Ақтөбе еліміздегі өнеркәсібі дамыған өңірлердің бірі. Соңғы екі-үш жыл аралығында облыста экономиканың өсу қарқыны 5 пайызға жетті. Бұл ретте кәсіпорындардың қосқан үлесі қомақты.
Кейінгі 3-4 жылда кәсіпорындар жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мен еңбек қатынастарын реттеуге де жан-жақты көңіл аударып келеді. Бұл орайда Ақтөбе облыстық әкімдігі, кәсіпорындардың басшылары және аумақтық кәсіподақ бірлестігі жетекшілерінің үшжақты меморандумға қол қойып, оның орындалуын қадағалау тетіктерін қалыптастырғанын атап өткен ләзім.
Қазір өңірде былтыр қол қойылған ұжымдық шарттар мен өндірістік бағдарламаның орындалу барысы талқылануда. Айталық, іргелі кәсіпорындардың бірі «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ былтыр жасалған меморандум талаптарын толығымен орындаған. Зауытта 2283 жұмысшы еңбек етсе, олардың орташа жалақысы 150 000 теңге төңірегінде. Өткен жылы мұнда 50 миллиард теңгеге жуық өнім өндіріліпті. Зауытта қазақстандық құрамды көбейту ісінде де оң нәтижелер бар. Былтыр жыл бойы тазалау қондырғылары жаңғыртылып, электр сүзгілері орнатылды. Бұл қалдық мөлшерін 17 пайызға төмендетуге септігін тигізді.
Үдемелі инновациялық даму бағдарламасына сүбелі үлес қосып жүрген шоқтығы биік кәсіпорынның бірі – Ақтөбе рельс-арқалық зауыты. Мұнда жоғары жылдамдықтағы темір жол магистральдары үшін рельстер шығарылады. Жыл қорытындысына арналған талдаулар зауытта әлеуметтік міндеттемелер толықтай орындалғанын көрсетті. Айталық, ұжымдық шарт талаптарын орындау үшін 275 миллион теңге жұмсалған екен. Зауытта жұмысшылар санын сақтау мен әлеуметтік пакеттерді бөлу ісінде де оң тәжірибелер бар. Орташа айлық жалақының жергілікті басқа кәсіпорындармен салыстырғанда жоғары – 237,1 мың теңге.
Облыста мұнай-газ шикізатын өндіру ісіндегі жетекші құрылым «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ. Оның кейбір еншілес кәсіпорындарындағы түйткілді тұстарға тоқталмай кете алмаймыз. Мәселен, «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы» ЖШС негізінен шетелдік өндіріс жетекшілерінің басқаруына берілген буындарда қазақстандық мазмұн мен сұранысқа қатысты назар аударатын проблемалар бар. Аталған кәсіпорында 3, 4-санаттағы маман-жұмысшыларды шетелден алу үрдісі тыйылар емес. Сол себепті жергілікті атқарушы биліктің компания өкілдеріне өңірдегі кадрларға басымдық беру туралы талап қоюы заңдылық. «СНПС –Ақтөбе көлік компаниясымен» кездесуі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев:
– Егер Қазақстанда жоқ біліктілігі жоғары маман-кадрлар шетелдіктердің басқаруына берілген кәсіпорындарда қызметке қабылданса, бұған келісуге болар. Ал 3, 4-санаттағы жұмысшыларды сырттан әкелуге мүлдем болмайды. Мұндай тәжірибені тоқтату қажет. Бұл санаттағы мамандар өзімізде де жеткілікті, – деген өңір басшысы мәселені төтесінен қойды.
Мұнай кеніштеріне сервистік қызмет көрсетумен шұғылданатын «Ұлы қабырға» қазақ-қытай бұрғылау компаниясында да осыған ұқсас көріністер орын алып отыр. Мұнда шетелдік мамандар мен жергілікті жұмысшылар еңбекақысының арасында әжептәуір айырмашылық бар екен. Оның бір себебін аталған компания басшылығы шығынмен жұмыс істеп келеміз деген желеумен түсіндіргісі келеді. Шынтуайтында жағдай басқаша. 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы компанияның жұмыс көлемі екі есеге жуық ұлғайған. Дәл осындай негізсіз себеп-сылтауларды алға тарта отырып, соңғы екі жыл ішінде «Ұлы қабырға» басшылығы 91 жергілікті маманды қысқартып, есесіне шетелдік 13 маманды шақыртуға квота сұраған. Тағы бір таңғаларлығы, бұл мамандар тікелей өндіріс орындарына емес, компанияның әкімшілік басқару-кеңсесіне қажет болған.
Тағы бір келеңсіз жайт – шетелдіктердің басқаруына берілген бірқатар жергілікті ірі компаниялардағы кәсіподақ ұйымдары шынайы әрі айқын ақпарат бере бермейтіні. Бұл облыс басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіподақтардың аумақтық бөлімшесі жүргізген тексерулер кезінде анықталыпты. Осындай дерек «Ұлы қабырғада» да орын алыпты. Өткен 2018 жылғы ұжымдық шарттың қалай орындалғаны туралы есептік жиын кезінде аталған компания басшылары еңбекақыны көтерудің нақты мерзімін дәл айтпады. Мұны «Ұлы қабырға» ҚҚБК бас директорының орынбасары Ся Чжиминь қазір мұнайдың әлемдік бағасы төмен екенімен ақтап алғысы келетіндей. Алайда бұл компанияның басты қызметі тікелей мұнай бұрғылауға емес, сервистік қызметке байланысты екені белгілі. Оның үстіне ол «СНПС-Ақтөбе мұнай газ» АҚ өзінің еншілес кәсіпорындарына салатын инвестициялық қаражаттың көлемін де жыл сайын өсіріп келе жатқанын ескермей отыр. Бұл қаржының мөлшері 2017 жылы 90 миллиард теңге болса, 2018 жылы 100 миллиард теңгені құраған. Сондықтан да бұл арада басты мәселе мұнай бағасымен байланысты емес деуге негіз бар. Сөз соңында бүгінгі әңгімеміздің басты арқауына айналған кәсіпорындар қазақстандық үлесті көтеруге айтарлықтай серпін бере алмай жатқанын айтуға тиіспіз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