Қазіргі уақытта негізгі қарызын төлеген жағдайда өсімпұл есептен шығарылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғалар үшін салық рақымшылығын жүргізу тәртібін әзірлеп жатыр. Атап айтсақ, салық рақымшылығы жүргізілетін жеке тұлғалардың санаттары мен қарыз сомалары қарастырылуда. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Баспасөз қызметі хабарлады.
Жақын арада әзірленген ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен келісуге берілетін болады.
2019 жылдың 8 ақпанынан бастап берешегін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары қолданысқа енетінін естеріңізге саламыз.
Бұл қағидалар Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдарды және айыппұлды есептен шығару жөнінде шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізу туралы берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленіп, бекітілген.
Бүгінгі күнгі жағдай бойынша 27 903 салық төлеуші бюджетке 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 5,9 млрд теңге құрайтын негізгі қарызын төлеген.
Осылайша, жақын арада қағидалар қолданысқа енгізілген соң, жоғарыда көрсетілген салық төлеушілерге 1,1 млрд теңге өсімпұл және 100 млн теңге айыппұл есептен шығарылатын болады.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ: өсімпұлдар мен айыппұлдар салық төлеушінің өтінішінсіз есептен шығарылады. Оңалту рәсіміндегі және салықтар бойынша төлеу мерзімін ұзартқан салық төлеушілерге қатысты рақымшылық қолданудың тәртібі басқаша.