• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Ақпан, 2019

Қолжетімді баспанамен қамтуда қозғалыс бар

4391 рет
көрсетілді

«Президенттің 5 бастамасы» бойынша аймақтарға бірнеше жауапты міндет жүктелген болатын. Соның бірі әлеуметті қол жетімді баспанамен қамту еді. Осы мақсатта Үкімет «7-20-25» бағдарламасын қабылдап, арзандатылған несие шарты бойынша тұрғын үй салуға кірісті.

Елбасы жүктеген міндет Алматы облысында нақты жүзеге асып жатыр. Мысалға, биыл «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында 3,8 млн шаршы метр болатын баспана салынады. Бұл ұзын-саны 103,7 мың пәтерден тұратын 2509 көп қабатты үй болмақ. Қазір құрылыстың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жасауға 2,1 млрд теңге қаржы бөлінген.

Сондай-ақ, студент жастарды  жатақханамен қамтуға байланысты бастамада ілгерлеушілік бар. Бүгінде аймақта  2218 студентке арналған  11 жатақхана салу жұмыстары қолға алынды. Қазір құрлысқа қажетті  жер учаскелері белгіленген. Ал наурыз айында Талдықорғанда  288 орынға лайықталған жатақхана пайдалануға берілмек. Мұнан бөлек облыс орталығында Студентер үйі де  ашылғалы жатыр. Бұған дейін қаладағы «сақалды құрылысқа» айналған көп қабатты ғимаратты жастардың қонысына лайықтап қайта жаңғыртып, күрделі жөндеу жұмысын жүргізу басталды. Ғимаратта студенттердің жақсы білім алуы мен тынығуына қажетті жағдайдың барлығы қарастырылуда. Мұнда 3 адамға арналған 96 бөлме жабдықталып, кітапхана, асхана, шағын кино залы, медицина пункті және студенттердің жеке қызығушылығына байланысты түрлі шеберханалар да ашылмақшы.

Жалпы, тұрғындарды «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша азаматтардан жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 197 өтініш қабылданып, оның 113 өтінімі екінші деңгейлі банктер тарапынан мақұлданды. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, аймақта тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Әсіресе, өңірдің Алматы қаласы маңындағы аудандарында бұл сұраныс екі есеге дейін өскен. Жалпы, «7-20-25» бағдарламасы аясында Талғар, Іле, Қарасай, Панфилов аудандары мен Қапшағай, Талдықорған қалаларын қоса алғанда жаңадан 26 тұрғын аудан бой көтереді деп жобаланып отыр.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы