• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2019

Жүз бес жастағы әже «Егеменді» оқиды

958 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округіне қарасты Қосарал елдімекенінде Қамида Несіпова есімді әже тұрады. Ол қаңтар айының 14-і күні 105-ке толды.

...Біз барғанда әжей ұйқысынан жаңа тұрып жатыр екен. Шамасы, қарттық кірген соң, ұйқының да мезгілі ауысатын шығар деп шамаладық. Жүз бес жасқа келсе де, Қамида әжей тың, денесін тік ұстайды, тістері қаладай. Көзі де шырақтай жанып тұр екен, іс тігуден әлі қол үзбепті. Тек, құлағы сәл нашар естиді екен. Біздің бөліп-бөліп айтқан сөзімізді естиді де, тез-тез сөйлесек, ұқпай қалып, қайталап сұрап отырды. Онысын жуып-шайып:

 – Е, шырақтарым, жүз бес жылдан бері бұл құлақ та шаршаған шығар, қайт­сін енді, – деп бізді бір күлдірді.

Айтпақшы, тоғызыншы мүшелін тол­тыруға жақындаған кейуанаға сәлем бе­ру­ге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, Жетікөл ауыл­дық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин де арнайы келген еді. Ғасыр-әженің шөбере-шөпшегімен жасты «балалар» ту­ған күн иесіне сый-сияпатын ұсынып, ті­лек­терін айтты. Әңгіме арасында көп жасаудың сыры да сөз болды. 

– Жарықтық әке-шешем өмірден ер­те кетті. Қазақта марқұмның туыс­та­рына көңіл айта келгенде «Топырақ астындағы жасын берсін» деген жұбату сөз бар ғой. Сол тілек қабыл болып, Алла тағала әкеміз бен анамыздың топырақ астындағы жасын бізге берген шығар. Өзіммен бірге туған әпкем 80-нен асып қайтты. Менің отырысым осы ғой, – дейді санасы тұнық, ойы сергек кейуана.

Қамида әженің жастық өмірі қиын­дық­пен өтіпті. ХХ ғасырдың басында дүниеге келген ол аласапыран заманның адамзат басына салған сынағын түгел көрді десе де болғандай. Тоғыз жасында жетім қалыпты. Жалғыз апасы Қалила бас-көз болып, қос жетім жылай жүріп жетіліпті. Балалығы жетім­дік­тің, жастығы соғыстың жалынына шарпылған Қамида ауылда ердің де, әйелдің де жұмысын қатар атқарып, тыным таппапты. 

1942 жылы, КСРО соғыстан қирай жеңіліп жатқан ең қиын кезде колхоз жұмысшыларын тізімдеп, темір жол са­луға жолданыпты. Әрине, «жұмыс­шылардың» дені – әйелдер ғой. Жым­пи­тыдан шыққан бригада Атыраудан әрі асып, Жем, Ойыл, Сағыз бағытындағы те­мір жол құрылысына қатысты. Түйе­ге жүк артып, жайдақ атқа мін­ге­сіп, арып-ашып, жадап-жүдеп жү­ре­тін жұмыс­шы­лар биіктігі үйдей қара топырақты қолдап тасып, шойын жол­дың жанына төгеді. Бұл жұмыста әйел­дер еркектердің орнында жүрді. 

Қамида әже кейін колхоздың сиыры мен жылқысын бақты. «Көктемнен күзге дейін шашау шығармай баққан малды күзде әскерге көлік, азық ретінде алып кететін» деп еске алады кейуана. 

Қамида әже сұрапыл соғыс аяқталған соң, 1946 жылы ғана тұрмыс құрды. Құдай қосқан қосағы Ырыспен некелесіп, бес ұл, үш қызды өмірге әкелді. Бүгінде сол ұрпақтарынан 28 немере, 34 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр екен. 

Әжей бүгінде ұлы Талап пен келіні Бақыт­маралдың қолында тұрады. Бақыт­ма­рал апайдың айтуынша, енесі тек табиғи, құнарлы тағамдарды ұнатып жей­ді екен. Тағы бір ерекшелігі, ға­сыр-әже синтетикалық матадан ті­гіл­­ген киімді кимейді. Тек табиғи матадан, жүн-теріден тігілген киімді ғана тұтынады. 

Қамида апайдың айналасына, ұлы мен келініне жиі қоятын бір сауалы бар: «Осы мен сөзден шатасып, әңгіме арасында басқа нәрсе айтып кетпеймін бе?! Мені қарап жүріңдерші! Алла тағала ақыл-есім дұрыс тұрғанда, алжастырмай-шатастырмай алса, содан басқа арманым жоқ» дейді екен. 

Небәрі біржарым кластық білім алып, сауатын латын әліпбиімен ашқан Қамида апамыздың қолына алғаш түскен басылым – «Социалистік Қазақстан» болыпты. 

– Ол кезде теледидар болмады, бер­тін келе де некен-саяқ кездесті. Халық­тың көзі мен құлағы – газет пен радио болды ғой. Елдің басты үнқағазы саналатын «Социалистік Қазақстан» газеті латын әліпбиімен шығатыны есімде. Кейін әліпби ауысқанда, ежіктеп отырып кириллицаны да меңгеріп алдым, – дейді Қамида әже.

Үл­кен өмірге, жер-жиһан жаңа­­лық­та­рына еліміздің бас газеті арқылы жал­ған­ған Қамида әже әлі күнге дейін біздің газетімізді қадағалап отырады екен. Көзәйнегін киіп алып, газетте жарияланған мақалаларды, тіпті эксперимент ретінде басылып жүрген латын әрпіндегі жазбаларды да оқып тұрады.

– Мал соңында күнұзақ далада жүр­ген­де «Социалистік Қазақстан» газетін күтеміз. Жаз күндері пошта, хат-хабар, газет қолға бір-екі күнде тиетін. Ал қы­лы­шын сүйреткен қыста пошташы ат-шанасын қарға омбылатып, үш-төрт күнде әрең жететін. Пошташыны атынан танып, «қандай жақсы жаңалық келді екен?!» деп, газетті таласа-тармаса оқитын едік. Әріп таны­майтындарға газетті өзіміз оқып бере­міз. Ол кезде газетті жырту деген жоқ. «Социалистік Қа­зақстанды» тегіс­теп бүктеп жинап қоя­мыз, – деп еске ала­ды кейуана. 

Осыдан бес жыл бұрын, «Алтын ал­қа­лы» ана 100-ге толғанда ұрпақтары Жым­питыда ат шаптырып той жасаған еді. Құдайға шүкір, ұрпақтарының бәрі – білім­ді, педагог, заңгер, кәсіпкер. Қолын­да­ғы Талап ағайдың өзі шаруа қожалығын аш­ып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ақаулы көлік, сынған техниканы жөндеуде алдына жан салмайтын шебер. 

– Иә, Алла, менің көргенімді ұрпағым көр­­ме­сін, оларға бейнетімді емес, жасымды берсін! – дейді ғасыр-әже.

– Әумин! – дейміз біз бетімізді сипап.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Батыс Қазақстан облысы