Бейсенбі, 17 мамыр 2012 7:53
Өңірімізге Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Григорий Пинчук, жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері: Лео Шин, Еркінбек Аязбаев бастаған «Достық керуені» тобының мүшелері келіп, облыс орталығындағы «Достық үйінде» кездесу өткізді. Екі облыс өкілдері қатысқан бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары Арын Өрсариев, облыстық мәслихаттың хатшысы Манап Көбенов, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Бейсенбі, 17 мамыр 2012 7:53
Өңірімізге Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Григорий Пинчук, жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері: Лео Шин, Еркінбек Аязбаев бастаған «Достық керуені» тобының мүшелері келіп, облыс орталығындағы «Достық үйінде» кездесу өткізді. Екі облыс өкілдері қатысқан бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары Арын Өрсариев, облыстық мәслихаттың хатшысы Манап Көбенов, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Қонақтардың айтуынша, жалпы еліміз бойынша облыстар арасында алғаш рет «Достық үйі» Шығыс Қазақстанда, Өскемен қаласында ашылыпты. Биыл оның құрылғанына 20 жыл толған. «Біздің еліміздегі ынтымақ пен бірлік, тұрақтылық – ортақ мүддеміз. Тұтастыққа сызат түсірмей сақтау үшін баршамыздың мақсатымыз бір жерден шығуы керек», дейді «Достық керуенінің» мүшелері.
Шығыс Қазақстан облысында бүгінде 9 достық үйі мен 82 этномәдени бірлестік өз жұмысын жүргізуде. Ұлтаралық тұрақтылық пен келісімді сақтау жолында айтулы шаралар жүзеге асырылып келе жатқан өңірден келген делегация сапарының мақсаты – басқа өңірлердегі орталықтармен тәжірибе алмасу, араласып, барыс-келіс жасап тұру.
– Біздің өңірде де шығысқазақстандықтар сияқты тұрақтылық пен ынтымақты нығайта түсу мақсатында бірқатар игілікті істер атқарылып жатыр. Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында алға қойған міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асыруда бірлескеніміз абзал. Осы орайда, бүгінгі екі өңірдің өкілдері ынтымақтасып, жүздесіп отыруы айтулы шара болып табылады, – деді облыс басшысының орынбасары Арын Өрсариев.
Павлодар облысында да еліміз бойынша тұңғыш рет ұлттық жаңғыру мектебі құрылып, онда бүгінде жүздеген әртүрлі ұлт өкілдері – шәкірттер оқып білім алуда. Отырыс барысында екіжақты тәжірибе алмасып, ынтымақтаса жұмыс жүргізудің маңыздылығы сөз болды. «Достық керуенінің» ары қарай жалғасатындығы да айтылды. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарушы хатшысы Еркінбек Аязбаев:
– Біз бүгін «Достық керуенінің» эстафетасын павлодарлықтарға табыстап отырмыз. Ендігі кезекте сіздер келесі өңірлерге осынау тұтастықтың туын желбіретіп жеткізулеріңіз қажет. Бір үйдің балаларындай берекелі, мерекелі күн кешуіміз үшін осындай шаралар қажет. Жылы шыраймен қарсы алғандарыңызға ризамыз, – деді.
Шығыс Қазақстан облысының ҚХА өкілдері «Достықтың жол картасы» акциясын өткізу, сондай-ақ ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту бойынша этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыру, өңірлердің этномәдени бірлестіктерімен байланыс орнату, шығармашылық ұжымдары мен халық өнерінің шеберлерін таныту жайлы әңгімелеп берді.Сонымен қатар, «Достықтың жол картасы» бағдарламасы аясында дөңгелек үстелдер, баспасөз мәслихаты, шығармашылық және қолданбалы өнер көрмесі, гала-концерттер ұйымдастырылатын болады.
Біздің облысқа дейінгі жолды шығысқазақстандықтардың «Достық керуені» облыстағы 9 «Достық үйінің» ең жасы болып саналатын Дегелең даласында орналасқан Курчатов қаласындағы «Достық үйінде» 24 сәуірде бастаған екен. Керуен Астана қаласының туған күнінде еліміздің барлық этномәдени ұйымдары өкілдерінің бас қосуымен аяқталады», деді Өскемендегі «Достық үйінің» директоры Эльдар Төлеубеков.
Кездесу соңы Естай ақын атындағы қалалық мәдениет сарайында Шығыс Қазақстан облыстық «Достық үйі» өнерпаздарының концертіне ұласты. Көрші өңірдің тыныс-тіршілігін көрсететін көшпелі көрме ашылды. Ендігі «Достық керуен» жолын павлодарлықтар Қарағандыға жеткізеді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар.