• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Кино 14 Ақпан, 2019

«Айка» – қазіргі қоғам шындығы

516 рет
көрсетілді

Жарыққа шықпай тұрып-ақ атағы жаһанды шарлап кететін фильмдер болады. Ал аяқталмаған өндірістік нұсқасын ұсынып, жалғыз кадрымен әлемнің ең беделді сыйлығын еншілеп, байқаудың ережесіне ғана емес, күллі адамзаттың санасына сілкініс жасайтын туынды сирек. Режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміне екінші тағдыр бұйырыпты.

Францияның әйгілі Канн кино­фестивалі сараптау алқа­сының назарын бірден өзіне бұр­ғызған сиқыр – басты рөлдегі актрисаның экраннан жарқ еткен отты жанары еді. Фильм атауымен аттас кейіпкердің қиын да қайшылықты тағдырын кемеліне келтіре кейіптеп, жаһан назарын жаулаған қазақ қызы Самал Еслямованың өнердегі бағын ашқан бұл фильмді көрермені де ұзақ күтті. Күні кеше Астанадағы Saryarka кинотеатрында өткен премьераға жиналған халықтың ыстық ықыласы соның айғағы.

Өнердің мүмкіндігі шексіз. Кейде көркемдігімен, енді бірде шынайылығымен баурайды. Ал «Айкада» кино тілінің осы екі тәсілі қатар сөйлейді. Режис­сер мен актрисаның тереңнен ұғыс­­қан тандемі бірден менмұн­да­лай­ды. Кино сценарийі де бас­ты рөлдегі актрисаның бар мүм­кіндігін ашуға бағытталып жазыл­ғандай. Самал кейіпкеріне, кейіп­кер Самалға айналып кеткен. Арасын бөліп, шекарасын анықтау мүмкін емес. Ұлы Абай­ша айтсақ, айналасы теп-тегіс жұмыр шығыпты. Сырттай зерделесең де, әңгімеге тарта кетсең де қазақы биязылығынан бір танбайтын нәзік бойжеткен ішкі психологиялық текетіресте адам танымастай өзгеріп келеді. Бұл әсіресе кино актрисасы үшін таптырмас қасиет. Самалдың фильмдегі ізденісі соның дәлелі. Экраннан жарқ еткен тазалық пен мұң қатар қон­ған отты жанар Көк пен Жер­дің бір-біріне қабыспас кеңіс­тігін біртұтас әлемге айналдырып жібергендей. Өнер деген осы болса керек.

– Актерге туабітті таланттан бөлек, мінез де қажет. Самалдың бойында қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қайсар да өжет мінез бар. Сырттай өте нәзік көрінгенімен, ішкі қуаты мықты. Самал жарқ-жұрқты бас­ты планға шығарған иллюстратор емес, шын мәніндегі сезімнің актрисасы. Осы тұрғыдан келгенде біз жақсы түсіністік, – дей­ді актер таңдау процесінен сыр шерткен режиссер Сергей Дворцевой.

Күнкөріс қамымен Мәскеу­ге қоныс аударып, тұрмыс­тың түрлі қиындығына шыда­май туған баласынан бас тартып, пер­зент­ханада қалдырып кетуге мәжбүр болған қырғыз қызы­­ның тауқыметті тағдыры баян­­далатын фильм жат елде заңсыз жалдамалы жұмыс іс­тейтін жандардың қиын да қай­шылықты өмірін боямасыз су­реттейді. Статистикалық мәлі­метке сүйенер болсақ, Мәс­кеу­ге қара жұмыс істеуге барған 250-ден астам қырғыз әйелі тұр­­мыс тауқыметін жеңе алмай, сә­биін перзентханаға тастап кет­кендігі жөнінде ақпарат бар. Осы деректі негізге алған режис­сер өз фильмінде жалданушы­лар мен олардың еңбегін қанау­шылардың өмірін сырттай сурет­теумен ғана шектелмейді. Сол күйді басынан кешіп жүрген қырық шырақты әйел жанының бар қатпарын, мұңы мен зарын Айка тағдыры арқылы ақтарып салады. 

Фильм ауыр әлеуметтік, тұр­мыс­тық мәселені көтере­тін­дігіне қарамастан, қарабайырлыққа ұрын­баған. Кино тіліне тән көр­кем­дігін сақтап қалған. Көше­дегі қар-батпақ араласқан бей-берекет әлем, оны фильм бойы үздіксіз тоқтамай таптай­тын темір көліктер қатігез қоғамдағы тап теңсіздігін, адам жанының екінші адам аяғымен аяусыз тапталуын аллегория тілінде сәтті шендестіреді. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» дей­тін Абай мұраты тым-тым алыста қалыпты. Қолға ұста­ған иті мен мысығының алды­на бар жақсысын тосып, тіп­ті дәрігерге дейін апарып мәпе­лей­тіндерге қолын созып, кө­мек сұраған адамның қиын күйі шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Итінің күшігін далаға қаңғыртпайтын адам, шімірік­пес­тен перзентін далаға тас­тап жүре береді. Парадокс! Біз сон­дай қоғамда өмір сүріп жа­тыр екенбіз. Айка тағдыры арқы­лы режиссер осындай ойға жетелейді.

– Фильмінің түсірілім жұмы­сы ұзақ әрі қиын жолдан өтті. Табиғаттың әр құбылысына сай эпизодтарымыздың көркем­дігі мен шынайы шығуына мән бере отырып, жұмыс істедік. Әри­не, бұл жерде ең көп салмақ бас­ты рөлдегі актриса Самалға түсті. Қар аралас жаңбырда, боранда түсірілім жасадық. Тоңу, аяқтан су өту секілді қиындықтарға төзу ғана емес, актерлік ойынды да өз деңгейінде алып шығу керек болды. Оның үстіне фильмнің жанры да ауыр. Осы қиындықтар­дың барлығын еңсеру жолын­да Самал аянбай тер төкті. Тіп­ті қырғыз тілін, өмір сүру салты мен жалпы ұлттың менталитетін зерт­теу мақсатында бірнеше ай Қырғызстанға да барып өмір сүріп көрді. Мұның барлығы үлкен еңбек, – дейді режиссер. 

Иә, еңбек бар жерде жеңіс­тің де қатар жүруі заңды. Өт­кен жылы Халықаралық Канн кино­фес­тивалінде үздік актриса атанған Самалға бүгін туған елі қоше­мет көрсетті. Өнер иесінің экран­дағы шына­йы ойыны көру­шісін бей-жай қал­дыр­мады. Көрсетілімнен әр­қ­ай­сысы жекелей ой арқалап шық­қан көрермен көзінен соны аңдадық. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»