• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Өнер 13 Ақпан, 2019

Өнер әлемін шулатқан картиналар

997 рет
көрсетілді

Жуырда Третьяков галереясындағы Архип Куинджидың «Ай-Петри. Крым» (Мемлекеттік орыс музейі, Санкт-Петербург, 1890 ж.) картинасы қолды болып, өнерсүйер қауымды әбігерге салған еді. Көп ұзамай музейдің әлеуметтік желідегі парақшасында туындының табылғанын cүйіншілеп жазды.  

Атақты картинаның сақтандыру құны 12 миллион рубль шамасында. Оңай олжаға қарық болғысы келген ұры пәлендей шым-шытырық жос­пар да құрмаған. Бар болғаны көрме өтіп жатқан залдағы ілулі картинаны қолтығына қыстыра салып, көтеріп жүре берген. Картинаның орнында жоқ екенін көрме қонақтары түстен кейін байқамаса, жайбарақат жүрген музей қызметкерлерінің қаперіне де кіріп шықпаған. Қонақтардың бірі айт­қан соң барып, музей әкімшілігі шар­тарапқа жар салып, картинаның ұрланғанын хабарлады. Жедел із­дестіру тобы Заречье ауылындағы шаңы шығып жатқан құрылыс аумағынан тауып, бес күн дегенде туындыны көрме төріне қайта әкеліп ілді. Өкінішке қарай, мұндай бағалы картиналардың қолды болуы, онымен қоймай жым-жылас жоғалып кетуі аз кездеспейді.

Мәселен, АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы «Ұршық ұстаған Ма­­­­донна» (Леонардо да Винчи) туын­дысының қолды болуын әлемдегі ең үздік 10 көркем шығарманы ұрлаған қылмыстың бірі деп есептейді. 1501 жылы Флоримунд Роберттің тапсырысымен салынған бұл картинаның ұрлануы тіпті қарапайым. 2003 жылы герцог қамалында турист кейпіндегі екі тонаушы картинаны терезеден оп-оңай шығарып алған. Тапа-тал түстегі мұндай көпе-көрінеу ұрлыққа сенер-сенбесін білмей, аңырап қарап тұрғандарға, «қам жемеңіздер, қымбаттыларым, бұл бар болғаны әзірлік шаралары, біз полиция қызметкерлеріміз», деп ауыздарын аңқитып кеткен. Дегенмен, картина 2007 жылы күзде Глазгодан табылып, Эдинбургтегі Шотландия ұлттық галереясына қайтарылды. 

Ал «Алтын Адель» немесе «Аустриялық Мона Лиза» аталған атышулы картина Густав Климттің даң­қын асырған туындыларының бірі. Атышулы дейтініміз, Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде Аустрия мен АҚШ арасындағы кішігірім жанжалға себепкер болғаны бар. Портретте бейнеленген Адель Блох-Бауэр (1881-1925) Вена банк кеңесінің бас директоры Мориц Бауэрдің қызы, бұл сәтте ол жиырма алты жаста. Соғыс кезінде қолды болған «даулы» картинаның соты жеті жылға созылып, дүрбелең уақытта АҚШ-қа қашып барып сол жақтың тұрғылықты азаматы атанған Мария Альтманға тиесілі деп үкім шығарды. Ол Адельдің немере туысы болып келетін. Аустриялық газеттерде «Ұлттық мұрамызды АҚШ асыра алмаймыз» деген сыңайдағы мақалалар үсті-үстіне жазылып жатты. Обалы қанекей, Мария Аустрия 300 миллион АҚШ долларына келіссе, «Алтын Адельді» туған өлкесінде қалдыратынын айтты. Удай қымбат бағаға қозғала қойған ешкім болмады, ақыры картина мұхит асып, сол отбасының мұрагері Рональд Лаудер Нью-Йорктағы өзінің галереясына 135 миллион АҚШ долларына сатып алады. 

2012 жылы Голландиядағы көр­кем­өнер галереясынан әйгілі өнер туын­дыларының ұрлануы өнер әлемін шу­латқан ірі оқиға ретінде есте қалды. Ұрылар Матисс, Пикассо («Арлекиннің басы», 1971 жыл) мен Моне («Ватерлоо көпірі, Лондон», 1901 жыл) сияқты әйгілі суретшілердің жүздеген миллион долларға бағаланатын картиналарын жымқырған. Ұрылардың бірі көркемсурет галереясын тонау­шыларды басқарған қылмыскер ретін­де айыпталып жатқанда, оның шешесі мо­лаға жасырылған картиналарды­ қазып алып, айғақ қалдырмас үшін пешке салып өртеп жіберген. Ұрлан­ған картиналар авангардтық өнер туын­дысын жинайтын Тритон же­ке қорының мұрасы болатын. 1991­ жылы Амстердамнан Ван Гог­тың 20 жұмысын ұрлағаннан бері Нидер­ландта мұндай ауқымды өнер туындысын тонау оқиғасы тіркелген емес. Қазақстандағы өнер галереяларында әзірге мұндай ұрлық бола қойған жоқ, соған қарағанда біздің ұрыларымыздың өнер туындыларына деген құрмет-қошеметі әсте жоғары болса керек. 

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»