«СОЦИС-А» Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» жеке қоры жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум бойынша жүргізілген Еxit poll нәтижелерін жариялады. Сауалнамаға сәйкес, дауыс бергендердің басым бөлігі Конституция жобасын қолдаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Институт мәліметінше, дауыс беру учаскелеріндегі қатысу деңгейі 73,8% болды.
Сауалнамаға қатысқан және дауыс берген азаматтардың 87,4% жаңа Конституцияны қабылдауды қолдаған.
Еске салайық, Қазақстанда жаңа Конституция бойынша республикалық референдумдағы дауыс беру сағат 20:00-де аяқталды. Қазіргі уақытта учаскелік комиссиялар дауыстарды санауға кірісті.
Аумақтық комиссиялардың деректеріне сәйкес, елдің барлық өңірінде референдумға 9 126 850 қазақстандық келіп дауыс берген. Алдын ала мәлімет бойынша, референдумдағы жалпы қатысу деңгейі 73,24% болды.
Айта кетейік, бұған дейін Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама бойынша Exit poll нәтижесі жарияланды. Қазақстандықтардың 86,7%-ы референдумда «Иә, қабылдаймын» деп жауап берген.