Түркістан қаласында жастар жылына орай, көпфункционалды заманауи «Жастар ресурстық орталығы» ашылды.
Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев пен Қоғамдық даму вице-министрі Ж.Омарбекова, сонымен қатар депутаттар, қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ аудан қала әкімдері, басқарма басшылары, республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарының басшылары және өңірдің 200-ден астам белсенді жастары келді.
Орталықтың ашылуымен құттықтаған облыс әкімі жастарды еркін пікір алмасуға шақырды. «Осы кездесудің алдында мен жаңадан ашылған ғимаратты аралап, танысып шықтым. Мұнда жастардың жан-жақты дамуына, бойындағы өнері мен қабілеттерін арттыруына толық жағдай жасалған. Мысалы, кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге Коворкинг алаңы, ІТ-park, заңгерлік кеңестер қарастырылған. Сонымен бірге еріктілер клубы, «Жас сарбаз», электронды кітапхана, тілдер мектебі, интернет желісі, мәжіліс залы, спорт алаңшалары және тағы басқа игіліктер бар. Бұл – сіздер үшін жасалған үлкен қолдау. Енді осы жастар орталығында өрендеріміз өз-өздерін дамытып, білімдерін шыңдаулары қажет», – деді Ж.Түймебаев.
Жастар орталығы – бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Орталықта көптеген жастар клубтары, мектептер мен үйірмелер жұмыс істейді. Сондай-ақ, ғимарат ішінде «relax zone» демалыс аймағы, сыртқы бөлігінде футбол, волейбол, баскетбол, теннис ойнауға арналған спорттық алаңшалар орналасқан.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы