• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Референдум Бүгін, 08:30

Халықаралық байқаушылардың бағасы

0 рет
көрсетілді

Елдегі референдумның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге халықаралық байқаушылар да белсенді атсалысты. Олар Астанадағы учаскелерді аралап, науқан барысын жіті қадағалады. Шет мемлекеттерден келген сайлау комиссияларының төрағалары отандастарымыздың белсенділігін жоғары бағалады.

Тиісті талапқа сай

Ұлттық ака­­демия­лық кі­тап­ханадағы ре­­ферен­дум­ның №129 учас­ке­сіне барған Тә­жікстан Рес­пуб­ликасы Ор­талық сайлау және рефе­рендум ко­мис­­сиясының төрағасы Бахтиёр Худоёрзода елдегі сая­си іс-ша­раға дайын­дық барысы және өткі­зу кезеңі халықаралық талапқа сай бол­ғанын айтады.

– Біз Қазақстан Республикасы Орта­лық референдум комиссиясының шақы­руымен Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға дайындық және оны өткізу барысын бақылауға келдік. Байқағанымыздай, Қазақ­стан Республикасы Орталық референ­дум комиссиясы саяси іс-шараға жоға­ры деңгейде дайындалған және жауап­кершілікпен қараған. Дауыс беру құқы­ғына ие ел азаматтары референдум учас­ке­леріне өз еркімен келіп, ешқандай кедер­гісіз таңдауларын жасады. Бұл референдум өткізудің негізгі қағидаттары – азаматтардың құқығын еркін білдіруі мен ашықтық қағидаттарының сақталып отырғанын айғақтайды, – деді Бахтиёр Худоёрзода.

 

Референдумдағы оң үрдіс

Ресей Фе­де­­ра­циясы Ор­т­а­лық сайлау ко­мис­сиясының хатшысы На­талья Бу­­да­ри­на да Аста­­надағы бір­­­қа­тар ре­фе­рен­дум учас­­кесі­нің жұ­мы­сымен танысып, дауыс беру ба­рысын бақы­лап шықты.

– Саяси маңызды оқиғаны бақылау мақсатында көптеген учаскеге алдын ала ескертусіз бардық. Ешқандай артық әрекет байқалмады. Учаскелерде қоғамдық байқаушылар да отыр. Тағы бір ерекше атап өткім келетіні – бірқатар азаматтың учаскелерге отбасымен, тіпті кішкентай балаларымен бірге келіп дауыс беріп жатқаны қуантты. Меніңше, бұл – оң үрдіс. Өйткені осындай маңыз­ды қоғамдық-саяси оқиғаларға бүкіл отбасының қатысуы – болашақ ұрпақ үшін де өнеге екенін естен шығармаған абзал, – деді Наталья Бударина.

 

 

Баршаға тең мүмкіндік

«Астана Опера» театрын­да­ғы референ­дум учас­кесінде Әзер­бай­жан Орта­лық сай­лау ко­м­ис­­сия­сының төр­аға­сы Мазахир Панахов нау­қанға қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, әр сайлау сайын қазақ елі оң өзгерістерге нық қадам басып келеді.

– Қазақстанға бірнеше мәрте байқау­шы ретінде келдім. Осы жолы делегация құрамында 20-дан аса байқаушы бар. Олардың әрқайсысы референдум учас­келеріне барып, комиссия мүше­лерімен тілдесіп, жалпы ахуалды бағала­ды. Халық өз елінің болашағына деген жауапкершілігін толық сезінетінін байқадық. Қазақстанның Орталық референдум комиссиясы дамыған Еуропа мен АҚШ елдерінде қолданылып жүр­ген барлық заманауи әдістерді еркін пайдаланған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі, нашар көретін, естімейтін және жүріп-тұруында қиындығы бар азаматтарға қажетті жағдайдың бәрін жасап отыр, – деді Мазахир Панахов.

 

 

Халықтың бірлігіне тәнтімін

Армения Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ваагн Овакимян Қазақстандағы рефе­рен­дум­ның ұйым­дас­ты­рылуына оң баға беріп, аза­маттардың таң­дау жасауы­на толық мүм­кіндік жасал­ға­нын атап өтті. Ол мұндай маңыз­ды саяси нау­қан­дарға ха­лық­аралық бай­қаушы­лар­дың қаты­суы референ­думның ашық­тығы мен се­німділігін артты­руға ықпал ететінін атап өтті.

– Орталық референдум комиссия­сының мүшелері өз кәсіби деңгейлерін көрсетіп, өте ауқымды және ауыр жұмыс­ты құлшыныспен атқарды. Біздің мақ­сатымыз – Қазақстандағы референ­думның ұйымдастырылу барысымен таны­сып, тәжірибе алмасу. Бірнеше референдум учаскелерінен байқағаным, сая­си науқан өте тыныш, бейбіт жағдайда өтті. Қарсылық танытып жатқандарды көрмедік. Ел халқының ауызбірлігіне тәнтімін. Негізінен азаматтардың рефе­рендумға белсенді қатысуы елдің саяси жүйесінің одан әрі дамуына ықпал етеді, – деді Ваагн Овакимян.

 

Түркі елдерінің тәжірибесі ұқсас

Түркия Рес­пуб­ликасы Жо­­ғарғы сайлау ке­ңесінің төр­­ағасы Ах­мет Йе­нер Астана қала­сын­­дағы №149 ре­ферендум учас­кесінде бо­­лып, ел халқын Амал мерекесімен құт­тықтады. Сон­дай-ақ ол екі мемле­кеттің сайлау жүйеле­рін са­лыстыра келе, олардың тәжіри­бе­сінде ортақ тұстары көп екенін жеткізді.

– Ел тарихындағы маңызды кезең айтулы мерекемен тұспа-тұс келіп отыр. Наурыздың бастауы саналатын Амал күніне орай түрік халқының да ыстық сәлемін жолдаймын. Референдум нәтижелері Қазақстан халқы мен елдегі демократиялық үдерістер үшін пайдалы болады деген сенімдемін. Әр елдің сайлау жүйесі өз ерекшелігіне қарай қалыптасады. Дегенмен екі елдегі сайлау тәжірибесі шамамен 70 пайыз ұқсас. Мысалы, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға белгілі бір уақыттан кейін үйлеріне барып, дауыс беру мүмкіндігі жасалады. Түркияда да осындай тәжі­ри­бе бар, бізде жылжымалы сайлау жәшіктері қолданылады. Сонымен қатар көру қабілеті нашар азаматтарға арнайы траферет екі елде де бар, – деді Ахмет Йенер.

 

 

Жастар және жауапкершілік

Референдум­­­­да инклю­зив­тілік қағи­да­тына маңы­з­ды екпін беріл­ген. Өзбек­стан Рес­­пуб­ли­касы Ор­та­лық сай­­лау ко­ми­с­­­сия­сы­ның төр­аға­сы Зай­нид­дин Низам­ход­жаев осылай дейді.

– Референдум комиссиясының мүшелері мен қоғамдық байқаушылар­ арасында жастардың көп болға­ны қуантады. Бұл азаматтық жауапкер­шіліктің жоғары екенін аңғартады. Біз үшін сайлаушылардың саны, оларды хабардар ету жұмысының қалай жүр­гізілгені, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, денсаулығына байланысты үйден шыға алмайтын адамдарға қан­дай жағдай жасалғаны маңызды. Мыса­лы, Астана қаласы Президент орта­лығындағы №176 референдум учаскесін­де түске дейін үш азамат үйінде дауыс берген. Олар алдын ала өтініш беріпті. Кейбір учаскелерде – 7, тағы біреуінде 12 адамның үйінде дауыс беру туралы өтініш білдіргенінен хабардармын. Яғни Қазақстан заңнамасына сәйкес референдумды өткізуге барлық қажетті жағдай жасалған, – деді Зайниддин Низамходжаев.

 

 

Науқанда заңбұзушылық тіркелмеді

Астанаға алғаш рет аяқ басқан Қырғыз Республикасы Орталық сайлау және референдум комиссиясының төрағасы Тынчтык Шайназаров учас­келерде заңбұзушылық тіркелмегенін мәлімдеді.

– Қырғызстаннан жалпыхалықтық науқанды бақылау үшін 18 байқаушы келді. Оның алтауы Аста­наға келсе, қалған 12-сі Қыр­ғыз­станмен шек­тесетін Қа­зақ­стан өңір­ле­ріндегі учаскелерде бақылау жүргізді. Әр мем­­­лекеттің өз тә­сілі бар. Тех­никалық жаб­дықталу да әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ ең маңыздысы – азаматтардың еркін дауыс бе­руі­не мүмкіндік жасау. Учас­­келерде құпия дауыс беру толық қам­тамасыз етілгенін көрдік. Адам­дардың шоғыр­лануы, ретсіздік жоқ, бәрі жақсы ұйымдастырылған. Ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ, – деді Тынчтык Шайназаров.

 

Медианың да өзіндік рөлі бар

Алба­ния Мем­­­­лекеттік сай­лау комиссары Илирд­жан Че­ли­баши Аста­на қа­ласы әкім­дігінің «№119 жалпы бі­лім беретін мек­тебі» комму­нал­дық мемлекеттік мекемесінде орналас­қан референдум учаскесіне бар­ды. Ха­лықаралық байқаушы мұн­дай науқан­дарда БАҚ пен азаматтық қоғамның рөлі өте маңызды екенін еске салды.

– Журналистер мен азаматтық қоғам өкілдері бұл үдеріске оң және теріс жағынан да әсер ете алады. Біз әрқа­шан медианың өз міндетіне сай әрекет етуін қалаймыз. Яғни халықты ақпарат­тандыруда ашықтық болуы керек. Жалпы, Қазақстан халқының қабылдаған шешімінің дұрыс не бұрысын бағалай алмаймыз. Өйткені болашақта не бола­тынын немесе референдумның нәтиже­сі қандай болатынын айту әлі ерте. Ме­ніңше, жаңа Конституция елдегі демо­кратиялық стандартты жақсартуға ықпал етуі мүмкін, – деді Илирджан Челибаши.

Осылайша, шетелдік байқаушылар ел тарихындағы маңызды референдумның әділ өткенін, дауыс беру үдерісінің ашықтығын растады. Еске салсақ, нау­қанға 38 ел мен 11 халықаралық ұйымнан 359 байқаушы қатысты.

Соңғы жаңалықтар