ТүркПА Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсуповты қабылдаған Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ұйымның түркі тілдес мемлекеттер арасында ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.
Өз кезегінде А.Мамаюсупов өзара ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын атап өтіп, парламенттік бағыттағы жұмыстың жандана түскенін жеткізді.
«ТүркПА комиссиясы төрт бағыт бойынша – экономикалық, халықаралық, әлеуметтік-гуманитарлық және қоршаған орта мен табиғат ресурстары жөнінде жұмыстар жүргізіп келеді», деді А.Мамаюсупов.
Сондай-ақ С.Жээнбеков Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Бас хатшысы Бағдат Әмреевті қабылдап, оның осы қызметке тағайындалуымен құттықтады.
Қырғызстан басшысы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне өз елінің төрағалық мерзімінде маңызды іс-шаралар ұйымдастыратынын, сонымен қатар бастамаларға қолдау көрсететінін жеткізді.
«Кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыта түсіп, бизнес-форумдар ұйымдастыру мәселесін қарастыру керек», деді С.Жээнбеков.
Өз кезегінде Б.Әмреев 2018 жылы Бішкекте Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін сәтті өткізгенін атап өтті.
«Қырғызстанның Кеңеске төрағалық мерзімінде мемлекет аралық қатынастар тағы да жоғарылай түсетініне сенімдімін», деді Б.Әмреев.