• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Ақпан, 2019

Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов есеп берді

660 рет
көрсетілді

Қостанай қаласының жаңа әкімі Қайрат Ахметов бұл лауазымға ақпан айының 1-де ғана тағайындалған болатын. «Өткелде ат ауыстырмайды» дегенмен, қаланың бұрынғы әкімі денсаулығына байланысты өз өтініші бойынша қызметтен кеткен болатын. Сонымен жаңа әкім қызметке келе сала үш күннен кейін қала тұрғындары алдында есеп берді.

Қостанай қаласы облыс орталығы ғана емес, өңір экономикасын алға сүйрейтін өндірістердің де шоғырланған орны. Есепті жылы қала кәсіпорындары 298 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл 2017 жылға қарағанда артық. 12 мың машина, 240 астық жинайтын комбайн сапқа қойылды, 895 мың тонна ұн, 72 мың тонна сүт, 52 мың тонна кондитер бұйымдары өндірілді. Индустриялық аймақта инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған, инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Мұндай үздік көрсеткіштерді жалғай беруге де болады. Өңір экономикасының дамуына Қостанай қаласы осылай үлес қосып отыр. Дегенмен, жаңа әкімге залдан түскен сұрақтың барлығы да әлеуметтік мәселелерді қозғады. Ең алдымен қаланың шетінде орналасқан шағын тұрғын аудандардағы жол, жылу, жарық мәселелері алдымен сөз болды. Қалаішілік автобус қозғалысы туралы сұрақтар қайталанды.

Сонымен қатар, жақында ғана мезгілсіз қайтыс болған балалар дәрігері Дмитрий Герасимовтың атын мәңгі есте қалдыру үшін облыстық балалар ауруханасына немесе сол маңдағы бір көшеге дәрігердің есімін беру керектігі туралы қала тұрғынының ұсынысын зал қол шапалақтап қолдады. Оған Қайрат Ахметов облыстық балалар ауруханасында дәрігерге арнап музей ашуды ұсынды. Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл ұсыныс қолдауға тұрарлық, бірақ заң бойынша марқұмның қайтқанына бес жыл өткен соң барып, ұсыныс жасау керек деген уәж айтты.

Әкім есебінде сондай-ақ, жастар жылына байланысты жатақхана мәселесі, көшедегі қара ағаштардың орынсыз қырқылуы секілді көптеген сұрақтар қойылды. Тұрғындар жиналысын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қорытындылады, көптеген тұрғындар сұрақтарына өзі де жауап берді.

«Қала әкіміне қоятын тұрғындар талабы мен назы өте көп. Оның барлығын жүзеге асыруға қаржы және уақыт керек екенін айтқым келеді. Қала тұрғындарының талабы, жақсы, игі істер тек әкіммен ғана емес, тұрғындардың өзінің ынта-ықыласымен, патриоттығымен де мүмкін болады. Әрқайсысымыз «мен қалаға не істедім, қандай көмек жасадым?» деген ойды көңілден шығармаңыздар» деді Архимед Бегежанұлы.

 Ол қаланың жаңа әкімі Қайрат Ахметовке қызметте табыс тіледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

Egemen Qazaqstan

Қостанай