Жасыратыны жоқ, қоғамда әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар легі көбейіп келеді. Қазір тұрғындар арасында жұмысқа орналасу, балаларды тегін ыстық тамақпен қамту, тұрғын үй жайы, қыстық отын мәселесі сияқты тұрмыстық мәселесін айтып арызданушылар аз емес. Және әлеуметтің көмек сұрап баратын жері де санаулы болып отыр. «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлімдері солардың қатарында.
Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөліміне 5516 адам арыз-арманын айтып келген екен. Әртүрлі деңгейдегі 2176 өтініш қанағаттандырылып, оңынан шешіліпті. Әр өтініш иесі партияға келгенде мәселесінің маңыздылығы ескерілсе, шешімін таппаған сұрағына жауап алсам деп келеді.
Мысалға, партияның облыстық филиалына қабылдауға жазылған Талдықорған қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Индира Тұрсынбекова тұрмысының төмендігін, қарауында мүмкіндігі шектеулі баласы бар екенін айтқан болатын. Жас ананың жағдайын тыңдаған облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мүгедек балаға көмек қолын созып, білім алатын мектебінің басшылығына хабарласты. Нәтижесінде баланың тегін тамақтану мәселесі шешілді. Жалғызілікті анаға тиесілі жәрдемақы алуына орай облыстық филиал басшысы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Оспановаға хабарласып, мән-жайды анықтап, жәрдемақы алуына да жәрдемдесті. Партияның шарапаты тиген жанның бірі – Арайлым Уалиева. Арайлым жас отбасылы, тұрмыс құрғанына небәрі жарты жыл болған. Жұмыссыз. Облыс орталығына көшіп келген уақыттан бері өз мамандығы бойынша қызмет етіп, мейірбике болуды арман ететін. Алайда, жас маманға ешбір жерден көмек қолын созатын адамдар табылмады. Тауы шағылып, көңілі құлазыған Арайлым Талдықорған қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, бар жағдайды айтты. Партиялықтар жас маманға көмек көрсетуге әзір екендіктерін айтып, Талдықорған қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Әсемқұловтың қабылдауына кіргізді. Ол кісі Арайлымның назын тыңдап, жас ананың Талдықорған қалалық ауруханасына мейірбике болып жұмысқа қабылдануына ықпал етті.
Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларынан да партиялықтарға келушілердің қатары аз емес. Солардың бірі Еркін ауылының тұрғыны Сәуле Қанапиянова. Сәуле апай қалалық филиалға көмір алуға жәрдемдесуге көмек сұрап келді. «Нұротандықтар» округтен сайланған облыстық мәслихат депутаты Қалмаханбет Дөнсебавқа хабарласып, қабылдауға келген ананың өтінішін жеткізді. Мәселе бірден шешімін тауып, үш күннің ішінде Сәуле апайдың үйіне көмір түсіріліп, ауылдық округ әкімшілігі тарапынан және қалалық мәслихат депутаты Темірболат Ахажаннан да азық-түлік жеткізілді. Нұротандықтар да мәселеден шеткері қалмай, қыстық аяқ киім алып берді. Көксу ауданында да осындай бірнеше мәселемен партия есігін қаққан азаматтарға қолғабыс берілді. Көксу ауданының білім бөлімінің басшысы Тлеумұрат Сейтниязов қабылдауына жазылған Жұлдыз Қалқабаева көпбалалы ана, балаларына мектептен тегін тамақтануға мүмкіндік сұрап келді. Бұл сұранысы оңтайлы шешіліп, қазіргі уақытта мектеп оқушылары ыстық тамақпен қамтылды.
Қоғамдық қабылдау бөлмесінің көпшілікке қолжетімділігі, қабылдау жүргізетін азаматтың кез келген сауалға жауап беруге даярлығы, тіпті филиал қызметкерінің қабылдау келушілерді жылы шыраймен күтіп алуының өзі – көңілге қуат. Әркім мейірімділік пен қайырымдылыққа өзі жол бастаса, қоғам да осы бағытқа бет бұрар еді...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы