• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Ақпан, 2019

Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызметші негізсіз үстеме жұмысқа тартылмайды

918 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметші құқықтарының сақталуы, соның ішінде негізсіз үстеме жұмысқа тартылмауы қатаң қадағаланады. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі БҚО бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Жақсат Мұратов мәлімдеді.

 

Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртіппен ғана тартылуы тиіс.

- Өткен жылдың қазан айында Агенттік тапсырмасы негізінде облыс аумағындағы мемлекеттік органдар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша - 2112 мемлекеттік қызметшінің 513-і, яғни 24,3%-ы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін де жұмыс орнында кідіретінін көрсетті, - дейді Жақсат Мұратұлы.

Бүгінде Департамент мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта жұмыс орнында негізсіз қалу фактілерін анықтау және оларды болдырмау бойынша қоғамдық ұйымдардың қатысуларымен бірлескен іс-шаралар өткізуде. Шара барысында Департамент қызметкерлері 117 мемлекеттік органға барып тексеріп, нәтижесінде мемлекеттік қызметшінің жұмыс уақытынан кейін жұмыс орнында отырған 22 фактіні анықтаған. Олардың 16-сы өз лауазымдық міндетін мемлекеттік орган басшысының үстеме жұмысқа тарту туралы тиісті бұйрығына сәйкес атқарған екен. Ал 6 оқиғада үстеме жұмыстарға тарту туралы жұмыс берушінің актісі мен жұмыскердің жазбаша келісімі болмаған. Ақысыз артық қызмет етіп отырған 5 қызметкер - Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандары болса, 1-і – Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан екен.

Осы тексеріс негізінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа келу, жұмыстан кету уақыты да қатаң бақылауда. Департамент жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдардың мемлекеттік орган ғимаратына орнатылған кіріп-шығуды бақылайтын СКУД жүйесінен алынған деректерді зерделеп, өткен жылдың желтоқсан айында БҚО қазынашылық департаментінің, БҚО статистика департаментінің, БҚО ауылшаруашылығы басқармасының кейбір мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жұмыс орындарында болғаны белгілі болды. Осыған орай мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 77 және 78 баптарының сақталуы мәселесі бойынша сәйкесінше тексеру ұйымдастыру туралы Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясына ұсыныс жолданып, қазір аталған мемлекеттік органдарды тексеру жүргізілуде.

Дәл осындай тексерістер бұдан бұрын да ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің үстеме жұмыстарға ақы төлеу талаптарын сақталмағаны үшін Ақжайық ауданы әкімі аппаратының және Ақжайық ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің екі лауазымдық тұлғасына 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған еді.

- Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан кейін жұмыс орнында негізсіз кідіруін болдырмау мақсатында Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс компьютеріне жұмыс уақыты аяқталған соң автоматты түрде сөніп қалатын жүйе орнатып жатырмыз, - дейді Жақсат Мұратұлы.

Бүгінде өңірде облыстық деңгейдегі 25 жергілікті атқарушы мемлекеттік органның 22-сінде осы бағдарлама іске қосылып, 88%-ды құраған. Ал Орал қалалық, аудандық және селолық деңгейдегі 306 жергілікті атқарушы мемлекеттік органда бұл көрсеткіш 43%-ды құрап отыр. Яғни тек 133 бұл жүйеге қосылған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»