• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2019

Құжаттарға қолжетімділік қамтамасыз етілген

944 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында жүзеге асырылатын «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы архив саласының дамуына тигізер әсері мол. Отандық архив қызметкерлері бұл құжатқа үлкен үміт артады. Өйткені ел тарихына қатысты шетел архивтерінен әкелінбей жатқан құнды құжаттарға қол жеткізу мүмкіндігі арта түсті.

Заман талабына сай Елбасы атап өткендей, құжаттарды барша жұртшылыққа қолжетімді ету үшін цифрлы форматқа көшіру процесі жылдамырақ жүргізіледі деген үміт бар. Архив құжаттарын насихаттау, бұқаралық ақпарат құ­ралдары арқылы жария ету, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін қалыптастыру бойынша іргелі жұмыстар атқарылып жатыр. Шет мемлекеттер архивтері мен ғылыми орталықтарына іс-сапарлар ұйымдастырылып, ол жердегі ел тарихына қатыс­ты құжаттар анықталып, ма­ман­да­рымыздың шетелдік әріп­тесте­рімен тәжірибе алмасу мүм­кін­дігі­­не қол жеткізеді деген сені­мі­­міз мол.

Мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде архивтер тарихи уақыттың, тарих жадындағы сабақтастықтың, әлеуметтік процестердің эволюциясын белгілеудің маңызды буыны болып табылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің басты мақ­сат­тарының бірі – халықаралық әріптестікті ұлғайту. Оның бір дәлелі – Халықаралық архивтер кеңесінің Еуразиялық аймақтық бөлімшесіне (ЕВРАЗИКА МСА) мүшелігі.

Ұлттық архивтің оқу залында тарихшылар, ғалымдар мен студенттерге және өлке­танушыларға зерттеу мақса­тында пайдалану үшін құжат­тарға қолжетімділік қамтама­сыз етілген. Мұнда қазақ­­стан­дық зерттеушілер саны­ның көбеюі­мен қатар, жа­қын және алыс шетелдердің ғылы­ми мекемелерінің өкілдері де жұ­мыс істейді. Ұлттық архив, сонымен қатар тағы бір ма­ңызды функцияны іске асыруда. Қазақстан Республикасы және шетел мемлекеттері азаматтарынан, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін сұраныстарды орындау бойынша үлкен жұмыс атқаруда.

2007 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында АҚШ, Мысыр, Өзбекстан, Түркия, Қытай, Венгрия, Фран­ция және Ресей архивтерінен Қазақ хандығының тарихына қатыс­ты көп­теген құнды құжаттар әке­лінді. Осы құжаттарды ша­ғатай, парсы, қытай, ағылшын, француз және басқа да тілдер бол­ғандықтан оларды қазақ және орыс тіліне аудару қажет. Елба­сының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында тарихшы ғалымдармен бірлесіп көптеген құжаттарды аудару бо­йынша көлемді жұмыстар бас­тауды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама бойынша әзірленетін жобаларға қатысып, отандық архив қорларын толықтыруға атсалысуды өзіміздің болашақ ұрпақ алдында азаматтық борышымыз деп санаймыз. Бүгінгі таңда Қа­зақстан тарихына деген қызы­ғу­шылық күн арта ұлғайып келеді. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы аясында Қазақ­стан Республикасының Ұлттық архивінде «Архивті цифрландыру: дамудың жаңа траекториясы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция шең­берінде архивтер қызметін цифр­ландыру, «Ұлттық архив қоры және архив туралы» Қазақстан Республикасы Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, архивтік құжат­тарды сақтау­дың тұжырым­дама­лық негіздері, оларды есепке алу, қа­лыптас­тыру және жеке қор, сондай-ақ элек­тронды құжаттар қоймасын ше­шу жолдары мен мәселелері талқыланды. 

Тағы бір жақсы жаңалық – Ұлттық архивтің жаңа ғимаратын салу мәселесі оңтайлы шешілуде, құ­рылысқа арналған жер те­лімі берілді. Болашақта бұл заманауи архив институты са­ла қызметіне жаңашылдық пен үлкен жетістіктер әкеледі деп үміт­тенеміз. Жалпы, халық­тың құжаттық тарихына жас­тардың, шығармашылық және ғылыми интеллигенцияның қы­зы­­ғушылығын арттыру ма­ңыз­ды. Осы орайда Ұлттық ар­хивті қоғамдық ақпаратпен алмасу орталығына айналдыру қа­жеттігі туындайды. Болашақ­та бұл орталық жұртшы­л­ық­ты ха­лы­қаралық интел­лектуал­ды-ақ­па­рат­тық кеңіс­тікте интеграция­­ланып, еліміздің Ұлттық архив институты атануы тиіс.

Бүгінгі ұрпақ тәуелсіз Қазақ­стан тарихының қалыптасуының куә­гері болып табылады. Біз­дің ойы­мызша, Елбасының «Ұлы да­ланың жеті қыры» атты бағдар­ламалық мақаласы ұлт­тық тарихымызды тереңнен тануға жол ашады. Бұл орайда отан­дық архивтерге үлкен міндет жүктеліп отыр.

Ата-бабаларымыздың ең озық технологиялық инновациялармен ажырамас байланысын растай­тын тарихи жәдігерлер, қолжазба­­лар, архивтік құжаттар, кітап­тар, бел­­­гілі бір ғылыми фактілер жа­hан­дық тарихтағы Ұлы даланың орнын айқындайды. Біз мұны мүм­кіндігінше жарқырата көр­сете білуіміз керек.

Жангелді МАХАШОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры