«Сау боламын десең, скринингтен өт» деген жаңа жариясөзді «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ескі тәмсілдің заманға лайықталған нұсқасы ретінде қабылдаған дұрыс шығар.
Жалпы, жаһанда тұрғындарды жаппай скринингтен өтуге жұмылдыру ХХ ғасырдың орта шенінде басталды. Қазіргі күні медицина саласындағы жетістіктері қозыкөш жерге озып кеткен дамыған елдер диспансерлік ем-домнан біртіндеп бас тартып, халықтың денсаулығын сақтаудың алдын ала шараларына толық көшті десе де болады. Бұл науқасқа лық толы палаталардың азаюы мен дәрі-дәрмекке жұмсалатын қыруар ақшаның саламатты тұрмысқа жұмсалуына жол ашқан екен. Демек, ол елдің тұрғындары денсаулық сақтаудың өзегі дәрігерге дейінгі тексеруде екенін ұққаны анық. Қазақстанда да бұл үрдіс жолға қойылу үстінде. 2011 жылы қабылданған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында елімізде скринингтік бағдарламалардың тізімі кеңейтілді. Яғни әлемдік тәжірибеге сай, отандық медицинада профилактикалық шаралар көптеп енгізіле бастады. Қазір дүние жүзінде 15-20 жылға жоспарланған ұзақмерзімдік скринингтеу бағдарламалары жұмыс істеп келеді. Мұның тиімділігі дәлелденген. Дәрігерлер ерте жасалған скрининг белгілі бір ауру түрлерінен өлім-жітімді 2 есеге дейін азайтуға мүмкіндік беретініне көз жеткізді.
Алайда дәл осы ауруды ерте анықтау үрдісі елімізде баяу жүріп жатыр. Мамандар мұның себебін тұрғындардың профилакториялық шараларға немқұрайлы қарауынан деп түсіндіреді. Мәселен, Алматы облысындағы онкологиялық аурумен ауыратын әйелдердің қатары жыл сайын көбейіп келеді екен. Ең қиыны, науқастар ауыр дерттен емделуге дер кезінде келуге асықпайды.
– Әсіресе алыс ауылдарда тұратын әйелдердің дер кезінде скрининг тестілеуден өтпеуі салдарынан көбіне аурудың 3-4 сатысында ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Нөлдік сатыда, яғни бастапқы кезеңде ауру анықталған жағдайда әйел аурудан толық жазылып кетеді деп сеніммен айтуға болады, – дейді Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің директоры Саяхат Олжаев.
Өңірде әйелдер арасындағы жатыр мойыны обырының қатерлі ісігі дертінің алдын алу шаралары жүріп жатыр. Қазір облыс бойынша 1332 адам онкологтардың есебіне алынған. Алайда Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің дәрігерлері бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін дейді. Өйткені аты жаман дерттің алғашқы белгілерін анықтау баяу жүріп жатыр. Оған әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарап, дер кезінде дәрігерге қаралмауы мен скринингтен өтуге келмеуі себеп болуда. Өткен жылы осы диспансерде 70 мың әйел скрининг тест тапсырған. Олардың ішінен 812 әйел тіркеуге алыныпты. Олардың 38 пайызы ғана аурудың бірінші сатысында дәрігер көмегіне жүгінген. Өкінішке қарай, былтыр осы дерттен облыс бойынша 63 әйел жарық дүниемен қоштасты...
Ауыл дегеннен шығады, өңірлердегі медициналық қызметтің сапасы туралы сөз аз айтылып жүрген жоқ. Бір жағынан ел тұрғындарының негізгі бөлігі шоғырланған аудандардағы денсаулық сақтаудың мәселесіне сын көзбен қарау орынды. Өйткені медицналық құрал-жабдықтан бастап, маман жетіспеушілілігі шалғай ауылдарға тән. Соған қарамастан өңірдегі емхана мен аурухана адам өмірі үшін күресте аянбай қызмет етіп келеді. Мысалға, Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылының ауруханасында Гиппократ антына адал берілген жандар еңбек етеді. Іргетасы 1948 жылы қаланған аурухана кезінде Қарғалы кентіндегі жұмысшыларға қызмет еткен. Қазір де осы өңірдегі тұрғындардың есен-саулығына жауапты болып отыр.
– Ауылдық жердегі медициналық мекемелердің мүмкіндігі қалаға қарағанда төмендеу болғанымен, тәжірибелі дәрігерлердің қатары ортамызда жеткілікті. Осы ауруханада түрлі дәрежедегі операцияларды жасап, ауыр жағдайда түскен науқастардың өміріне арашашы болып жүрміз. Бұл ісіне адал, кәсібін сүйген әріптестеріміздің арқасы, – дейді аурухананың бас дәргері Сертай Сагеев.
Қарғалы – Алматы қаласынан аса қашық емес. Сондықтан бұл мекенге де жас мамандар сирек келеді. Ал келгендер тұрақтамай, кері қайтып жатады екен. Жалпы, бұл мұқым ауылдарға тән проблема. Өйткені жас дәрігерлердің жалақысы төмен, әлеуметтік көтермелеу жоққа тән, тұрғын үй жағдайы шешілмеген...
– Әрине, мәселе бар. Кемшілік кездеседі. Бірақ уақыт өткен сайын денсаулық сақтау саласының жағдайы оңалып келе жатқанын айтуымыз керек. Қаржыландыру артып отыр. Материалдық базамыз жаңғыртылуда. Кезең-кезеңімен аурухана ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал кадр тапшылығы бар. Әсіресе жас мамандардың ауылға келуі қиындау. Оның жайын жоғарыда айттым. Ал аурухана дәрігерлері денсаулық күзетіндегі жұмысын адал істеп келеді. Қазір медицина саласының бағыты алдын алу шараларына бет бұрғаны белгілі. Профилакториялық шараларға маңыз берудеміз, – деді сөз арасында бас дәрігер.
Профилакториялық шаралардың бастауында скрининг тестілеуі тұрғаны белгілі. Осы жерде тағы да ауыл адамдарының дәрігерге дейінгі тексеруден өтуге селқостығы айтылады.
– Скринингтен өту дәстүрге айналуы керек. Өкінішке қарай, тұрғындардың барлығы бұған ұдайы ниет танытпайды. Біз жұмыс барысында әр үйді аралап, адамдарды қолынан жетелеп келгендей боламыз. Ал алдын ала тексеру барысында ең ауыр дерттің өзінен жазылудың мүмкіндігі бар екенін түсіндіреміз, – дейді Қарғалы аудандық ауруханасының профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек беру бөлімінің меңгерушісі Әуес Батанова.
Тәжірибелі дәрігердің айтуынша, скринингтен өтуге көп жағдайда үй шаруасындағы әйелдер ықылас танытпайды екен. Ал мемлекеттік, басқа да қызметшілерді жас мөлшеріне қарай медициналық тексеруден өтуге міндеттеудің нәтижесінде, олар дәрігерге дейінгі тексеруден уақытында өтіп тұрады.
– Қазір жұмыс берушілердің арасында Денсаулық сақтау министрінің «Скрининг ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» бұйрығын басшылыққа алу жолға қойылды. Бұл азаматтардың арасындағы жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға, басқа да дерттен емделуге мүмкіндік береді. Негізі скринингке әйтеуір өту міндет болғасын келген талай адам бойындағы болмашы дерттің белгісі барын, мысалға қан қысымының немесе қант құрамының жоғары екендігін біліп, ерте емделуден кейін одан құлан таза жазылатынын естіп, алғыс айтуда. Сондықтан жұртты жаппай скринингтен өтуге шақырамын. Бұл жылдам әрі тегін,– дейді байырғы терапевт Әуес Әшекеқызы.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы