Жақында іске қосылған Digital agent мобилді қосымшасы мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасын саралауға жол ашты. Әсіресе, шенеуніктердің жұмысына қатысты жиі сын айтатын тұрғындар үшін бұл таптырмайтын мүмкіндік болып отыр.
Мәселен, Алматы облысының тұрғындары мобилді қосымшаны қолдана бастағалы бері 392 хабарлама жолдаған. Адамдардың арыз-шағымынан бөлек алғыс айтып, сәттілік тілеген хаттар да келіп түсуде. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті әр хабарлама бойынша сараптама жасап, тиісті шара қабылдауға кірісті.
- Азаматтардың мемлекеттік қызмет сапасына қатысты шағымдарына лезде жауап беру күн тіртібінде тұр. Агенттік осы мақсатта Digital agent мобилді қосымшасын іске қосқан болатын. Бұл құрылғы қазір тұрғындар арасында кеңінен насихатталуда. Ұялы телефонға жүктелетін арнайы бағдарлама арқылы кез келген уақытта өтініш, талап-тілек білдіруге болады. Адамдар да бағдарламаны қолдануға жылдам бейімделуде. Жыл басынан бері 392 хабарлама алдық. Шағымдар бойынша жедел әрекет етудеміз, - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша Департаментінің баспасөз хатшысы Сымбат Исрапулова.
Қазір департамент бұл бағыттағы жұмыстарға екпін беріп жатыр. Digital agent мобилді қосымшасының тиімділігі туралы облыстың Ақсу, Ұйғыр, Сарқан, Талғар, Балқаш, Кербұлақ, Алакөл, Қаратал, Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ аудандары мен Текелі қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында таныстырылым өткізген екен. Аймақтағы елді мекендерге де қосымшаны қолдануға қатысты нұсқаулық жазылған 25 билборд ілініпті. Ал Digital agent мобилді қосымшасын ұялы телефонға Аpple store және Play Маrket бағдарламасы арқылы жүктеп алуға болады.
Айтпақшы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері азаматтар үшін қолайлы тағы бір мобилді жобаны қадағалауға кірісті. Жақында Талдықорған қаласы бойынша Smart аялдама кешендері іске қосылмақшы, сол кезде Infobus мобилді қосымшасы да пайдалануға беріледі. Бұл қосымша арқылы қалаішілік қоғамдық көліктің қозғалысына бақылау жасап, қызмет сапасын бағалауға мүмкіндік туады. Департамент мамандары «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы аясында мобилді қосымшалар арқылы бұқарамен тікелей байланыста болу қызмет көрсету сапасын арттыруға ғана емес, қоғамдық сананың сауығуына да ықпал етеді дейді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы