Сейсенбі, 3 сәуір 2012 7:49
Ата-баба мекеніне оралған шаңырақтың кенжесі туған жерден өз тұғырын тапты
Ата-баба жұртына оралу бақыты Зағыпар ақсақалдың пешенесіне жазылмады. Көкорай шалғынына аунап, жұпар ауасымен тыныстауды аңсап өткен марқұм өле-өлгенше 9 ұл-қызының келешегіне алаңдаумен болды. Ақтық демі таусылар алдында бәйбішесі Мәниді жанына шақырып алып, соңғы өтінішін айтты. «Әкемнің туған елге қайтуды аңсап, талай түнді ұйқысыз атырғаны әлі күнгідей есімде. Көкірегі қарс айрылып, уайыммен өткізген кездері көз алдымнан кетер емес. Амал нешік, бір уыс топырақ жырақтан бұйырды. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы. Мен де күнделікті тіршілік жетегінде жүріп алға қарайлай алмаппын. Сүйегім жат жерде қалып барады.
Сейсенбі, 3 сәуір 2012 7:49
Ата-баба мекеніне оралған шаңырақтың кенжесі туған жерден өз тұғырын тапты
Ата-баба жұртына оралу бақыты Зағыпар ақсақалдың пешенесіне жазылмады. Көкорай шалғынына аунап, жұпар ауасымен тыныстауды аңсап өткен марқұм өле-өлгенше 9 ұл-қызының келешегіне алаңдаумен болды. Ақтық демі таусылар алдында бәйбішесі Мәниді жанына шақырып алып, соңғы өтінішін айтты. «Әкемнің туған елге қайтуды аңсап, талай түнді ұйқысыз атырғаны әлі күнгідей есімде. Көкірегі қарс айрылып, уайыммен өткізген кездері көз алдымнан кетер емес. Амал нешік, бір уыс топырақ жырақтан бұйырды. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы. Мен де күнделікті тіршілік жетегінде жүріп алға қарайлай алмаппын. Сүйегім жат жерде қалып барады. Тағдырдың жазуына не шара? Ең үлкен өкінішім, шыбын жанымызды шүберекке түйіп өсірген балаларымызды атажұртқа қайрылта алмағаным. Енді артқа қарайлаудың еш жөні жоқ. Елге аттаныңдар. Бар үміт шаңырақтың кішісі …» – дей берді де одан әрі сөзін жалғастыруға әл-дәрмені жетпей ауыр тыныстап қалды. Бір кезде ақтық күшін бойына жинап, нұры қашқан жанарын Аманжолға тіктеді. Асқар тау панасының науқастанып қалғанын ести сала қияндағы Қызылжардан салып ұрып жеткен ұлына ұзақ қарады. Әлденені ымдап, бірдеңе айтқысы келгендей болды. Өзіне анасы мен аға-апаларын тапсырып, атажұртқа оралу аманатын ишаралап жатқанын бірден ұқты.
Арғы аталары Алтай өңірін жайлағанын әкесінен талай естіген. Бір жаугершілік заманда мамыражай тірліктің шырқы бұзылып, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына лажсыз қоныс аударыпты. Содан тұрақтап қалыпты. Аманжолдың туып-өскен жері – Цөгцө ауылы. Қазақтар мен уранқайлар бір-бірімен қоян-қолтық араласып, тату-тәтті тұрды. Үйдің сүткенжесі болғандықтан, бәрі оны еркелетіп өсірді. Бірақ шолжалаңдап кеткен жоқ. Әке-шеше тәлімін бойына сіңіріп, намысшыл, зерек болып ержетті. Мектепті бітіретін жылы «Моңғолиядағы қазақ жастарын Қазақстанға оқуға шақырып жатыр екен» деген хабар жыл құсындай ұшып жетті.
Кешқұрым үйіне келсе, анасы да естісе керек: «Әкеңнің тілегі қабыл болғай», деп көз жасына ерік берді. Екі жүзге жуық жастың қатарында түбіт мұрты тебіндей қоймаған 16 жастағы бозбала да Қазақстанды бетке алды. Қашан шекара асып, ата-баба қонысына аяқ басқанша тұла бойын бірде сағыныш сезімі билеп, бірде өксік қысып, жан толқуын баса алмады. 2003 жылы күздің қара суығында бұлардың тобы Петропавл қаласына жіберілді. Аманжол дайындық курсында білімін жетілдіріп, оқуын одан әрі М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде жалғастырды. 2005 жылы қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін үздік бітіріп, оқытушылыққа қалдырылды. Содан бері жүрек қалауымен таңдаған кәсібін үзбей жалғастырып келеді.
