• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Ақпан, 2019

Дәрігерлерге ағылшын тілін үйретеді

655 рет
көрсетілді

2008 жылы жұмысын бастаған Бесқарағай аудандық тілдерді оқыту орталығы осы жылдар мұғдарында 1179 адамға қазақ тілін, 292 кісіге ағылшын тілін үйретіпті.

«10 жыл көлемінде көп­теген жобаларды жүзеге асыр­дық. Бүгінде мемлекеттік қызмет­керлерге мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілін де үйретіп жатырмыз. Бізде бәрі тегін. Бұл мақсатта жергілікті бюжеттен жыл сайын қаржы бөлініп отырады. Қазір облыс әкімі Даниал Ахметовтің дәрігерлерге ағылшын тілін оқыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 20-ға жуық медицина қызметкеріне ағылшын тілін оқытып жатқан жайымыз бар. Біз тек тіл үйретумен ғана шұғылданбаймыз, әртүр­лі іс-шаралар өткіземіз. Шы­ғыс Қазақстан облыстық лин­гвистикалық орталығымен бір­лесе жұмыс істейміз», дейді ор­талық директоры Айнаш Әлі­бекқызы.

Жиырма дәрігердің қата­рында осы орталықта ағыл­шын тілін үйреніп жатқан Бес­қарағай аудандық орталық ауруханасының фельдшері Сәу­ле Куркумбаевамен сөйлес­кенімізде тіл оқыту кур­сына үш айдан бері барып жүр­генін айтты. «Өзім еңбек ететін ауруханадан бір емес, бірнеше кісі ағылшын тілін үйреніп жа­тырмыз. Қазір облыстың дәрігерлері біліктілігін арттыру үшін шетелдерге жі­беріліп жатыр ғой. Мені де жі­берген жағдайда дайын болайын деп осы курсқа жазылдым. Жалпы, тіл білгеннің артықтығы жоқ қой», дейді дәрігер. 

Орталық жанынан «English speaking club», «Әдемі сөйле» шешендік шеберлік клубтары мен «TEDxBESK» деген конференция-студия ашылыпты. Айнаш Әлібекқызы шеберлік клубы мен студия осындағы тіл үйренушілердің өз ойын қысылмай, ашық әрі еркін жеткізуіне, көркем де кестелі сөйлеуіне машықтандыру һәм латын әліпбиін оқыту мақ­сатында ашылғанын жеткізді.  «Шешендік шеберлік клубы былтыр Тәуелсіздік күні мере­кесінде ашылды. Бұл біздің білуімізше, тілдерді оқыту орта­лығы жанынан ашылып отыр­ған алғашқы клуб болуы керек. Алдағы уақытта тіл үй­ре­ну­шілердің шешендік шебер­лігін шыңдау үшін танымал тұл­ғаларды шақыру жоспарымызда бар», дейді орталық директоры.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы