Бейсенбі, 25 қазан 2012 7:19
Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ашур ХАМИДОВ осылай дейді
Замана толқынымен қилы тағдыр қиырдан Қазақстанға қарай қоныс теуіп жатты. Айдауда не байлауда жүріп қазақ топырағына қазық байлағандар көп. Чешен ұлтының өкілдерімен сөйлесе қалсаң, аталарының «халық жауы» атанып қуғындалып келгенін айтады. Кәрістер вагонға тиеліп, түн ортасында арпылдаған иттердің қарсы алуымен осы елге табандары тигенін жеткізеді. Еврейлер өздеріне таңба салынып, жұрттың бәрі алапес көргендей сырт айналып жатқанда, Қазақстаннан қамқорлық көргенін жыр қылады.
Бейсенбі, 25 қазан 2012 7:19
Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ашур ХАМИДОВ осылай дейді
Замана толқынымен қилы тағдыр қиырдан Қазақстанға қарай қоныс теуіп жатты. Айдауда не байлауда жүріп қазақ топырағына қазық байлағандар көп. Чешен ұлтының өкілдерімен сөйлесе қалсаң, аталарының «халық жауы» атанып қуғындалып келгенін айтады. Кәрістер вагонға тиеліп, түн ортасында арпылдаған иттердің қарсы алуымен осы елге табандары тигенін жеткізеді. Еврейлер өздеріне таңба салынып, жұрттың бәрі алапес көргендей сырт айналып жатқанда, Қазақстаннан қамқорлық көргенін жыр қылады. Қысқасы, қазақ жеріне әр ұлттың өкілі әртүрлі тағдырдың айдауымен келген. Дегенмен, осы ұлт пен ұлыстың бәрі қорытынды сөзін «қазақ халқы қолындағы бір үзім нанымен бөлісті. Аяғымыздан тұрып кетуімізге көмектесті. Қазақтың қамқорлығы мен қонақжайлығының арқасында осындай бейбіт те мамыра-жай күнге жетіп отырмыз» деп аяқтайды.
Біздің елге артына шала байланбай, ешқандай қысым көрмей, өздерінің еркімен келіп, осы жерді Отаны санайтын ұлттар да бар. Солардың бірі «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан, қазақтың өзі «өз ағам» деп өбектеп отыратын өзбектер. Біз – тамыры бір ұлтпыз. Бір-бірімізге алакөзденетін, бөлісе алмайтын, түртпектейтін, мүйіздесетін ештеңеміз жоқ. Бағзы замандардан бері қарай тату-тәтті тіршілік кешіп келеміз. Бүгінде Қазақстан дейтін қабырғалы елде 600 мыңнан аса өзбек тұрады. Оның сыртында біздің мемлекетке келіп жұмыс істейтін, нәпақасын айыратын ағайынның өзі біршама. Ал Өзбекстанда миллионнан артық қазақ ғұмыр кешіп жатыр. Аяқты осылай салғанда, екі жұрттың арасындағы достық қарым-қатынастың, бауырластықтың, ынтымақтың белгісін айнытпай көреміз. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан осы ұлы достықтың әлі талай буынды тербететініне бек сенеміз.Қызылорда облысында бүгінде екі мыңға жуық өзбек өмір сүреді. Облыста олардың этномәдени бірлестігі бар. Ол 1994 жылы құрылған. Оны құрылған күнінен бастап Ашур Хамидов ақсақал басқарады.– Менің әжем 1869 жылы осы Қызылорда облысының аумағында дүниеге келген,– деп бастады сөзін Ашур ақсақал. – Ал әкем 1909 жылы осы топырақта өмір есігін ашқан. Анам да осы жердің тумасы. Сондықтан біз Қазақстанды туған жеріміз деп білеміз. Ол заманда халық көшіп-қонып жүрген ғой. Мен сондай бір көштің кезінде Бұқарада өмірге келіппін. Дегенмен, есімді білгеннен Қазақстанда ғұмыр кешіп келемін.Ашур Халилұлының өмірбаяны өте қызық. О кісі еңбек жолын аспаздың көмекшісі болып бастаған. Солайша, сатылап өсе берген. Еңбек өтілі үш жылға толғанда арнайы жолдамамен Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы сауда институтына түседі. Арасында екі жыл әскери борышын өтеп, 70-жылдардың басында Қызылордаға қайтып оралады. Содан еңбекке білек сыбана араласып кетеді. Ақырында, бүгінгі тілмен айтсақ, облыстық өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары қызметіне дейін жоғарылайды. Екі ұл өсірген. Екеуі де дәрігер. Бүгінде олардан немере сүйіп отыр.Өзбек этномәдени бірлестігі облыс шеңберінде ұйымдастырылып жатқан іс-шараның бірде-бірінен сырт қалған емес. Сән-салтанатымен, бүкіл ұлттық бояуымен қатысып, биін билеп, әнін шырқап, мерекенің сәнін кіргізеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлердегі орталықтарға туған тілін дамытуды да басты міндет етіп қойғаны белгілі. Оның сыртында ұлттық салт-дәстүрді дамыту, ұлттық ерекшеліктерін жетілдіру секілді істер бар. Ашур ақсақал: «Біз де өзбек тілін оқытатын жексенбілік мектеп ашқымыз келді. Бірақ бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Сосын «алдымен қазақ тілін әбден жетік меңгеріп алыңдар. Ол – біздің мемлекеттік тіліміз. Өзбек тілін содан кейін үйрене бересіңдер» дедім», дейді. Солайша, өзбек ұлтының өкілдері қазақ тілін барынша үлкен ыждағаттықпен меңгеріп жатыр екен. Осыны естігенде кәдімгідей тебіреніп кеткенімізді жасырмаймыз. Бұл – өзбек ағайындардың мемлекетті, оның халқын, тілін сыйлағаны деп қабылдау қажет. Қазақстандағы әрбір ұлт пен ұлыстың өкілі осындай көзқарасты ұстанар болса, онда біздің Тәуелсіздігіміз тұғырлы, тіліміздің ғұмырлы болары айдай ақиқат.Ақсақалмен әңгімелесіп отырмыз. Елдегі тұрақтылық, толеранттылық турасында біршама сөз айтылды. Сөз соңында: «Балам, Құрбан айт келіп қалды. Осы ел газеті «Егеменді» пайдалана отырып, барша қазақстандықтарға тілек айтсам деймін», деген арзу ниетін жеткізді. Мақұл көрдік.– Ең алдымен, тыныштық керек. Мұсылманның қасиетті мейрамы – Құрбан айт кезінде мен Жаратқан иемізден осы қазақ жеріндегі тыныштықты сақта деп тілеймін. Еліміз тыныш, Елбасымыз аман болсын. Береке-бірліктен, ынтымақ-ырыстан айырмасын. Бірлігіміз жарасып, тірлігіміз алға өрлей берсін. Халқымыз арасындағы достық, бауырластық мәңгі болсын. Еліміз іргелі, мемлекетіміз мығым болсын! – деді ол салмақпен.Ержан БАЙТІЛЕС,«Егемен Қазақстан».ҚЫЗЫЛОРДА.