Оның орысы ормандай өңірде алғаш танылуы жұртшылыққа ашық күнгі найзағайдай әсер етті. «Президент Жолдауы: Қазақстан гүлдену жолында» деген тақырыпта ұйымдастырылған рефераттар сайысының қорытынды кезеңінде сахнаға ешкімнің шақыруын күтпестен бейтаныс жасөспірім көтеріле берді. «Еңсені тіктеп тайсалмай тұра аламыз, Туыстар қуанды естіп алыстағы. Ел тізгінін ұстаған Нұрағамыз, Алғы күнге арайлы жол бастады», деп екпіндетіп өлең оқи жөнелді. Зал толы қауым қыбыр етпестен тыңдап қалды. Ол болса Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңдарын жырмен кестелеп, кесек-кесек ойларын ақбұлақша атқылатты. Бірінші дәрежелі сыйлықты қанжығасына өңгерген талдырмаш денелі, қоңырқай жүзді, қайсар мінезді жастың елім деп еміреніп, халқым деп қайраттанып келген бөлекше тұлғасы жиналғандарды риза еткені соншалық, орындарынан тұрып қол соқты.
Аманжол сонда қатты тебіренді. Туған жердің ұлылығын, қадір-қасиетін жан-тәнімен сезінді.Осы бір естен кетпес сәттен бастап халықтық, тарихи құндылықтарды насихаттауға белсене араласып, жүктелген тапсырмаларды орындауға құлшына кірісті. Қазақ студенттерінің арасында «Шабыт» театрын құрды. Оның шымылдығын белгілі журналист Жақсыбай Самраттың «Бітеу жара» романы желісі бойынша қойылған сахналық туындымен ашты. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан «Үкілі үміт» клубын ұйымдастырып, жас тілшілерді баулып шығарды. Тоқырап қалған айтыс өнерін жаңғырту мақсатымен қолына үкілі домбыра ұстап, сахнаға көтерілді. Жастайынан қара сөздің мәйегін теріп, құдыретін сезініп өскен ол суырыпсалма ақын екенін танытты.
«Нұр Отан» ХДП-ның ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында өткен додада Дулат Исабек «Сені орыстанған ортадан келді ме деп жүрсек, жас та болса біраз нәрсе үйренгендейміз», деп мақтауын келістірсе, «Мұқағали оқулары» сайысында Мырзатай Жолдасбеков оның шеберлігіне ризашылығын білдірді. Шымкентте өткен «Шешендік өнер» байқауынан жүлдемен оралды. Халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, ел Тәуелсіздігіне арналған жырларын үкілеп қосты. «Мазасыз түндер» жыр топтамаларын оқып, 90 үміткердің арасынан дипломант атанды. Айтулы жыр додасына бірінші рет қатысқанына қарамастан, Фариза Оңғарсынова, Серік Ақсұңқарұлы секілді аузы дуалы ақындар құраған қазылар алқасы оның шығармашылығын жоғары бағалады. «Өлеңім – өмірім, өмірім – өлеңім» атты тырнақалды жыр кеші де студенттер аудиториясында жақсы жарасым тапты.
Оның ең сүйікті ісі – өлең жазу. Асабалық өнері өз алдына. Қашан көрсең де асығып жүргені. Оны кездестірген сайын жақсы жаңалықтарға қаныға түсемін. Бірде кітапханада ұшырасып қалдым. Бәйтерек ауылынан үш бөлмелі үй алғанын шаттана жеткізді. Тағы бірде жүзі балбұл жайнап, қуанышын бөліскенше асықты. Сөйтсе, анасы мен ағасы Нұрланның отбасын Моңғолиядан көшіріп әкеліп, түпкілікті орнықтырыпты. Қалған бауырлары квота кезегін күтіп отырған көрінеді. Тағы бір кездескенімде өмірлік жан жарын тауып, шаңырақ көтергенін айтып, мәз-мейрам етті. Жуырда тағы жолығысып қалдық. Аңқылдаған қалпы жанындағы жолдастарын таныстырып жатыр.
– Аға, ана бір жылдары Моңғолиядан Петропавлға оқу іздеп 30 жігіт келіп едік қой. Содан тұрақтап қалған азаматтар осылар. Төртеу болсақ та ашсақ – алақанбыз, жұмсақ – жұдырықпыз, жұбымыз жазылған емес. Бұлар да баспаналы, үйлі-баранды болып, ел игілігі жолында еңбек етіп жатыр. Туған жердің төсінде алшаң басып жүргеніміз Тәуелсіздіктің арқасы ғой.. Әйтпесе кім білсін,.. – деп алға ұмсынған күйі ойланыңқырап қалды.
Олар менен ұзай берді. Алдарында әке аманатын арқалап, туған жерге туын тіккен оғлан бауырымыз кетіп барады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы.