Қоғамдағы құндылықтардың өзгерісі, тіпті кеше ғана құрметтеп келген қарапайым түсініктердің заматта өңі айналып, орнын басқа ұғымдар алмастыра бастағанын күнделікті өмірде сезіну бір басқа да, театр сахнасынан көзбе-көз көру тым қорқынышты. Күн сайын қорланып жататын қазақ тілінің қорғансыз мүшкіл халі мен ұстаз деген ең аяулы мамандық иесінің құлдырап кеткен беделінің ортасында белден басылған қоғамның біршама шындығы жинақталған қойылым «қайда кетіп барамыз?» деген сұрақты көлденең тартады.
«Құпия» атты жаңа премьераны сахнаға шығарып отырған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахна үшін, жалпы театр өнері үшін айналып өтетін жабық тақырып болмайтынын жеріне жеткізе көрсетті.
Бұған қоса, заманауи драматургия тағы бір тың тақырыппен толықты. Құлдырап бара жатқан құндылықтардың қандай жылдамдықпен жоғалып бара жатқанын құпиялап айтуды жөн көрген драматург Жәнібек Әлікеннің шындығы Ерлан Кәрібаевтың режиссурасында барынша батыл сахналанды. Айта кету керек, «Құпия» қойылымы белді актерлердің бірінен саналатын Е.Кәрібаевтың театрда жасақталған өз зертханасының аясында дайындалған эксперимент дүние. Мазмұны терең, оқиғасы шымыр, сөзі аз қойылымның режиссерлік жағынан қалыпталуында жаңалық бар. Жалпы, қойылым режиссері жеткізгісі келген көп ойды пластикалық тәсілмен, «STEP» деп аталатын өкшемен өрнектелетін аяқ биі арқылы айқын шешімдер табуға ұмтылған.
Көпшілік сахнасымен дайындалған қойылымда үш-төрт қана дара рөл бар, ал оқиға өрістей келе жалғыз ғана образ айқындалып шығады – ол орыстілді аудиторияға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Арман мұғалімнің бейнесі. Арманның рөлін кейіптеген Дархан Сүлейменов – кейіпкержанды актер. Намысты, жігерлі. Туған тілін табанына салып таптағысы келетіндерге намысын қарсы қоя алатын рухты жан. Алайда, ақылы бөлімде оқитын студенттердің есебінен колледж ашып алған директоры Жаңабай Асылханович (актер Бейбіт Камаранов) үшін намыстан гөрі өз пайдасы басты орында. Студенттер төбесінен төмен қарай қоқыс төгіп жатса да, «сенікі дұрыс» деген ұстанымнан айнымайтын директорға намыс, ізгілік, құрмет деген ұғымдардың құны қара бақыр. Олардың бүкіл оспадарлығына көзін жұма қарап, мұғалімдердің де тіліне тұсау салып қойған. Көз алдындағы күллі әділетсіздіктерге еті үйренген шарасыз ұстаз билікке қарсы келе алмайды. Тек ол тұсаудың символикалық көрінісі әр мұғалімнің басына кигізілген кілті бар темір тәжде тұр. Темір тәжді аша алатын құдірет иесі кім? Құпия. Тіл – сананың құралы, санадағы құлдық сезім, материалдық дүниеге тәуелділік ұстаздың адымына да, тіліне де тұсау болып салынған. Тоғышар мекеме басшысының кесірінен бір өзі төрт пәннен сабақ беруге мәжбүр қағазбасты мұғалім бұғауды үзгісі келіп бұлқынғанымен, тілін тістеп, мекеме басшысы мен студенттің құлы болып жүре бергеннен басқа амалы жоқ. Ұстаздың бейшара халге түскені бәріне тиімді, міскін халге жеткен мұғалім мекеме басшысын көргенде алдында қалай билеп кететінін өзі де білмейді. «Қазақ тіліне түкіргенім бар!» деп ұстаздың өзіне айбат шегетін бай баласы Русланның әрекеті Арман үшін қауіпті құбылыс болғанымен, директор үшін қалыпты жағдай. Ана тіліне аяусыз соққы болып тиетін мұндай сөзден сүйегі сырқыраған Арман тәрбиесіз студенттің жағасынан алғанда, орыстілді өзге студенттер жабылып телефонға түсіріп, жалма-жан таратып, мұғалімді масқараламақ. Қоғамдағы Русландар мен колледж директоры өзінен биік мансаптыға ғана бас ұрып үйренген, ал еден жуушы оларға ешкім емес, оның еңбегін олар ешқашан құрметтемек емес.
Өз мақсатына жету жолында адамдар барлық шекарадан шімірікпей аттайды. Бұрын биік лауазым, көп ақша, шалқыған байлық үшін күрессе, қазір аспан астында шөкімдей өз орныңның болғаны үшін күресесің. Жай ғана ауа жұтып, тіршілік кешу үшін солай тырбануға тура келеді. Ал бұл үйреншікті жайтқа айналған үрейлі құбылыс қоғамға қалай келді? Әділетсіздікті көре тұра дәрменсіздік танытатынымыз қалай? Бізді басқарып отырғандардың алдында мақсатымыз бен мінезімізді өзіміз бағындыра аламыз ба? Тәуекеліміз жете ме, осыған әлде толықтай тәуелдіміз бе? Қойылым мұның бастауы жоғарыдағы билікте жатқанын колледж ішіндегі кішкентай көрініс арқылы сұқ саусағымен безеп тұрып көрсетеді. Рух әлсіздігі, сана төмендігі, адам факторының аяқасты болуы, құлдық сезімнің нәтижесі – өсіп келе жатқан мына Русландар.
Жақсы қойылым несімен жақсы? Ең алдымен, өзектілігімен, өзіміз куәсі болып отырған қоғамның өткір мәселесін өткір қозғай алуымен өтімді. Бас кейіпкеріне жаны ашып, аяушылықпен қарай алатын Е.Кәрібаев әрбір ұсақ деталіне дейін мән бере қарап, материалмен жанын сала жұмыс істегені жақсы байқалды. Бас кейіпкерінің жан дүниесін түсініп, аялап қарамағанда, спектакль көрерменге де қызықсыз болар еді. Арман да ақыры жағымпаз жұрттың бәрі мақтанышпен жарқыратып киетін «тұсауды» басына киіп көрмекке оқталды, бірақ ноқтаға сыймаған басқа тұсау тіпті тар келеді екен, намысы жібермеді, кие алмады. Басындағы «тұсау-тәжге» топ кілттің нешеуін салып бұрап ашып, жанұшырып санасын азат етіп, тәуелсіз бостан тұлға болғысы келгенімен қайран жоқ. Анау жүрген өзге кейіпкерлерді де – мұғалімдерді еш кінәлай алмайсың. Мұғалімдердің колледж директорының табанының астында билеп жүргеніне, студенттерге жайылып жастық, иіліп төсек болатынына кінәлап қараудың қажеті жоқ. Олардың әрқайсының өзін ақтап алатын мың сан шындығы бар. Бас шұлғып, құлдық ұрғаннан басқаны білмейтін мұғалімнің әрбірі – өмірдегі мың сан адамның сахнадағы мини мысалы. Арманды жай ғана кейіпкер десек, тым төмендеткеніміз – ол өмірдің тұтас бір қырын көтеріп тұрған шындықтың өзі. Қоғамда қағажу көріп келе жатқан қазақ тілі сияқты Арман ұстаз да тоғышар тобырдың құрбаны, оның ұлағатты мәртебесі ана тілін білмейтін, білгісі де келмейтіндердің алдында тізесін бүгіп жер болып, жеңілуге мәжбүр.
Қойылымның мәреге жеткен кезінде Арманның орнын жағымпаз болуға жұлқынып әзір тұрған жылмырайған жаңа мұғалім келіп алмастырды. «Тұсау-тәж» басына қона кетті. Өзі өкше бидің асқан шебері болып шықты. Екіленіп, еденді езіп билеген сайын табанының астына түсіп жаншылған туған тілдің жансебіл дауысы құлаққа жыламсырап жеткендей болады. Жүректің түбінен әлдене қопарылып түсті. Музыкамен әрлеген Ұшқын Жамалбектің әсерлі дауыспен салған әні әлгі сезімді әуелетіп бара жатты.
Көрермен қандай ұрпақтың өсіп келе жатқанын көзімен көрді. Бұл қойылым үлкен өмірдің алдында тұрған, жоғары, орта оқу орнында оқып жүрген жас буынға сөзсіз ой салады. Оларға ненің жақсы, ненің жаман екенін нұқып айтудың қажеті жоқ. «Құпия» ізгілікті өлтіріп, құндылықтарды құлатқанда, нәтижесінің қандай болатынын нұсқап тұр. Сен – жас жігіт, сұлу бойжеткен, осы кейіпкерлер сияқты болғың келе ме? Таңдау – өз еркіңде.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