«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын өңірлік даму институтына айналдыру қажеттігін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзаxметов облыс әкімдігінде өткен жиында айтты.
Жиында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берген аталмыш корпорация басшысы Нүркен Шәрбиев бизнес құрылымдары арқылы салынған ивестиция көрсеткіші 146 миллион теңгеге жуықтағанын жеткізді. Ол 59 инвестициялық жобаға талдау жасап, ол жобалардың 6-ауы кен өңдеу, 3-еуі малшаруашылығы, 12-сі өндіріс, 11-і қызмет көрсету, 5-еуі құрылыс саласы, 22-сі өсімдік шаруашылығы саласына тиісті екенін айтып өтті.
Корпорация бірқатар көрсеткіштерде ойдағыдай нәтижеге қол жеткізгенімен, шешімін күткен түйінді мәселелер де аз емес болып шықты. Айталық, облыс орталығындағы жабайы сауда орындарын жойып, біртипті дүңгіршектер салу жұмыстары қолға алынғанымен, бүгінде оның небары 12-сі ғана бой көтерген екен. Индустриалды аймақ құруға қатысты мәселелер де нақты шешілмеген. Кәсіпкерлерді қолдау шараларына бөлінген қаржыны бақылау жұмыстары да ойдағыдай емес. Әкім бұл орайда құзырлы мекемелерге тұрақтандыру қорына бөлінетін қаражатқа бақылау мен есеп-қисапты әр жыл сайын тұрақты түрде жүргізіп отыруды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі корпорацияның қатысуымен өңірде жүзеге асырылатын жобалар санын арттыруға назар аудару керектігін ескертті.
Жиында тұрғындардың тұрмыстық жағдайына қатысты мәселелер де сөз болып, аталмыш ұйымның бұл орайда атқаратын міндеттемелері жан-жақты сараланды. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында агроқұрылымдар құру, жеке кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстап тұру секілді бағыттарда атқарылуы тиіс іс-шаралар талқыланды.
Асқар Мырзахметов жуырда ғана өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында айтылғандай Елбасы тапсырмасына орай, өңірдің даму картасы қайта қаралатынын жеткізді. Сонымен қатар, мемлекет пен жеке меншік бизнестің мүмкіндіктерін біріктіре отырып, жеке меншік секторды қолдау арқылы өңір экономикасын дамытуға күш салу қажеттігін баса айтып, ұйым басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazagstan»
Жамбыл облысы