіахмет Оразбаев (фортепиано), «Dolce» скрипкашылар ансамблі және т.б. аспапшы музыканттардың орындауындағы тамаша әуендер тыңдарман қауымға романтикалық көңіл-күй сыйламақ. Қырғызстанның Халық әртісі Сергей Матвеевтің орындауында өлеңдер оқылады.
Романс – көрерменнің де, әртістердің де ең сүйікті музыкалық жанрларының бірі. Мұнда ең алдымен музыка, сөз және вокал маңызды орынға ие, басты назар әуенге, мағыналы ой мен көңіл-күйге аударылады. Ерекше сырластық, нәзіктік пен шынайылық тыңдармандардың жүрегін жаулап алары сөзсіз.
Мазмұнды бағдарламаға көпшіліктің сүйіп тыңдайтын қазақ романстары, соның ішінде Е.Хасангалиевтің «Нұрлы таң», Е.Рахмадиевтың «Осынау әнге салғайсың», А.Тоқсанбаевтың «Еңлік-Кебек» және т.б. шығармалары енген.
Осы кеште тыңдаушы назарына көне және заманауи романстар ұсынылады, атап айтқанда: П.Баториннің «У камина», П.Чайковскийдің «Серенада», «Средь шумного бала», «Нет, только тот, кто знал», М.Глинканың «Скажи, зачем», А.Даргомыжскийдің «Я всё ещё его люблю», А.Рубинштейннің «Ночь», П.Булаховтың «И нет в мире очей», Р.Глиердің «В порыве нежности сердечной», Б.Фоминнің «Только раз», Н.Ленскийдің «Не уходи, побудь со мною», «Но я вас всё-таки люблю», Н.Харитоның «Отцвели уж давно хризантемы в саду», А.Верстовскийдің «Старый муж», Я.Фельдманның «Ямщик, не гони лошадей» және т.б. туындылары шырқалады.
Тыңдармандарға Ф.Шопеннің «Забытый вальс», Э.Рязановтың «Берегись автомобиля» кинофильмінен А.Петровтың вальсі, Р.Глиердің «Интермеццо», Л.Лагуноның «Natalia» вальсі, Я.Гаденің «Ревность» тангосы, Дж.Д.Керннің «Дым» («Smoke gets in your eyes») және т.б. аспаптық шығармалары ұсынылады.