Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:14
Қазіргі таңда нашақорлық пен маскүнемдік төрткүл дүниеде жаһандық қатер болып, бүгінгі күннің бас ауруына айналып отыр. Еліміздегі ірі мегаполис болып саналатын Алматы қаласындағы бүгінгі ахуал алаңдатарлық жағдайда дегенімізбен, өткен жылмен салыстырғанда, есірткі тұтынушылар саны 14,2, маскүнемдікпен есепке тұрғандар саны 2,8 пайызға төмендеген. Есiрткiнiң адам денсаулығы мен өмiрiне зияндығы, оны емдеу және де өзге сауалдарға жауап алу үшін Алматы қалалық дәрігерлік әлеуметтік-сауықтыру наркологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары, жоғары санаттағы дәрігер Индира КЕҢЕСБЕКОВАҒА жолығып, сұхбаттасқан едік.
Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:14
Қазіргі таңда нашақорлық пен маскүнемдік төрткүл дүниеде жаһандық қатер болып, бүгінгі күннің бас ауруына айналып отыр. Еліміздегі ірі мегаполис болып саналатын Алматы қаласындағы бүгінгі ахуал алаңдатарлық жағдайда дегенімізбен, өткен жылмен салыстырғанда, есірткі тұтынушылар саны 14,2, маскүнемдікпен есепке тұрғандар саны 2,8 пайызға төмендеген. Есiрткiнiң адам денсаулығы мен өмiрiне зияндығы, оны емдеу және де өзге сауалдарға жауап алу үшін Алматы қалалық дәрігерлік әлеуметтік-сауықтыру наркологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары, жоғары санаттағы дәрігер Индира КЕҢЕСБЕКОВАҒА жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Индира Құрбанбекқызы, әңгімеміздіқаламызда қанша адам наркологиялықесепте тұрады, олардың қаншасыжасөспірімдер, қаншасы әйелдер дегенсауалдан бастасақ.
– Бүгінде нашақорлық пен маскүнемдік қоғамдағы ең күрделі мәселенің біріне айналып отыр. Әсіресе, кейбір жастар мен жасөспiрiмдеріміздің уақытша «таңғажайып өмір» сыйлар есалаңдық жағдайдың құлы болып жүрген жайы бар. Міне, біздер осы өткір де күрделі мәселемен күнделікті бетпе-бет кездесіп отырамыз. Рас, салыстырмалы түрде алсақ, біздің орталықта тіркеуде тұратын науқастар саны былтырғы жылдың осы мерзіміне қарағанда 14,2 пайызға төмендеп отыр. Мәселен, нашақорлықпен тіркеуде тұратын науқас саны былтырғы жылдың бірінші жартысында 52 452 болса, 2012 жылдың алты айында 50 114, олардың ішінде әйелдер 2011 жылдың 6 айында 5853, ағымдағы жылы 5020, жасөспірімдер былтырғы алты айда 54, биыл 11 науқасты құрап отыр. Бұлар осы дерттен қайтсем айығам деп өз ерiктерiмен келiп тiркелгендер, ал тiркеусiз есiрткiнiң арбауына түсiп, есiнен айырылып жүргендердің бұдан да көп болуы мүмкін.
– Ал маскүнемдер саны ше?
– Маскүнемдікпен тіркеуде тұрғандар саны биылғы алты айда 2,8 пайызға төмендеді. Яғни, 2011 жылдың бірінші жарты жылында 45 955, ал ағымдағы жылдың алты айында 44 656 адам тіркелді. Олардың ішінде әйелдер саны 4412. Бұл 2012 жылға қарағанда 10,3 пайызға төмен.
– Орталыққа келіп түсетін және тіркеуде тұратын науқастарды емдеужолдары қалай, орталықтың жұмысына кеңінен тоқтала отырсаңыз…
– Орталықтың басқа емдеу мекемелерінен айырмашылығы – емдеу тәртібі үш бағытта жүргізіледі. Біріншісі – медициналық проблема, яғни науқастарды емдеу, сауықтыру және алдын алу, екіншісі – әлеуметтік жағынан қорғау, үшіншісі – құқықтық мәселе. Оны қалай түсінуге болады дейсіз ғой. Орталық дәрігерлері науқастарды емдеумен қатар ішкі істер органдарымен, оқу бөлімдерімен, басқа да мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Бүгінде аудандық, қалалық әкімдіктерде нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес жөнінде арнайы комиссия құрылған. Комиссияның төрағасы Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдуманов. Оның мүшелеріне дәрігерлер, үкіметтік емес ұйымдар, білім беру басқармасы, ЖОО, ішкі істер органдарының өкілдері кіреді. Қазір мұндай комиссия қаланың әрбір ауданында жұмыс істеуде.
