Сенбі, 28 сәуір 2012 1:22
Ері елі үшін қызмет ететін, елі ерін ардақ тұтатын заман, шын мәнінде, егемендік алғаннан кейін орнады. Соның нақты көрінісіндей тәуелсіздік жылдарында небір жайсаң жігіттер ерен еңбегімен ерекшеленді. Солардың қатарында еліміз тәуелсіздік алысымен құрылған Қарулы күштеріміздің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан сардарлар қатарында генерал-лейтенант Болат Жанасаев та тұр десек, артық айтқандық емес. Қарулы Күштердің 20 жылдығы қарсаңында біз Болат Бақытжанұлының ғұмырлық таңдауы мен бақытына айналған тағдырдың сыйы іспеттес болған әскери қызметі, жүріп өткен жолы, қалдырған ізі, өнегесі мен еңбегі туралы ой бөліскен едік.
Сенбі, 28 сәуір 2012 1:22
Ері елі үшін қызмет ететін, елі ерін ардақ тұтатын заман, шын мәнінде, егемендік алғаннан кейін орнады. Соның нақты көрінісіндей тәуелсіздік жылдарында небір жайсаң жігіттер ерен еңбегімен ерекшеленді. Солардың қатарында еліміз тәуелсіздік алысымен құрылған Қарулы күштеріміздің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан сардарлар қатарында генерал-лейтенант Болат Жанасаев та тұр десек, артық айтқандық емес. Қарулы Күштердің 20 жылдығы қарсаңында біз Болат Бақытжанұлының ғұмырлық таңдауы мен бақытына айналған тағдырдың сыйы іспеттес болған әскери қызметі, жүріп өткен жолы, қалдырған ізі, өнегесі мен еңбегі туралы ой бөліскен едік.
– Болат Бақытжанұлы, сонау балаң жігіт шағыңызда И.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери училищесіне оқуға түскенде сол кездегі ел басшысы Дінмұхамед Қонаев оқу орнына келген екен. Сонда сіз Димекеңнің алдында сөз сөйлеу құрметіне ие болыпсыз. Сол бір сәтті еске түсіріп көріңізші.
– Ол кезде басшының алдында қазақша сөйлейтін курсант табу қиын еді. Содан көпшілік арасынан мені таңдады. Әскери оқытушылардың жазып берген «жалынды» сөздерін жаттап, күндіз-түні дайындалдым. Көптен күткен күн де келіп, мінберге көтерілгенде жаттаған сөздердің бәрі далада қалды. Дегенмен, әйтеуір ел қорғау үшін оқып жатырмыз дегенге саятын сөздер тіл ұшына оралды.
Мінберден қалай түскенім, жиынның немен біткені есімде жоқ. Бір кездері «училище бастықтары дереу келсін деп жатыр» деген хабар жетті.
Училищенің бас корпусы алдында оқу орнының генералдары Д.А.Қонаевты ортаға алып, суретке түскелі тұр екен. Мені көрген Димекең: «Ел қорғаймын деп оқып жатқан курсант бері кел, болайын деп тұрған бала осындай болуы керек», деп қасына шақырды. Үлкен жүректі, қамқор көңілмен айтқан Димекеңнің осы бір ауыз баталық тілегі әке сөзіндей қатты әсер етті. Жақсы оқуыма жаңа серпін берді. Димекеңмен бірге түскен сол сурет отбасылық альбомымда бойтұмардай әлі күнге сақтаулы тұр.
– Еліміз тәуелсіздік алатын тұста Ішкі әскердің әскери бөлімін басқарып жүріп Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайландыңыз. Елбасы қатысуымен өткен бір мәжілісте Қарулы Күштердің сол кездегі жай-күйі мен жарақталу деңгейін, ұлттық кадрлармен жинақталу мәселелерін ортаға салған екенсіз.
– Иә, елдің қорғанысы мен қауіпсіздігі саласындағы қандай мәселені де назардан тыс қалдырмайтын Елбасы сонда менің пікірімді қолдайтынын айтып, бұл жөнінде Жоғарғы Кеңес пен Үкімет шешетін міндеттерді атап көрсетті. Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы құрылымдары еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен, тікелей қатысуымен құрылды. 1992 жылдың 10 қаңтарында Ішкі әскерлер және сол жылдың 7 мамырында Қарулы Күштер туралы Жарлыққа қол қойылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғарғы Кеңес депутаттарымен жиі кездесіп, осы құрылымдар туралы заңнамалық құжаттар мен әскерилердің әлеуметтік жағдайларын жеңілдіктермен қамту мәселелерін де үнемі бақылап отырды.
Көп ұзамай 1992 жылдың 3 шілдесінде мен Жоғарғы Кеңестің кезекті отырысында Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы болып сайландым.
Екі жылдай уақыт ішінде Жоғарғы Кеңес Елбасының ұсынысымен бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Бір ғана қауіпсіздік саласында ішкі әскерлер туралы, қорғаныс туралы, жалпы әскери міндеттілік пен әскери қызмет, әскери қызметшілердің зейнеткерлік қамтамасыз етілуі және басқа да әскерилерге қажетті заңдар қабылданып, тәуелсіз ел әскерінің құрылуы мен қалыптасуына жол ашып берді. 1994 жылдың наурызында өткен Жоғарғы Кеңестің он үшінші шақырылған сайлауында қайтадан депутат болып сайландым.
Ал 1994 жылғы 21 қыркүйек күні Президент Н.Ә.Назарбаев қатысқан мәжіліс өтті. Мәжіліс біткен соң Елбасы шақырып алып, Ішкі әскердің қолбасшысы етіп тағайындау ойы бар екенін айтты. Сол жылы желтоқсан айында Елбасының Жарлығымен маған жоғары әскери атақ – генерал-майор шені берілді.
– Ішкі әскердегі қызметті осылай жауапкершілікпен атқаруыңызға орай 2001 жылдың наурыз айында Елбасының Жарлығымен Республикалық ұланның қолбасшысы болып тағайындалуыңыз да үлкен жетістік еді.
– Иә. 2001 жылдың 10 шілдесінде, мен мұнда келгеннен кейін 4 ай өткен соң Елбасы Республикалық ұланға келіп, екі бөлімшеге Жауынгерлік ту тапсыратын болды. Жан-жақты дайындалдық. Елбасы бөлімшелердің жеке құрамы орналасқан жайларды, емделу орындарын және жаттығу алаңдарын аралап көрді. Жаңадан алған жаттығу техникалары мен қару-жарақтардың сынағын байқады. «Оқу-жаттығуға жағдай жасалған екен, әлеуметтік-тұрмыстық жайларды жақсарту үшін қандай қолдау керек?», – деген Елбасы сұрағына: «Жас әскери отбасыларға арналған шағын жатақхана болса жақсы болар еді, бірақ аумағымыз тарлау болғасын, мүмкін болмай тұр», деп жауап бергенмін. Сол арада бірге жүрген Астана қаласы әкімінің орынбасары Фарид Галимовке бірден тапсырма берілді.
Көп ұзамай ұландықтар үшін үлкен казарма мен шағын жатақхананың құрылысы басталып, сәтімен бітті.
– Сенім үдесінен шығу қашан да абыройлы іс. Елбасы сіздің Республикалық ұланға сіңірген еңбегіңізді жоғары бағалады. Дегенмен, ішкі әскерге қайта оралуыңыздың сыры неде еді?
– Оны Елбасының сөзімен айтсақ, 2002 жылдың қаңтар айында шақырып алған Президент: «Ұланның алдына қойған міндеттерді нағыз қолбасшыға сай орындап шықтың. Енді өзің жақсы білетін ішкі әскерлерге жаңа міндеттер жүктегелі отырмын сондықтан ішкі әскерге қолбасшы етіп тағайындау туралы шешім қабылдадым», деді.
Содан Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығын бұлжытпай орындауға кірістік. Ішкі істер министрлігі мен ішкі әскерде қолға алынған реформаның нәтижесінде әскердің жауынгерлік әзірлігі, техникалық және тылдық қамтамасыз етілуі жақсы жолға қойылды. 2003 жылдың мамырында Елбасы Жарлығымен ІІ-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым. 2003 жылдың күзінде Президент Қарулы Күштердің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тізгінін ұстатты. Халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығулар, өңірге лайық оңтайлы құрылымдардың жауынгерлік әзірлігін дамыту, жаңа қару-жарақ техникаларын сынақтан өткізу, мұның бәрі Қарулы Күштерімізді нығайтуға арналған бағыттар екені анық. Осы істердің басы-қасында жүріп, жүктелген тапсырмаларды бұл жолы да абыроймен орындап шықтық.
– Бұдан кейін де көптеген қызмет тізгіні сізге сенім артылып берілгенін білеміз.
– Иә, 2004 жылдың қараша айында жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрінің орынбасарлығына тағайындалдым. Кенеттен болатын табиғат апатына қарсы тұру, оның зардаптарымен күресу, қиындыққа ұшыраған тұрғындарға дер кезінде қол ұшын созу шын мәнінде нағыз әскерилердің қолынан келетін шаруа.
Арада екі жыл өткен соң Президент Қорғаныс министрінің орынбасары етіп тағайындау туралы шешім қабылдады. Бұған дейін бірнеше қолбасшылық, лауазымдарды, Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары болып қызмет атқарғанымен бұл шынында да күтпеген ұсыныс еді. Сөйтіп, Елбасы тапсырған бұл міндетті де ойдағыдай орындап 2007 жылдың 7 мамырында маған Президент Жарлығымен генерал-лейтенант шені берілді.
– Болат Бақытжанұлы, жоғарыда аталған қызметтеріңізде талай ұлы тұлғалармен кездескеніңіз анық. Сондай естен кетпес кездесулердің бірі туралы айтып берсеңіз.
– Республикалық ұланның қолбасшысы болып жүргенде Қазақстанға келген Рим Папасы Иоанн Павел II-ні қарсы алу рәсімі болды. Сондай-ақ Үндістан президенті Шанкар Даял Шарм және АҚШ-тың Индиана штатынан сайланған сенаторы Ричард Лугармен болған кездесулер де өз алдына бөлек әңгіме. Қазақстанның Төтенше жағдайлар вице-министрі болып тұрғанда Ресейдің сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі С.Шойгумен жүздесу де есте қалды. Әскерилерге келіп отансүйгіштік және патриоттық тақырыпта әңгіме айтқан Халық Қаһарманы жезтаңдай әнші Р.Бағланова, атақты спортшы В.Фетисов және басқа да елге танымал адамдармен кездесулер де жұртшылық айта жүретін жылы жүздесулер болғаны сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.