• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2019

«Тағдыр стансасы»: махаббатсыз дүние бос

819 рет
көрсетілді

Идея жүзеге асса ғана маңызды. Оның миссиясы да сол – адамзаттың игілігіне қызмет ету. Адамдардың өміріне мағына беру. Ықпал ету. Жақсы идеялар жаңа деңгейде жаңғырып жатса, бұл оның құндылығы. Өзектілігі.   

Талғат Теменовтің кейіпкері Гүлназ көптеген көрерменнің жадында. «Махаббат стансасы» фильмінің ішкі табиғатын ұстап тұрған әдемі сезім шынайы суреттелген. Жүрекке же­тетін туынды. Ал экранға араға жыл­дар салып жарыққа шыққан Ер­нар Нұрғалиевтің «Тағдыр стан­сасы» фильмінің айтары басқа.

Гүлназ – кілтті кейіпкер. Екі фильмге де ортақ – үндес­тік. Шығармашылық байланыс. Ішкі дүниесіндегі сырын кейіпкер Гүлназдың тілі­мен жеткізу. Оның үні – менің­ше, Баян Мақсатқызының өмірін­де маңызды рөл атқарған. Шығар­машылық алғашқы қадамы. Ак­тер­лік еңбегі. 

Шығармашылық үдеріс – күрделі. Онда ешнәрсеге ке­пілдік жоқ. Өнердің адамдары – тәуекелшіл келеді. Олар рухтың күшіне сенеді. Алапат сезімдерді басынан өткереді. Осы күй Баянды өзінің өнер жолындағы ұстазы, өзіндік ор­ны бар Талғат Теменовтің ав­тор­лық туындысындағы өзі сомдаған кейіпкер Гүлназдың бей­несіне қайта оралуға, оның тілінде қоғаммен қайта сырла­суға ықпал еткен. 

«Тағдыр стансасындағы» Гүлназдың үні керісінше, күр­делі. Бұл фильмнің табиғаты мен айтарын түсіну үшін сезім­тал да, өрелі түйсік керек. Бұл да әйел табиғатының тілін тү­сінгендей күрделі. Ашып айтпаса да, сезімімді түйсініп ал дейтін жұмбақ әлем. Фильм айыптауды қажет етпейді. Ке­рісінше, махаббатсыз да бірін-бірі алдап күнелтудің жолын үйренген қоғамның сезімдерінің бетпердесін астыртын түрде  шешеді.

Бүгінгі қоғамға шынайы махаббат тақырыбына арналған фильмдер жетіспейді. Бұл жү­рекпен түсінісуден гөрі, жек­­көрініштің анайы тілінде көп ар­тық сөзге құмар қоғамның диаг­нозы. Түсінісу – жүрекке, айыптау – көп жағдайда, азғын­дық­қа жол ашады. 

Махаббат – масштабты. Ол тек екі жастың арасындағы се­зіммен өлшенбейді. Белгілі бір идеяға деген махаббат та болуы әбден мүмкін. Бұл дүниеде ма­хаб­батпен жасалған дүние – құнды. «Тағдыр стансасы» Гүл­наздың бейнесіне ерекше сүйіс­пеншілікпен жасалған туынды.   

Жастық шақ, балалық махаб­бат, тазалық, үлкен өмір, таң­дау, тағдыр, өкініш, мойын­дау. Осының бәрі фильмде ерек­ше сезіммен беріледі. Ма­хаб­батпен отбасы құрудың ма­­ңызы түсіндіріледі. Үлкен қа­те­ліктердің түпкі негізінде таңдаудың шешуші рөлге ие екендігінің мысалын көрсетеді. Таңдау – адамның тағдырына әсер етеді. Фильмде адамның таң­дауы­ның бейсаналық дең­гейдегі рөлінің маңызы көрсе­тіледі. Қаладым, таңдадым деге­нің кейде – жүрегіңнің әмірімен бір болмауы мүмкін. 

Фильм мағынасының астарында жасырынып жатқан бас­ты құпия – Гүлназдың таңдауы. Оның тағдырына ықпалы. Ше­шімі. Мәжбүрлілігінің се­бебі. Тағдырына таққан айыбы. Ама­лының жоқтығы. Шарасыздығы.  

Өмірдегі шешімдерінің салдары – балаларының өмірде бірге жолығуымен түсіндіріледі. Өткенге өкініш – үмітке қайта жал­ғасады. Балаларының бір-біріне деген махаббатын сақ­тауға ықпал жасау – бұл фильм­де ата-аналарының басты ор­тақ шешімі болып табылады. Фильмнің жарыққа шы­ғуына Талғат Теменовтің ке­йіп­кері Гүлназдың ықпалы зор. Әйел затының болмысын аша алған автордың шеберлігі. Оның табиғатына тән нәзіктігін бей­нелей алған суреткерлігі. 

Бүгінгі кинода осындай ерек­ше туындылардың идея­сын қайта жаңғырту үрді­сі қа­лыптасқан. Бұл – қалып­ты үдеріс. Түпнұсқалық кейіп­кер­мен қайта қауышуға деген құштарлық. Тақырыпқа деген сағыныш. Мүмкін идея­лық дағдарыс?! Қандай жағдай да бұл тәсіл өнердегі тұлға­ларға ойын жеткізуге жасалған шығармашылық мүмкіндік. Идеяның құндылығы. Тақы­рыптың өзектілігі.

«Махаббат стансасы» – алғашқы махабатты сақтауға дәрменсіз болған шарасыздықты бейнелесе, «Тағдыр стансасы» – өз тағдырларының құр­банына айналған ата-ананың балаларының бір-біріне деген сезімін сақтауға жасалған кемел шешімін ашып көрсетуімен құнды.  Бір-біріне қадам жасау. Кешіру. Махаббатқа құрметпен қарау. Түсіну. Осының бәрі «Тағдыр стансасы» фильмінде ашылған.

Гүлзат КӨБЕК,

кинотанушы, өнертану PhD докторы