Орталық негізінен 360 төсекке арналған. Оған қоса жансақтау бөлімінде 6, уақытша бейімдеу және уытсыздандыру бөлімінде 30 төсек бар. Штаттағы 663 қызметкердің 158-і дәрігер болса, оның 98-і нарколог-дәрігер, 257-і медбике, 154-і кіші медбике. Орталықтағы 12 бөлімшеде қала тұрғындарына өз еркімен келіп тегін емделетін ерлер мен әйелдерге арналған бөлімше мен ақылы бөлімше бар. Сондай-ақ науқасты мәжбүрлі түрде емдейтін 175 төсектік бөлімше жұмыс істейді. Оның 15 төсегі әйелдерге арналған. Бұл жерде жататын науқастарды тек соттың шешімімен ішкі істер органының қызметкерлері әкеледі. Мұнда олар алты айдан екі жылға дейін емделеді. Бөлімшеге жеке күзет қойылған.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, биылғы жылы Алматы қалалық қорғаныс істер жөніндегі басқармасы әскерге шақырылушыларды тексеретін дәрігерлік-медициналық комиссияның құрамына де нарколог мамандарды тартып отыр. Онда 8 нарколог-дәрігер 6 ай бойы қорғаныс істері жөніндегі басқармалар жанындағы медициналық комиссия құрамында жұмыс істейді. Әскерге шақырылушылар аудандық, қалалық әскери медициналық комиссиядан өткен соң, Қарулы Күштер қатарына аттанар алдында соңғы рет тағы да наркологиялық тесттен өтеді. Биылғы жылғы көктемгі шақырылым кезінде 39 әскерге шақырылушы медициналық комиссиядан өтпей, олар біздің орталықта әрі қарай тексеріліп, емделуге жіберіліп, бақылауға алынды.
Орталық қызметіне 1,5 млн.-нан аса халқы бар қала үшін тәулік бойы қызмет көрсететін екі сараптау кабинеті де кіреді. Мұнда ішкі істер органдары, жол инспекторлары қалада болған барлық жол көлік апатының жүргізушілерін түгелдей сараптамадан өткізеді.
– Индира Құрбанбекқызы, мәселен, сіздің орталыққа науқасты алыпкелді делік, одан кейінгі тағдыры қалай жалғасады?
– Емдеудің тәртібі бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі, дәрі-дәрмекпен, екінші кезең – психотерапиялық ем, одан кейін сауықтыру кезеңі. Емделіп шықққан науқас одан кейін орталық жанындағы амбулаторлық қызметте бақылауда болады, яғни диспансерлік есепке алынады. Онда маскүнемдер 3 жыл, нашақорлар мен токсикомандар 5 жыл есепте тұрады. Егер осы уақыт мерзімінде ремиссия болса, онда бақылаудан мүлдем алынып тасталады. Әрине, осы диспансерлік уақыт аралығында біздің дәрігерлер тек науқаспен ғана емес, олардың отбасымен де жұмыс жасап, ақыл-кеңес береді.
– Орталық тек емдеумен ғана емес, аурудың алдын алу шараларын да қарастыратын шығар. Осы бағытта қандай нақты жұмыстар атқарылуда?
– Әрине, орталық қызметіне алдын алу шаралары кіретіндіктен, мамандарымыз ондай жұмыспен де айналысады. Дәріс оқып, семинар, дөңгелек үстелдер және акциялар ұйымдастырып, т.б. шаралар өткізеді. Балалар, жасөспірімдермен жұмыс істейтін нарколог-дәрігерлер мектеп инспекторларымен тығыз қарым-қатынаста. Сондай-ақ, ата-аналар жиналысына қатысып, үгіт-насихат жүргізеді. Сонымен қатар, анонимді түрде анкеталар толтыртып, тесттен өткізеді. Бұл шара тек мектеп оқушылары арасында ғана емес, ЖОО-да ұйымдастырылады. Мәселен, есiрткiнiң адам өмiрi мен денсаулығына зияндығын, бiр адасқан соң үйiрiне қайта қосылып, қатарға iлiнiп кетудiң оңай еместiгiн жастарға түсiндiру мақсатында есiрткiге қарсы күрес айлығын жарияладық. «Шындық жеңедi, есiрткi өлтiредi» ұранымен өткен айлық Қазақстан қалаларын түгел қамтыды. Республика сарайы алдында ұйымдастырылған «Болашақ үшiн биле!» iс-шарасы осы айлық аясында өткiзiлдi.
– Он бес жылға жуық тек осы салада қызмет істеп келе жатқан кәсіби маман-дәрігер ретінде айтыңызшы, осы кеселдің себебі, түпкі негізі неде деп ойлайсыз?
– Мен айтар едім, бұл жердегі басты мәселе отбасында. Егер ата-анасы баласына дұрыс тәрбие берумен қатар, өздері де үлгі болып, ұрпағының болашағына немкетті қарамай, қашанда бақылауда ұстап, ата-аналық мейірімін төгіп отырса, бала теріс жолға түспейді. Әрине, қай ата-ана баласын темекі тартуға, ішімдікке, нашақорлыққа үйретеді дейсіз. Олардың бәрі қызығушылықтан, тек «бір рет тартып көрсем, бір рет ішіп көрсем» деген әуестенушіліктен басталады. Темекі де никотинге тәуелділіктің бір түріне жатады. Бүгінде емханада темекіге тәуелділікке амбулаторлық ем жүргізіледі. Баланың жүрген ортасына, жора-жолдастарына да көп байланысты. Тағы бір себеп – жастардың жұмыс істемей, бос сандалып жүруі. Ал есірткіні бір-екі тартып, бір-екі рет ине салған соң қалай тәуелді болғанын өздері де білмей қалады. Сосын не істейді? Есірткі сатып алу үшін кез келген қылмысқа барады. Ал ата-ана байғұс оны іс насырға шауып, асқынған жағдайда өте кеш біледі. Егер дер кезінде, ауру асқынбаған кезде әкеліп жатқызса, онда ем де тиімді болар еді.
– Мұндай жағдайға көбіне қандай жастар ұрынуда?
– Бұрындары мұндай жағдайлар көбінесе ата-анасы толық емес отбасыларында жиі кездесетін. Солай десек те, қазір қорқыныштысы, тәрбиелі, зиялы отбасыларының балалары да осы жолға түсуде. Қазір жасқа да қарамайды, 15-40 жасқа дейінгілер келіп жатыр. Жиі келетіндер 18-35 жастағылар. Орталықта нашақор, маскүнемдермен қоса, созылмалы асқынған науқастарды емдейтін 40 төсектік соматикалық бөлімше жұмыс істейді.
– Осы күрделі мәселемен күнделікті бетпе-бет келіп отырғанда қандай проблемалар алдыңыздан жиі шығып жатады?
– Проблема дейсіз бе? Жастар арасында нашақорлықты анықтау тесті бүгінде тек ерікті әрі анонимді түрде жүргізіледі. Кезінде бұрынғы қала әкімі В.Храпунов мұндай тестілеу тек адамның өз еркімен ғана жүргізілсін деген қаулы шығарған-ды. Сол қаулы әлі де күшінде. Ойлаңызшы, кім өз еркімен келіп нашақорлықтан тест өткізеді дейсіз. Егер жастар шоғырланған мекемелерде, ЖОО, білім беру саласында мұндай тесті жаппай міндеттеп өткізетін болсақ, онда аурудың алдын алып, ерте анықтап, дер кезінде емдеуге қол жеткізер едік. Қазір біздер не істейміз? Тек қана барып дәріс оқимыз. Көп болса, бірді-екілі жеке меншік оқу орындары біздерге текст өткізуге келісім берер. Сондықтан осы мәселені тек қана дәрігерлер емес, ЖОО-лар орындары өз тараптарынан бастама етіп көтеріп, бізбен белсенді түрде жұмыс жасап отырса, бұл ауруды жойып тастамасақ та, азайтуға мүмкіндік туар еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».