• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Қаңтар, 2019

Мектептегі жыр кеші

896 рет
көрсетілді

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алатын оқушылар арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің апталығы өтуде. Айтулы шара аясында оқушылар халықаралық ақын-жыршылар және термешілер Одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Қуаныш Оспановпен кездесті. Басқосу барысында ақын өз шығармашылығымен бөлісіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Авторлық өлеңдері мен әндерін орындады.

Қуаныш Оспанов – көкшелік жас ақындардың көшін бастап келе жатқан қаламгер. Ол «Ауылдың баласымын», «Аспандағы астра» жыр жинақтарының авторы. Ақын мұндай кездесулер жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге, әдебиетке, өлеңге құмар оқушылардың талантын ұштауға септігін тигізеді дейді.

– Жастар мен оқушылар арасында осындай кездесулерді көбірек ұйымдастырған дұрыс. Мектеп басшылығы мен ұстаздары тарапынан оқушылармен кездесіп кетсеңіз қайтеді деген ұсыныс түскен кезде қуанып кеттім. Біз қазіргі кезде оқушыларды кінәлап жатамыз. Кітап оқымайды. Гаджетте, интернетте отырады деген сияқты. Сондықтан, меніңше осы рухани ортада жүрген адамдармен кездесу өткізіп тұру жақсы үрдіс деп ойлаймын,–дейді ақын Қуаныш Оспан. 

Жастар жылындағы жақсы шаруаға олардың өздері де дән разы. Әсіресе, жыр отынан жылынғандары анық байқалып тұр.

– Мен бүгінгі кездесуден жақсы әсер алдым. Қуаныш ағамыздың шығармашылығымен таныстық, ел білмейтін қырларын таныдық. Әсіресе, «Жанайқай» деген өлеңін тыңдағанда қоғамда болып жатқан көптеген мәселелер қозғалған. Ақын ағай бізге сабақ болатын насихаттарын айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті,– Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Төлеби Төлешев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар тәрбиесіне аса мән беріп, биылғы жылды жастар жылы деп белгілеп отыр. Жастарды мектеп табалдырығынан бастап тәрбиелеу аса қажет.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Көкшетау қаласы